Қармақшы ауданы әкімі шалғай ауылдардағы тұрғындармен кездесті
Бүгін аудан әкімі Жандос Еркінбек аудан орталығынан шалғайда орналасқан Тәйімбет Көмекбаев және Қуаңдария елді мекендерінің тұрғындарымен кездесіп, олардың талап-тілектерін тыңдады.
Жергілікті тұрғындармен өткен кездесулерде аудан басшысы Қармақшы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың жайын баяндап, алдағы жоспарлармен бөлісті.
Биыл Т.Көмекбаев ауылындағы өзекті мәселелердің бірі электр желілерін қайта жаңғырту үшін бюджеттен 186,2 млн. теңге қаржы бөлініп, жұмыстары аяқталды.
Облыстық бюджет есебінен 1 млрд. 371 млн. теңге қаржы қаралып «Ақжар-Тұрмағамбет-Т.Көмекбаев» автомобиль жолының 27 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, қос елді мекенде балалар және спорттық ойын алаңдары салынып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Қуаңдария ауылында тұрғындардың көптен күткен қуанышы жаңа фельдшерлік-акушерлік бекеттің құрылысы басталып, жұмыстары аяқталуға жақын. Аудандық бюджет есебінен Қуаңдария ауылына жаңадан паспорт орнатылды.
Сондай-ақ, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес нарықты ішкі өнімдермен толықтыру мақсатында Т.Көмекбаев ауылында 13 гектар, Қуаңдария ауылында 25 гектар қосымша бақшалық жерлер дайындалып, 84 отбасыға бөлініп берілді. Нәтижесінде 10 гектар картоп, 7 гектар көкөніс, 21 гектар бақша дақылдары егілді.
Биылғы жылы Тәйімбет Көмекбаев және Қуаңдария ауылдарының 60 жылдық мерейтойлары жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Жиын соңында аудан әкімі шалғай елді мекендерді дамыту ісі ерекше назарда болатынын айтып, тұрғындардың ұсыныс-тілектерін тыңдап, көтерілген мәселелер бойынша тиісті шаралар қабылданатынын және барлық мәселенің жіті қадағалауда болатынын жеткізді.