» » МӘДЕНИЕТ МАРШАЛЫ

МӘДЕНИЕТ МАРШАЛЫ

Міне, осы сиректің бірі – Сұлтан Сармолдин ағамыз еді. 1972 жылы мәдениет қызметкерлерінің Одақтық съезіне делегат болып қатысуы осы сөзіміздің дәлелі. Он бес одақтас республика арасынан келелі жиынға бару құрметін иеленген таңдаулылардың бірі болу екінің біріне бұйыра бермейді. Сұлтан ағамыз тек қатысып қана қайтпай, Сыр бойына «КСРО мәдени-ағарту ісінің үздігі» төсбелгісімен кеудесін жарқыратып оралуы аймағымыздың ғана емес, республикамыздың мерейі еді. Осы мадақпен дәрежеленгендер саны облысымызда саусақпен санарлық қана екенін айтар болсақ, ағамыздың мәдениет саласындағы елеулі еңбектері айшықтала түседі.
«Биік мансап – биік жартас. Жорғалай жылжып жылан да шығады, екпіндей ұшып қыран да шығады» деген тәмсіл бар. Сұлтан ағамыз да өзінің өрелі биігіне білімімен, біліктілігімен, еңбегімен еркін шықты. Шыққанда да қазіргі кейбір басшылардай бірден таққа барып қонжия қалған жоқ. Қармақшы аудандық мәдениет бөлімінің мотористігінен меңгерушілігіне дейінгі сатылардан өтіп, еңбегімен еленіп, қабілетімен көрініп, қарқынды қызметімен, жемісті жетістіктерімен көтерілді.
Ағамыз орынтағына отырған аудандық мәдениет үйінің, аудандық киноландыру жүйесінің директорлығы қаншама жаңа жобалардың өмірге келуіне, олардың ел игілігіне қызмет етуіне қозғаушы күш болды. Шопандар ауылына, күрішшілер қауымына, дала қостарында мәдени қызмет көрсетудің ерен үлгісін көрсеткен автоклубтардың жұмыстарында да ағаның біліктілігі мен басқару қабілеті жатса керек. Аудандық мәдениет үйінің драма үйірмесінің «Халықтық атаққа» ие болуы да іскер директордың тынымсыз тірлігінің арқасы. Мәдени қызмет саласында аудан абыройын аймақ деңгейінде дүбірлеткен қаншама жас Сұлтан Сармолдин ағамыздың тезі мен мектебінен шыққан. Оларға үлгі болып, тәрбиесіне, ұстынына айналған ұстаз-басшының, әрбір іргелі істің ұйытқысы бола білген ұйымдастырушының еңбегі елеусіз қалмады.
Ульяновск қаласында өткен Халық университеттерінің Бүкілодақтық байқауының жеңімпазы атанды. Бұл 1979 жыл еді. Ал бірнеше дүркін облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы болғанын санамасақ та болады. Сұлтан аға басшылық жасайтын аудандық киноландыру жүйесі 1985 жылы республикалық жарыстың ауыспалы Қызыл туына ие болды. Бес жылдан кейін КСРО астанасы Мәскеуде өткен «АСКИН» киногерлер ассоциациясының бірінші Құрылтайына, 1991 жылы Сочи қаласында ұйымдастырылған әлемдік киносаудасына Қазақстан Республикасының атынан делегат болып қатысты. Бұның бәрі жайдан-жай келген жоқ, үздіксіз ізденістің өтеуі еді. Білікті басшы осы сапарларында көріп-білгенін өз саласында жүзеге асырды. Қызығы мен қиыншылығы астасқан қарбалас тірлікке алаңсыз кірісті. Осы еңбек ардақты ағамызды 2009 жылы ауданның «Жыл адамы» атандырды.
Сұлтан аға Сармолдин ұлттық мәдениетіміздің мәйегі болған жыраулық өнердің өркендеуіне елеулі еңбек сіңірді. Киелі Қармақшы жерінде атадан балаға мұра болып келе жатқан бұл жыраулық пен жыршылық өнер ертеден тамырын тереңге жайған. Енді осы дәстүріміздің білікті білгірі болған ағамыз жаһұтымыздың одан әрі жарқырай түсуіне өлшеусіз үлес қосты. Қорқыт бабамыздан бастау алар қасиетті өнеріміздің өркендеуінің бір парағы Дұр Оңғар Дырқайұлының 100 жылдығы аясында шайырлар елінде «Дүр Оңғар» жылының өтуі еді. Осы іс-шараны ұйымдастырудың идеясы мен негізгі жүгін Сұлтан аға көтерді. Ашылуынан бастап қорытындылануына дейінгі аралықта ағамыз көз ілмей қызмет жасады. Осы шара аясында еңселі кеудемүсіннің орнатылуы да өз алдына мақтарлық іс.
Ежелден сан түрлі өнердің басын біріктіріп бағын ашқан ауданда «Облыс мәдениеті мен өнерінің күндерін» өткізу басшы Сұлтан Сармолдиннің жеке ұсынысы еді. Осы жоба бұдан кейін облысымыздың барлық аудандарында жүзеге аса бастады. Айтулы шараның арқасында аудандар өздерінде кенжелеп келе жатқан өнер түрлерінің қарқын алуына қол жеткізді.
Сұлтекең білікті басшы, шебер ұйымдастырушы ғана емес, сонымен бірге алдымыздағы бағдаршамымыз, ақылшымыз еді. Қаншама жас үлкендік үлгісінің, қамқорлығының, кішіге деген айналайынының аясында қанаттанды.
Ауданның қоғамдық жұмыстарына да белсене араласып, өркендеп өсуіне өлшеусіз еңбек сіңірді.
Бүгінде ортамызда өзі жоқ болса да рухымен жебеп, медет болып жүреді.
Мінезі тік, дір еткізер сөздері,
Болғанымен, мейірім тұнған көздері.
Құшаққа алып, қамқорлыққа бөлейтін,
Аялайтын, бауырлайтын біздерді.
Биік таудай болатынды, аршалы,
Сергітетін көңіліңді самалы.
Рухыңмен алға бастап жүре бер,
Бір ауданның мәдениетінің маршалы.
Тілеген БЕКАРЫСТАНОВ,
ҚР мәдениет қайраткері, КСРО мәдени ағарту ісінің үздігі
06 қараша 2024 ж. 188 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 085

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031