» » ОТЫЗ ЖЫЛДЫҚ БЕЛЕС

ОТЫЗ ЖЫЛДЫҚ БЕЛЕС

Қазақстан Республикасы Тәуелсіз мемлекет болып құрылған отыз жылдан аса уақытта Ата Заңына сәйкес әлеуметтік, құқықтық, демократиялық, зайырлы, мемлекет ретінде қалыптасты. 1990 жылғы 25 қазанда «Қазақ ССРінің Мемлекеттік Егемендігі туралы» Декларация мен 1991 жылғы 15 ақпанда «Жергілікті өзінөзі басқару және Қазақ ССР Халық депутаттарының жергілікті кеңестері туралы» Заң қабылданды.
«Экономикадағы нарықтық қатынастар», «жекешелендіру» терминдері ел өміріне етене еніп, бұрынғы «жоспарлы экономика» деп аталған қалыптасқан даму жүйемізді өмірден ығыстырды. Мал жайып, егін егуге негізделген шаруашылығымыз біраз уақыт дағдарысқа ұшыраған кездері болды.
Қазақ ССР Конституциясына басқаруды демократияландыру, қоғамдық-саяси өмірдегі коммунистік партияның монополиясын жою, өз аумағындағы экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешу жолында жергілікті кеңестердің рөлін арттыруға бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. 1991 жылдың 16 желтоқсан күні Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланып, 1992 жылы атқарушы комитеттерді алмастыратын, тура тағайындалатын және өкілетті органдарға тәуелсіз жұмыс істейтін жергілікті әкімдер институты құрылды. Бағынышты атқарушы аппараттан айырылған жергілікті өкілетті органдар – Кеңестер айтарлықтай әлсіреді. Түрлі жолдармен мемлекет билігін уысында ұстап келген коммунистік партияның өз жұмысын тоқтатуына байланысты кәсіподақ, комсомол сияқты қоғамдық ұйымдардың да тіні тарқатылып, біртіндеп тарай бастады. Еліміздің басынан кешірген осы уақыттар өтпелі кезең ретінде бағаланып, Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы қабылданды. Жергілікті Кеңестердің жаппай таратылуы орын алды. 1993 жылы желтоқсан айында «Қазақстан Республикасындағы өкілді және атқарушы органдар туралы» Заң қабылданды. Осыған сәйкес жаңа сайланбалы өкілетті органдар – Мәслихаттар – депутаттар жиналыстары және жергілікті әкімшіліктер жұмыс істей бастады. 1994 жылы 7 нау рызда Қазақстан Республикасының Парламенті мен жергілікті мәслихат депутаттар жиналысы депутаттарының сайлауы өтті. Осы күн мәслихаттардың құрылған күні ретінде мәслихат тарихында қалды. Мұның өзі жергілікті халықтың еркін білдіретін өкілетті орган жұмысының алғашқы бастауы еді. Бұған дейін бұл қызметті атқарып келген уәкілетті орган – жергілікті халық депутаттары Кеңесі осылай өз жұмысын тоқтатты.
Кеңестер орнына жаңа орган – мәслихаттарды сайлау – саяси санадағы жаңа толқыныс, демократиялық дамуға жасалған жаңа қадам ретінде ерекше маңызға ие болды. Мәслихаттарды қалыптастырудың әлеуметтік құндылығы – азаматтардың жергілікті билікті қалыптастыру процесіне тікелей қатыса алатындығында деп түсінген абзал. Осы сайлауда сайлаушылардың көпшілік дауысын алып, Қармақшы аудандық мәслихат депутаттары жиналысына сайланған 19 халық қалаулысы 1994 жылғы 20 наурызда аудандық мәслихаттың 1-ші шақырылымының бірінші сессиясын өткізді. Осы сессияда аудандық мәслихат депутаттары жиналысының алғашқы хатшысы болып депутат Мырзабек Қанапиев, тексеру комиссиясының төрағасы болып Смағұл Пірәлиев сайланды. Жиналыс төрағасы депутаттардың ішінен әр сессияға кезек-кезек сайланып отырды.
1996 жылы аудандық мәслихат депутаттары жиналысының хашысы М.Қанапиевтың, тексеру комиссиясының төрағасы С.Пірәлиевтің мемлекеттік қызметке жұмыс ауыстыруына байланысты депуттатық корпустағы бұл басшылық қызметтерге тиісінше депутаттар Роза Боқанова мен Шегебай Құндақбаевтар келді. Қабылданған заңдарға сәйкес, жаңа қалыптасып келе жатқан құрылымның өз ерекшеліктері болды. Соған сәйкес қиыншылығы да аз болған жоқ. Бұл шақырылымда Болатбек Сүлейменов, Ерлан Қалиев, Нәбира Барысова сияқты депутаттар аудандағы жекешелендіру, ауылдық округтердің шекаралары, егістік, шабындық, жайылымдық жерлерді пайдалану жайы, қаржы тапшылығына сәйкес бюджеттік мекемелердегі оңтайландыру ісіндегі түйткілдер жайлы пікір білдіріп, депутаттық белсенділік танытып отырды.
1997 жылы аз уақыт қана жұмыс жасап, таратылған Байқоңыр қалалық мәслихатының 6 депутаты қосылып, алғашқы шақырылым депутаттарының саны 25-ке жетті. Сөйтіп, 1999 жылдың қазан айына дейін ауданның әлеуметтік және саяси-экономикалық дамуына өз үлестерін қосты. Ә дегенде, мәслихат өз жұмысын тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс қарамағындағы аймақтың жай-күйіне жауапты өкілді орган ретінде бастады. Аймақ халқының қалауын, ықтиярын білдіріп, жалпы мемлекеттік мүддемен сәйкестендіре отырып, қабылданған шешімдерді жүзеге асыру шараларын белгілеуге, оның атқарылу барысын бақылауға тырысты. Дегенмен, коммунистік партия басқарған бұрынғы Кеңестік жүйе кезінде қабылданған Конституцияда жергілікті өзін-өзі басқару мәселесіне маңыз берілмегендіктен жергілікті мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылдау, оны жүзеге асыруда өкілетті орган мен атқарушы билік арасында үйлесе бермейтін жайлар аз емес еді. Сол кездегі жаппай жекешелендіру салдарынан мемлекеттік және муниципиалдық меншіктің көптеген әлеуметтік маңызды обьектілерінің жойылып кетуі, мемлекеттік бюджет қаражатының жетімсіздігі сияқты мәселелер жергілікті өкілетті орындардың жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін тиісті деңгейде жолға қоюына көптеген қиындықтар келтірді.
Бірінші шақырылған мәслихат депутаттары үшін негізінен халықты әлеуметтік қорғау, ардагерлер, зейнеткерлер, тұрмыс деңгейі төмен азаматтар секілді мұқтаж топтарға көмек, атаулы көмек көрсету мәселелері тұрды. Тәуелсіз мемлекетіміздің дамуындағы алғашқы қиындықтармен тұспа-тұс келген бұл кезеңде атқарушы және өкілетті орган бірлесе отырып, ауыз су, аяқ су мәселелері мен жылыту орталықтарын көмірмен қамтамасыз ету, ішкі қатынастар, әлеуметтік ғимараттарды ұстау жағдайларында қолда бар мүмкіндікті тиімді пайдаланып, халықтың тұрмыстық ахуалын жақсартуға күш салды. Күнделікті азық-түлікпен қамту мәселелерінің шешімін табудың да өз қиындығы болды. Соған қарамастан халық қалаулыларының сессия кезіндегі, сессия аралығындағы депутаттық белсенділігі жоғары болды.
Мәслихаттарды жалпыға бірдей, төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге халық сайлайды. Жиырма жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматы мәслихат депутаты болып сайлана алады. Қазақстан Республикасы Конституциясының 86-бабы бойынша мәслихаттардың қарауына: аумақты дамыту жоспарларын, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын, жергілікті бюджет пен олардың атқарылуы туралы есептерді бекіту, өздерінің қарауына жатқызылған жергілікті әкімшілікаумақтық құрылыс мәселелерін шешу, заң мен мәслихат құзіретіне жатқызылған мәселелер бойынша жергілікті атқарушы органдар басшыларының есебін қарау, мәслихаттың тұрақты комиссияларын және өзге де жұмыс органдарын құру, олардың қызметі туралы есептерін тыңдау, мәслихат жұмысын ұйымдастыруға байланысты өзге де мәселелерді шешу, Республика заңдарына сәйкес азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету жөніндегі өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жұмыстары жатады.
Осылайша аудандық мәслихаттың бірінші шақырылымы өз жұмысын 1994-1999 жылдар арасында жүргізді. 1999 жылы сайланған мәслихат депутаттарының екінші шақырылымында тиісті заңдарға сәйкес сайлау округтерінде сайлаушылар санының 15 пайыз аралығындағы теңгерімімен тұрақты 13 депутаттан тұратын болып белгіленді. Осыған байланысты аудандық мәслихат депутаттарын сайлайтын 13, облыстық мәслихат депутаттарын сайлайтын 3 тұрақты округ құрылды.
Екінші шақырылымның жұмысы 1999-2003 жылдар арасында өтті. Аудандық мәслихат хатшылығына Мақсұт Өтегенов, тексеру комиссиясы төрағалығына Амангелді Бектібаевтар сайланған екінші шақырылым депутаттары өз жұмысын Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың ұсынған «Қазақстан-2030» стратегиялық жоспарын жүзеге асыруға бағытталған шешімдерге сәйкес жүргізді.
Мәслихат алдына қойылған кез келген сұрақты талқылауда депутаттар ең алдымен тұрғындарды еңбекпен қамту, жұмыссыздықты болдырмау, жаңа жұмыс орындарын ашу, тұрмысы төмен тұрғындарға қолдау көрсету мақсатында халықтың барлық топтарының мүддесін ескеруге күш салды. Еліміз бойынша мәслихаттар қызметі уақыт өте келе нақтыланып, аймақтың негізгі мәселелерін айқындап, тиімді шешу барысында өз мүмкіндіктерін айқын көрсете бастады. Депутаттардың құзіреті мейлінше арта түсті. Халықтың өкілетті органға сенімі күшейді. 2003-2007 жылдар арасында өткен үшінші шақырылым жұмысы кезінде 2004 жылғы 14 сәуірдегі «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңының негізінде «Мемлекеттік басқару туралы» қолданыстағы Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, мәслихаттарға саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің ұсынысы бойынша аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларының құрамын сайлау туралы қосымша өкілеттік берілді. Жергілікті атқарушы органдардың мәслихаттар алдында жауапкершілігін арттыру мақсатында 2006 жылғы 18 қаңтарда №19 «Әкімдердің мәслихаттың алдында есеп беруін өткізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы жарияланды. Бұл Жарлыққа сәйкес әртүрлі деңгейдегі әкімдер мәслихат депутаттары алдында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы туралы есеп беруі енгізілді. Елімізде 2007 жылы жасалған конституциялық реформа жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқарудың арақатынасына едәуір өзгерістер енгізді. Жергілікті әкімдер мен мәслихаттардың мәртебесін күшейтті. Бұның өзі 2001 жылы 23 қаңтарда қабылданған «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңның толық негізде күшіне ене бастағанын байқатты. Мәслихаттар мен әкімдіктер жергілікті мемлекеттік басқару органдары ретінде өз келбетін айқын көрсете бастады. Олардың мемлекет пен қоғам алдындағы мәртебесі мен құзіреті нақтыланды. Атқарушы билік мәслихаттар алдында есеп беріп, әлеуметтік-экономикалық, шаруашылық дамудың жай-күйінен халықты хабардар етіп отыратын болды. Бұл арада мәслихаттардың жергілікті деңгейде халық пен билік арасындағы өзіндік көпір ретінде қалыптаса бастағандығын айта кетуіміз керек.
Әртүрлі деңгейдегі әкімдер бүгінгі күні де мәслихат депутаттары алдында, халық алдында есеп беріп отырады. Халықтың мұң-мұқтажын, көкейтесті мәселелерін анықтап, мүмкіндігіне қарай шешу жолын бірлесе отырып талқылайды. Осындай қызметтер нәтижесінде соңғы бір жылдың өзінде ауылдық округтер және кент тұрғындарының ұсыныстары бойынша тиісті тұрақты комиссиялар күн тәртібіне арнайы мәселелер қойып отырды.
Аудандық мәслихаттың төртінші шақырылымында мәслихат хатшысы болып Марат Наятұлы сайланды.Төртінші шақырылым негізінен 2007-2012 жылдар арасын қамтыды. Бұл жылдары дамуындағы жаңа серпілістер, түрлі бағдарламалардың жүзеге асырылуы мен «Индустрияландыру» жол картасының алғашқы жылдары атқарушы билік қызметкерлерімен қатар мәслихат депутаттарының да жауапкершілігін одан әрі күшейте түсті. Кәсіпкерлікті дамыту, аудан орталығы мен елді мекендерді абаттандыру, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарта отырып, бюджет қаражатының игерілуін, оның жоспарлы, тиімді жұмсалуын қадағалауда ұстау сияқты өңір дамуының көптеген проблемаларын шешу оңай жұмыс болған жоқ.
2012-2016 жылдар арасында мәслихаттың бесінші шақырылымында қоғамдық өмірді демократияландырудың аса маңызды мәселесі – жергілікті деңгейдегі басқарудың тиімді жүйесі қалыптаса бастады. 2012 жылғы 28 қарашадағы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту» тұжырымдамасына сәйкес мәслихат сессиясында жергілікті қоғамдастықтың нормативті мөлшері бекітіліп, барлық ауылдық округтерде қоғамдастықтар құрамы сайланды. Кейін мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқарудың ара жігі ажыратылып, дербес бюджетті қалыптастыруға әзірлік жұмыстары жүргізілді.
2013 жылдың тамызында ауылдық округ әкімдерін аудандық мәслихат депутаттары 4 жыл мерзімге сайлады.
Аудандық мәслихаттың алтыншы шақырылымы 2016-2021 жылдар арасында ауданның даму бағдарламаларын бекіту, әлеуметтік-экономикалық дамудың нормативтік актілерін бекіту, тұрғын үйлер салудың кешенді жоспарын бекіту мен олардың орындалуына байланысты бірсыпыра табысты жұмыстардың атқарылуына күш салды, кіші кәсіпкерлік пен орта бизнесті дамытуға, мәдениет пен денсаулық саласын дамытудағы іс-қимылдарға қолдау көрсетті.
2021 жылдың 10 қаңтар күнгі сайлаудың ерекшелігі – сайлауға партиялар қатысып, «Nur Otan» партиясы 77,9 пайыз, «Ауыл» партиясы 15,6 пайыз, «Адал» партиясы 2,7 пайыз, «Ақ жол» партиясы 3,8 пайыз дауыс алып, қорытындысында аудандық мәслихатқа «Nur Otan» партиясынан 11, «Ауыл» партиясынан 2 депутат сайланды. Олар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың әл-ауқаты артып, тұрмысының жақсаруына жұмыс жасады.
2021-2023 жылдар арасында жұмыс жасаған аудандық мәслихаттың жетінші шақырылымы өз жұмысын атқарушы билікпен және азаматтық қоғам өкілдерімен тығыз байланыс тыра жүргізуге күш салып қоғамдық кеңес жұмысымен байланыс орнатты.
2023 жылдың 19 наурызында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтті. Оның ерекшелігі – партиялық жүйеден аралас жүйеге ауысуы болды. Ауданның халық қалаулылары мажоритарлық жүйе бойынша сайланды.
Бүгінгі таңда сегізінші шақырылымдағы мәслихаттың 25 сессиясы өтіп, 219 шешім қабылданды. Онда әлеуметтікэкономикалық тұрғыдағы өзекті мәселелер қаралып, нақты шешімдер қабылданып отырылды. Оның ішінде ауданның және кенттер, ауылдық округтердің бюджеттерін бекіту, орта және шағын бизнес жайы, денешынықтыру мен бұқаралық спорттың дамуын жетілдіру, қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында атқарылып жатқан шаралар туралы, аудан әкімінің өзіне жүктелген қызметтік функциялары мен міндеттерінің орындалуы туралы есебі, тағы басқа да мәселелер қаралып келеді.
Сондай-ақ тағы бір екшеп айтарлығы, аудандық мәслихаттың сессиясымен 1994 жылы 29 млн 345 мың теңге болып бекітілген аудан бюджеті қазіргі таңда, яғни 2024 жылы 17 млрд 589 млн теңге болып бекіп отыр.
Мемлекеттің тарихы үшін 30 жыл көп уақыт емес. Жергілікті уәкілетті орган аудандық мәслихат әлі даму үстінде. Халық қалаулылары елмен етене араласып, жергілікті атқарушы билікпен бірлесе отыра аудан халқының әл-ауқатын көтеру барысында аянбай еңбек ете беретін болады.
Әділ ҚОШАЛАҚОВ,
аудандық мәслихат төрағасы
26 қараша 2024 ж. 110 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031