Бабалар аңсаған Тәуелсіздік
qarmaqshy-tany.kz Биыл еліміздің Тәуелсіздік алғанына 32 жыл толып отыр. Тәуелсіздік – қасиетті ұғым. 1991 жылдың 16 желтоқсаны - егемендігін алған еліміз ұлты мен ұлысын, салты мен дәстүрін, тілін, мәдениеті мен экономикасын дербес дамудың дара жолына салған күн ретінде тарихымызға енді.
Желтоқсанның ызғарына қарсы тұрған жастардың жалынды рухы мен елдің ерен еңбегі арқасында көк туымыз көкте желбіреген, керегесі кең мемлекет болып қалыптастық. Міне, содан бергі уақытта жеткен жетістігіміз аз емес, төрткүл дүние таныған ел болдық.
Ұлт мүддесін, тілін, ділін қорғауда халқымыздың рухы көтерілді. Ендігі жерде әрбір перзенттің басты парызы - адал еңбегімен мемлекетке қолдау көрсету.
Айтулы мерекеге орай Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Қармақшы аудандық филиалы бастауыш ұйымдарда қазақ тілінің мәртебесін көтеруге белсенді атсалысып жүрген бір топ тіл жанашырларын қабылдап, мерекелік кездесу өткізді. Кездесуге аудандық филиалдың алқа мүшелері Қармақшы ауданының Құрметті азаматтары, Ә.Құлдүйсенов, Ш.Құндақбаев және «AMANAT» партиясы Қармақшы филиалының атқарушы хатшысы Д.Буханов, аудандық Мәдениет және спорт бөлімінің әдіскері Б.Қайырбаев, аудандық қоғамдық даму бөлімінің маманы Ә.Бүркітбаева және аудандық филиалдың бастауыш ұйым төрағалары, тіл жанашырлары, БАҚ өкілдері қатысты.
«Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының төрағасы Г.Раева бабалар аңсаған тәуелсіздіктің құндылығын айтып, сонымен бірге аудандық филиалдың жұмыстарына тоқталды. Тіл белсенділері мен жанашырларының қатысуымен кент орталығындағы бірнеше көшеде орналасқан кәсіпкерлік нысандардың көрнекі ақпараттарына мониторинг жасап, бірнеше рет рейдтік түсіндірме жұмыстарын, сондай-ақ, ата текті ауыстыру жөнінде жұмыстарын жүргізіп келеміз-деді. Мемлекеттік тіліміздің дәрежесін көтеруге байланысты аудандық филиалдың алқа мүшелері Ә.Құлдүйсенов, Ш.Құндақбаевтар Тәуелсіздік жайында, тіл мәселесі туралы келелі пікірлерін білдірді. Мемлекеттік мәртебесі бар ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейтуге және «Қазақ тілі» қоғамының жұмысына белсене араласып, әр салада абыройлы қызмет атқарып келе жатқан бір топ тіл жанашырларын Тәуелсіздік күнімен құттықтап, Алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етті. Шара барысында аудандық ауылшаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің әдіскер маманы Г.Көбекова мен аудандық «Қармақшы таңы» газетінің бас редакторы С.Райымбаева ауданымыздың биылғы жылғы қол жеткізген жетістіктерімен қатар еліміздің дамуына әр салада өсіп келе жатқан жастарымыздың жетістіктері аудан айнасы «Қармақшы таңы» газеті арқылы оқырмандарға жеткізіліп келе жатқанын, тәуелсіз еліміздің мәртебесін көтеруге адал қызмет етіп, тіліміздің тазалығы үшін әрқашан атсалыса беретіндерін сонымен қатар, осы мағыналы кездесуді ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.