Цифрлық технологиялар жемқорлықпен күрестің бір құралы
Сыбайлас жемқорлық – қоғамның дамуындағы басты кедергілердің бірі. Бұл құбылыс экономикалық, әлеуметтік және саяси салаларға кері әсер етеді. Осы мәселені шешу мақсатында Қазақстанда мемлекеттік деңгейде көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Соңғы жылдары бұл күресте цифрлық технологиялардың орны ерекше екені дәлелденуде. Олар жемқорлықты болдырмау, ашықтықты қамтамасыз ету және мемлекеттік қызмет көрсетудегі тиімділікті арттыруда маңызды рөл атқарады.
Цифрлық технологиялардың жемқорлықты азайтудағы басты артықшылықтары - ашықтық. Елімізде электронды үкімет (eGov) жүйесінің енгізілуі арқылы азаматтар мен бизнес өкілдері мемлекеттік қызметтерді делдалсыз, жылдам әрі ашық ала алады. Бұл жүйе жемқорлық тәуекелдерін азайтады. Азаматтар eGov порталдары мен мобильді қосымшалар арқылы шағымдарын немесе ұсыныстарын тікелей беруге мүмкіндік алып мемлекеттік органдардың ашықтығын арттыруда.
Архив саласы да цифрлық жүйеге көшуден қалыс қалған жоқ. 2021 жылдан бастап «Құжаттардың бірыңғай электрондық архиві» ақпараттық жүйесі (Е-Архив АЖ) іске қосылып, мекемедегі сандық форматтағы құжаттарды жаңа жүйеге енгізу жұмыстары жүргізілуде.
E-Архив ақпараттық жүйесіне құжаттарды электрондық форматқа көшіру арқылы мемлекеттік қызмет көрсету процесін цифрландыру, «Архивтік анықтамалар, архивтік құжаттардың көшірмелерін немесе архивтік үзінділер беру» мерзімін қысқарту арқылы азаматтарға ыңғайлы жағдай жасалуда.
Осы ақпараттық жүйе арқылы 2024 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында "Қармақшы аудандық архиві" филиалына жеке және заңды тұлғалардан әлеуметтік-құқықтық сипаттағы 920 сұраулар түсіп заң аясында жауап берілді және архив қорында сақтауда тұрған құжаттарды түпнұсқалылығын сақтау мақсатында 406 сақтау бірлігінен 90137 парағы аталған жүйенің деректер базасына енгізілді.
Қазіргі таңда ауданда бұл ақпараттық жүйеге әкім аппараты, аудандық мәслихат, аудандық білім бөлімі, Қармақшы ауданы әкімдігіне қарасты кент әкімдері, бөлімдер және барлық ауылдық округ әкімдіктері ақпараттық жүйеге қосылған. Аталған мекемелер алдағы уақытта осы ақпараттық жүйе арқылы архив мекемесіне құжаттарын электрондық түрде өткізетін болады.
Цифрлық технологиялар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте тек құрал емес, жүйелі шешімге айналуда. Қазақстанда eGov, E-Otinish жүйелері жемқорлықты азайтуда маңызды рөл атқаруда. Дегенмен, цифрландыру тиімді болуы үшін инфрақұрылымды жетілдіру, азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру және деректерді қорғауды қамтамасыз ету қажет.
Технологиялардың қарқынды дамуы бізге сыбайлас жемқорлықты түбегейлі азайтуға мүмкіндік беріп отыр. Сыбайлас жемқорлықпен күрес әрбір азаматтың жауапкершілігінен басталады. Әрбір азамат адалдық пен әділдікті басты құндылық ретінде қабылдап, жемқорлықсыз қоғам құруға өз үлесін қосуы тиіс.
Аяғанов Нұржан Ғазизбекұлы
«Қармақшы аудандық архиві»
филиалының архивисті