ЕСЕЛІ ЕҢБЕККЕ ЕЛЕУЛІ ҚҰРМЕТ
Сыр диқандарының бүгінде көңілдері жай. Қазір көктемнен басталған қарбалас жұмыстардың саябырлаған кезі. Күз – диқан үшін нәтижелі маусым. Егінжайдағы жұмыстар бір сәтке тынып, озат шыққан еңбекші қауымның демалатын да сыйқұрметке бөленетін де уақыты – осы. Дала дарабоздарына көрсетілген құрмет жақында ІІІ Интернационал ауылдық округіндегі «ІІІ Интернационал Жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде ұйымдастырылды. Мәдениет үйінде өткізілген «Алтын дән – 2024» мерекелік жиынына ауыл тұрғындары, ардагерлер мен жастар, серіктестік еңбеккерлері қатысты.
Іс-шараның алғашқы сөзін серіктестік директоры Сәбит Тұрманов алып, шаруашылықпен егін науқанында атқарылған жұмыс жайын баяндаса, ауыл әкімі Жеткерген Қалымбетов серіктестіктің нәтижелі жұмыстарға қол жеткізіп, жиын-терімді ұйымшылдықпен дер уақытында аяқтағанымен құттықтады.
Сонымен қатар шаруашылық демеушісі, «Қызылорда Құрылыс НК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Марғұлан Кенжебаев егінжай ерлеріне жылы лебізін білдірсе, ауыл ақсақалы Мұстафа Доскеев жиылған көпшілікке ақ батасын берді.
Салтанатты іс-шарада еңбек озаттары биіктен көрініп, түрлі марапатқа ие болды. Атап айтқанда, №3 егіс бригадасының сушысы Бексұлтан Қалдыбек өзіне бекітілген 73 гектар алқаптың әр гектарынан 70,5 центнерден өнім алып, үздік нәтиже көрсеткені үшін автокөліктің кілтіне ие болды. Одан бөлек, агроном Бақытжан Меңлібаев пен Еркебұлан Нұртаев 1 млн 500 мыңның, озат бригада бригадирлері Виталий Ким, Рысдәулет Өміров, Дмитрий Наурызбаев 1 млн теңге көлемінде қаржылай сыйлыққа ие болып, мерейлері үстем түсті.
Бұдан өзге басқа да бірқатар озат сушылар, механизаторлар, еңбек майталмандары сахна төрінен орын алып, халықтың қошеметіне кенелді.
Әрбір жылдың өз несібесі бар. Көктемде себілген түйір дәннің қыруар еңбектен соң ғана өнімді өнім берерін диқан қауымнан асып ешкім біле алмас. Интернационалдық шаруалар бұл жылды да жақсы қорытындылап, келер жылға дайындықты бастап та кетті.
Сәрсенкүл АҚКІСІ