» » Еңбеккерлер көлік мінді

Еңбеккерлер көлік мінді

Биыл аймағымызда жылдағы дәстүр бойынша егін жинау науқанының қорытынды «Алтын дән – 2024» мерекесі өткен-ді. Салтанатты жиында ала жаздай дала төсінде тер төгіп, қырманды мол астыққа толтырған дала еңбеккерлері абырой биігінен көрініп, марапатталды. Озаттар қатарында «Ақжар» шаруа қожалығының майталмандары төбе көрсетіп, көлік мінді. Олар механизатор Рүстем Зиядинұлы мен сушы Есен Ибраев.
Жалпы биыл шаруа қожалықтың дала ерлерінің еңбегін бағалап, оныншы көлік мінгізуі. Жыл сайын күріш өсіруден жоғары өнім алған диқанмен қожалықтың басқа да тіршілігін тоқтатпай алға жылжуына үлес қосқан еңбеккерді ынталандырып отыру үрдіске айналған.
Кез келген үлкен шаруа техниканың көмегінсіз бітпейтіні белгілі ғой. Ал оны жүргізіп тұру мен басқару үшін де білікті маман керек. Рүстем Зиядинұлы «Ақжар» шаруа қожалығында он төрт жылдан бері қызмет істеп келе жатқан мықты механизатор. Бүгінде қожалыққа қарасты барлық техниканың тілін жақсы меңгерген. Сынған, бұзылған техникаларды дер кезінде жөндеп, оның әрі қарай қызмет етуіне жағдай жасап отырады.
– Техникаға қызығушылығым мектеп жасымда басталды. Әкемнен үйреніп, сол кісінің жолын қудым. Ол кісі өмірден ерте өтті. Тірісінде осы шаруа қожалықта адал еңбек етті. Мектепті бітірісімен оқуға бармай еңбекке ерте араласып, осында механизатор болып орналастым. Жұмысым өзіме қатты ұнайды. Еңбекті шын сүйіп, адал қызмет еткеннің арқасында көлік мініп, құрметке бөленіп жатырмыз. Төрағамыз жыл сайын еңбегімізді бағалап, өз ісіне лайықты жанды марапаттап, жұмысымызды өзгелерге үлгі етіп отырады. Оған үлкен рақмет айтамыз, – дейді механизатор Рүстем.
Көктемде тіршілікке кіріскен техникалар күзге дейін тынбайды. Күн жылып көктем келгенде жер жыртса, жаз бойы ауылдың жұмысын істеп, отын, шөп тасиды. Ал күзде егінді уақытында жинап алуға қатысады.
– Шаруа қожалықтағы техникалар жаңа. 2 «МacDon», 2 «John Deere» жаткасы, 1 экскаватор, 2 СLAAS трактор техникасы сақадай сай тұр. Егінді осы техникалардың арқасында уақытында жинап алдық. Алдағы уақытта ауылдағы қожалық дамып жатса техникаларымыз көбейеді деген үміттеміз, – дейді ол.
Көлік тізгіндеген екінші майталман Есен Қабылбайұлы «Ақжар» шаруа қожалығындағы жас сушы, күрішші. Осы ауылдың тумасы. 2018 жылдан бастап қожалықта қызмет етуде. Бір жыл техника айдап, кейін сушыға ауысқан. Мектепті бітірген соң қаладағы «Ақмешіт» оқу орнын «Денешынықтыру пәні мұғалімі» мамандығы бойынша бітіріп, алайда жұмыс ыңғайы болмаған. Екі қолға бір күрек іздеген кейіпкеріміз үйде бос жатқанды қаламай ауылдағы шаруа қожалыққа жұмысқа орналасады.
– Қазіргі заман жалқаулықты көтермейді, талабы қатты. Мамандығыма сай жұмыс табылмады деп қарап қалмадым. Сыртқа да кетпедім. Ауылға еңбек етіп, үлесімді қосуды шештім. Екі қолға бір күрек табылды, шүкір. Шаруа қожалықта сушымын, күріш те егемін. Биыл судан таршылық көрмедік. Ең бастысы, соған қуанамын. Су жетпеген жағдайда басшылармен ақылдасып жұмыс істеймін. Сушы болу оңай шаруа емес әрине, әр атызға суды керегінше жеткізіп, тартып отыруың керек. Бәрі есеппен жүреді. Мұндай шеберлікті әкемнен үйрендім, – дейді Есен.
Биыл ол 40 гектар жерге күріш егіп, одан 92,2 центнер өнім алған. Еңбектегі жемісін бағалап, төраға көлік мінгізуді жөн көрген. – Шынымды айтсам биыл көлік мінемін деп ойламадым. Облыстық марапатқа 3-4 күн қалғанда хабар келді. Сол кездегі қуанышымды көрсеңіз, сіздерге жеткізе алмаймын. Еңбегімізді елеген басшыларға алғыс айтамын, – дейді жеңімпаз.
«Лада» автокөлігін мінген еңбеккерлердің расымен қуанышында шек жоқ. Олардың ала жаздай күнге күйген жүздеріне қарап еңбектің бағасын бере аласыз. Адалынан тапқан ас пен тынымсыз еңбектің берекесі қашанда бағалы екені сөзсіз.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
12 қараша 2024 ж. 52 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 208

Сұхбат

ӨНЕР АЙДЫНЫНЫҢ БҰЛАҒЫ
19 қараша 2024 ж. 149

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 318

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930