» » АЛТЫН ДӘННЕН ТАУ ТҰРҒЫЗҒАН ТҰРМАҒАМБЕТТІКТЕР

АЛТЫН ДӘННЕН ТАУ ТҰРҒЫЗҒАН ТҰРМАҒАМБЕТТІКТЕР

Аптаның бейсенбісінде Қармақшы ауданының құрметті азаматы, меценат Нұржан Пірмантаев басқаратын «Тұрмағамбет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұжымы Орталық алаңда биылғы жылдың егін науқаны қорытындысымен дәстүрлі «Алтын дән – 2024» мерекелік іс-шарасын өткізді. Оған шаруашылық еңбеккерлерімен қатар, ауыл жұртшылығы, ардагерлер мен жастар, сондай-ақ қонақтар қатысып, мерекелік шараның куәсі болды.
Серіктестік күріш өндірумен айналысатын ауданымыздағы іргелі шаруашылықтың бірінен саналады. Онда 157 адам жұмыспен қамтылса, биыл еңбек ерлері 1557 гектар жерге күріш егіп, оның әр гектарынан 53,3 центнерден өнім алып, оң нәтиже көрсетіп отыр.
Молшылық тойында алғашқы құттықтау сөзді ауыл әкімі Мұрат Алдамұратов алып, елді мекенде атқарылған игі істерге тоқталды. Ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өркендеуінде, көркейту-көгалдандыру, демеушілік, қайырымдылық, басқа да іс-шараларында серіктестіктің маңызы ерекше екенін тілге тиек етті. Келесі жылы да осы үдеден табылып егін науқанында жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, тек қана биіктен көрінулеріне тілектестігін білдірді. Сондай-ақ бірқатар еңбек озатының елеулі еңбегіне алғысын айтып, аудан әкімінің дипломын салтанатты түрде табыстады.
Олардың қатарында «Озат мақсары дақылын өсіруші» номинациясымен Амангелді Оспанов, «Озат күріш өсіруші» номинациясымен Оразбек Бисенбаев, «Озат жаткист» номинациясымен Нұржасар Анафияев, «Озат комбайнер» номинациясымен Болатбек Сәуенов, «Озат астық тасымалдаушы» номинациясымен Болатбек Жұмаділов және «Озат егіс бригадирі» номинациясымен Наурызбек Бітімбековтер марапатталып, сахна төрінен орын алды.
Елдің әрқашан жол көрсетуші және бағыт-бағдар беруші ақылшысы – қария-қарттары болған. Жақсысына қуанып, қауым елді пара-сатпайыммен алға жетелейтін де осы қадірлі жандар. Осы ретте ауыл ақсақалдары Бітімбек Пазлиев, Тоғанас Сарыбаев, No29 орта мектеп директоры Ақмарал Жарасова, ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жарылқасын Дәулетов, ардагер-дәрігер Өмірбек Кенжеғұлов, ардагер-ұстаз Сұлтанбек Мырзабаевтар сөз сөйлеп, ағалық жылы лебіздерін жеткізді. Сонымен қатар серіктестіктің еңбеккері Жүсіпбек Бегалиевке зейнет демалысына шығуына байланысты иығына шапан жауып, құрмет көрсетілді.
Содан соң шаруашылықтың бас экономисі Еркеғали Қасымов науқан мезгілінде атқарылған диқандардың еңбек көрсеткіштеріне сай, қаржылай сыйақыларға ие болған озаттардың аты-жөнін атап, елге таныстырды. Одан бөлек, еңбекте ерек шыққандарға кілем, теледидар сынды бағалы сыйлықтар табысталды.
Тұрмағамбет төрінде ұйымдастырылған тоқшылық мерекесінде «Тұрмағамбет» ЖШС директоры Нұржан Айдарбекұлы ерте көктемнен басталған жиын-терімнің сәтті аяқталғанымен құттықтап, науқан көлемінде шаруашылықта атқарылған жұмыстардың тізбесіне көпшіліктің назарын аудартты.
– Бір қарағанда егін шаруашылығы көзге оңай көрінуі мүмкін. Бірақ көктемнен басталған тынымсыз жұмыс қоңыр күздің суығына дейін жалғасып, қаншама қыруар шаруа атқарылады. Оны осы егіс басында жүрген шаруа адамы ғана жақсы біледі. Күз мезгілінің ызғырық суығы мен өкпек желіне, бет қаратпас күннің аптапты ыстығына төзе жүріп, осындай нәтижелі жұмысқа қол жеткіземіз. Дән де бала секілді, аялап, баптап-күтпесеңіз жемісін төкпейді. Сол дәнді өсіру үшін суын мөлшерімен беру керек. Уақытымен дәнін сеуіп, құнарландыратын дәрмегімен қамтамасыз етіп отыру қажет. Техникалардың жарамдылығы, мамандардың біліктілігі таразыға түсетін кезі де – осы. Ең бастысы – осыншама адам қызмет етіп, нәпақасын айырып отырған жерде қателік кетіруге болмайды. Өткен жылы судан біршама қиналғанбыз. Шүкір осы жылы суымыз жақсы болды. Соның нәтижесінде жақсы көрсеткіш көрсеттік. Еңбек науқаны кезінде қанаттары талмай қызмет етіп, ауызбірлікте болғандары үшін ұжымға, әркез бізге ақыл-кеңесін беріп, тәжірибесімен бөлісетін ауыл ақсақалдарына да риясыз көңілден ризашылығымды жеткізгім келеді. Шаруашылық көптеген қайырымды істердің ұйытқысы. Алда да мұндай шараларды жалғастыратын және егінімізден жоғары көрсеткіш көрсетіп, мол өнім алуға бар күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз, – деді серіктестік директоры өз сөзінде.
Мұнан соң Нұржан Пірмантаев еңбекте озат шығып, жастарға үлгі көрсете білген комбайнер Болат Сәуенов пен бригадир Болат Піржановқа су жаңа жеңіл автокөліктерінің кілтін табыстап, олардың еңбек жолына әрі қарай да абырой биігін тіледі.
Іс-шарада спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Қошқар көтеру сайысында 75 мәрте көтерген ауыл тұрғыны Нұржан Қазыбаев жеңімпаз деп танылса, арқан тартыста І орынды 1993 жылы, ІІ орынды 1995 жылы туған азаматтар және ІІІ орынды мектеп ұжымы командасы иеленді. Әйелдер арасында арқан тарыста І орынды мектеп ұжымы командасы, ІІ орынды қоғамдық негізде жұмыс істейтін әйел азаматшалар және ІІІ орынды «Тұрмағамбет» ЖШС командасы жеңіп алды. Сондай-ақ спорттың басқа да түрлерінен жеңімпаздар анықталып, арнайы тағайындалған сыйлықтарды иеленді.
– Ауылда ұзақ жыл ұстаздық еттім. Қазір Қызылорда қаласында тұрамын. Бірақ ауылдағы жақсылық пен жылт еткен жаңалықты қалт жібермеуге тырысып, қолымнан келгенше елдің ортасында болуға тырысамын. Міне бүгінде егінжай ерлерінің мерекесіне келіп, қуаныштарымен бөлісудемін. Диқандарымыздың алғашқы дән себу салтанатына қатысып, жақсы тілегімізді айтқан болатынбыз. Науқан қорытындысында серіктестік еңбеккерлерінің алды автокөлікке ие болып жатыр. Басқалары ақшалай, заттай сыйлықтарға ие болуда. Еткен еңбектің жемісі осылай бағалануда, – дейді ардагер-ұстаз Сұлтанбек ағамыз жылы шырайда.

Орталық алаңдағы мерекеден кейін ауыл тойханасында кең дастарқан жайылып, лоторея билеттері ойнатылды. Іс-шараның қорытындысында ардагерлер шаруашылық ұжымына сәттілік тілеп, ақ баталарын берді.
Мерекеде аудан, ауыл өнерпаздарының өнері тамашаланды.
Бұл күнде дала төсінде дүбірлеген еңбектің саябырсып, алтын дәннің қамбаға құйылған уағы. Ауа райының қолайсыздығына, кейбір кедергілерге қарамастан дала қырандарының өздеріне бекітілген міндетін адалынан орындап шыққан кезі. Ең бастысы, шаруаның көңілі тоқ, жаны тыныштықта. Бұл демалыс уақытының еңбек адамы үшін маңызы жоғары. Себебі, олар келер көктемге дейін соны серпін, тың күшпен жаңа жұмыс күндеріне құлшына кіріседі.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
23 қараша 2024 ж. 168 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 098

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031