» » АСҚАРАЛЫ АЛПЫС ЖЫЛ: КЕМЕЛДЕНГЕН ҚУАҢДАРИЯ

АСҚАРАЛЫ АЛПЫС ЖЫЛ: КЕМЕЛДЕНГЕН ҚУАҢДАРИЯ

Ауданнан шалғай орналасқан елді мекендердің бірі – Қуаңдария ауылын білмейтін ел-жұрт жоқ шығар. Кезінде кеңшар 1964 жылы құрылып, мал шаруашылығымен айналысқан. Қарақұм мен Қызылқұмның жер жағдайына төзімді мал ретінде жоғары сапалы жүн мен қаракөл өнімін көп беретін қаракөл тұқымды қойы осы аймақта өсірілді. Осылайша ауылда өркендеу ісі кең етек алып, тіршіліктің жемісі қауызына сыймаған. Міне, содан бері 60 жыл уақыт өтті.
Өткен аптада Қуаңдария ауылы мерейлі датаны атап өтті. «Құтты мекен – Қуаңдария» деп аталған мерекелік шара екі күн ұйымдастырылып, дүйім жұртты қуанышқа бөледі. Орталық алаңда қаз-қатар қараша үй тігіліп, дүбірлі той рухани-мәдени шаралармен өрілді. Ауылдың бұрынғы тарихын бейнелеген орталық алаңдағы суреттер кеңшарды құрған еңбеккерлердің жемісінен сыр шертеді.
Думанды тойдың алғашқы күнінде №186 орта мектепте «Құтты мекен – Қуаңдария» тарихи мұражайының ашылу салтанаты өтті. Одан кейін Ұлы Отан соғысының ардагері Әбдіраш Өміровтің 100 жылдығына арналған «Өткенге құрмет – ұрпаққа өнеге» атты тағылымдық кешке жалғасты. Облыстық филармония өнерпаздарының, эстрада жұлдыздарының қатысуымен орталық алаңда мерекелік концерт ұйымдастырылды.
Іс-шараның ертеңгілігінде спорттық жарыстар өткізілді. Қазақ күресі, түйе палуан, гір тасын көтеру, арқан тартыс, қошқар көтеру, сондай-ақ қол күрестен ер және әйелдер арасында күш сыналды. Жеңімпаздарға демеушілер атынан қаржылай сыйлықтар берілді.
Алпыс жылдық мерейтойға аудан әкімі Жандос Еркінбек, арнайы қонақ ретінде қоғам қайраткері Бекмырза Еламанов, аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, Вьетнам соғысының ардагері Иса Бисенов қатысып, ауыл тұрғындарына құттықтау сөздерін жеткізді.
– Құрметті ауыл тұрғындары, сіздерді алдымен кешегі өткен Республика күнімен құттықтаймын! Еліміз Тәуелсіздік алған жылдан бері көптеген белесті бағындырып, қиыншылықтарды еңсеріп келеді. Мемлекет басшысының қолдауымен ауылдық жерлерге көңіл бөлініп, инфрақұрылым жағынан жақсы дамуда. Соның бір дәлелі – Қуаңдария ауылының 60 жылдық мерейтойы тойлануда. Соңғы жылдары Президентіміздің, облыс басшысының қолдауымен ауылымызда жаңадан клуб үйі бой көтеріп, ел игілігіне берілсе, биыл денсаулық саласы бойынша да республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, ауыл орталығынан медициналық фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы қарқынды жүруде. Одан бөлек балаларға арналған ойын алаңдары салынды. Алдағы уақытта да ауылдың көркеюіне ауқымды жобалар қолға алынып, тұрғындардың жақсы өмір сүруіне жағдайлар жасалынатын болады. Сіздерді ауылдың мерейтойымен шын жүректен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! – деді аудан басшысы.
Мұнан соң Қуаңдария ауылының 60 жылдығына арналған медальмен елге еңбегі сіңген бірқатар сала ардагері марапатталса, сондай-ақ мерейтойға атсалысқан ауыл азаматтарына аудан әкімінің Алғыс хаты тапсырылды.
Одан кейін іс-шара барысында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ардагер Шегебай Құндақбайұлының «Шалғасқаттан Қуаңдарияға дейін» атты тарихи кітабының тұсауы кесілді. Кітапта 60 жылда Қуаңдария ауылының өсіп-өркендеу тарихынан сыр шертілген. Сонымен қатар шаруашылық пен ауылда түрлі қызмет еткен азаматтар жайында, өткен ғасырларда елдің тұтастығы мен тыныштығы үшін арпалысып өткен тарихи тұлғалар хақында мәліметтер жинақталған. Автор одан бөлек Қуаңдария шаруашылығына қарасты жерлерде болған оқиғалар туралы әр кезде жазылған әңгімелерді енгізген.
Түс қайта Қызылдың қиясындағы дүбірлі тойдың жалғасы ат жарысқа ұласты. Ат бәйгесін асыға күткен ел-жұрт ауылға кіреберіс тас жолдың іргесіндегі төбеге жиналды. Бұл уақытта облыстың әр аймағынан келген атбегілер жылқыларын жарысқа дайындап, қатарға қосып жатыр. Жылқы үстіне ер-тоқымсыз жайғасқан шабандоздар қызылдың даласымен танысып, бір жағынан аттар қыздырынсын дегендей жәй ғана жүрдекке салып, қара жолды кездірді. Жаңбырдан кейін сыз тартқан жұмсақ шеге топырақ ат тұяғымен олай да бұлай да аударылса батпақ болмайтынын қайтерсіз. Кейде Қуаңдария жерінің бір ерекшелігі осы ма дейсіз. Дәл осы күні аспанды қара бұлт басып, ызғарлы жел кеудені тесіп өтсе де қуаңдариялықтардың көңілінде кірбің жоқ, бәрі шат-шадыман.
Қош. Болатын ат бәйгенің түрлері нақтыланып қойған. Жабы тайлар бәйгесі, құнан бәйге, тоқ бәйге, аламан бәйге. Демеушілердің әр орынға тіккен жүлдесі де қомақты. Жарыстың әділ өтуін бақылайтын төрешілер сақадай сай тұр. Ат жарыстың асабасы ретінде арнайы шақырылған дүроңғарлық Айбол Ыбыраев сөздің мәйегін келтіріп, шабандоздарды қанатты сөздермен бір шабыттандырып, жарыс алаңына шақырды. Айекеңде атбегі, болатын бәйгеге «Жалбыр торы» атты жылқысын қосқан. Әр жүйріктерді өз атымен мақтап-мадақтап таныстырып, халық алдында абыройын көтеріп отырды. Алдымен дода 3 айналымнан тұратын жабы тайлар бәйгесінен басталды. Қуаңдарияның бапкерлері баптаған «Байторы», «Бақторы», «Нұрқасқа» және Көмекбаев ауылының «Қарақыз» атты жылқылары жарысты бастауға ортаға шықты. «Ал жүйріктер аяқтарың талмасын. Шап!» деген пәрменненақ жас шабандоздар жылқыларын қамшылап орындарынан қозғады. Даланы қақ жарған аттың дүбірі алысқа ұзаса да естіліп барады. Жылқы десе делебесі қозатын қазағымның қиқуында шек жоқ. Әр айналым сайын атбегілер жылқысы мен шабандозын бірінші келе ме деген үмітпен алдынан шығып «Шаба түс жануарым» деп, айқайлап рухтандырып қояды. Жалпы ат жарыс пен көкпарда әртүрлі оқыс жағдайлар орын алып тұратыны сөзсіз. Дода барысында аттан құлағандар да болды. Мұндай сәтте аламанды жүргізген асаба шабандозды жігерлендіріп, «Адам аман болсын, ат аман болсын, ең бастысы сағың сынбасын батырым» деп жақсы сөздерін жеткізіп жатыр. Әрине, ол жерде жай көрермен болсақ та, асабаның қанатты сөзінен біз де күш алғанымыз жасырын емес.
Сонымен алыстан шабандоздардың қарасы көрінгеннен-ақ көтермешілер «Әне, жүйріктер келе жатыр» деп дауыстап, орындарынан серпілді. Ұзақ шабыстан көмбеге жеткен жүйріктер шаршап, қарлығып, соңғы күшін сарқып келеді. Осындай сәтте көтермешілердің қиқулап айқайлауы қарлығып келе жатқан жүйріктерге тың рух беріп, көмбеден көтеріңкі күймен өтуіне сеп болуда. Осылайша түс қайта басталған тай бәйге, құнан бәйге, тоқ бәйге, аламан бәйгенің жеңімпаздары анықталып, қорытындыланды.
Нәтижесінде жабы тайлар бәйгесінде І орынды Көмекбаев ауылының шабандозы алса, ІІ, ІІІ орынды Қуаңдария ауылының шабандоздары иеленді. Тай бәйгесі бойынша І орынды Нағи Ілиясов ауылының «Мойнақ торысы», ІІ орынды Аққұм ауылының «Алауы», ІІІ орынды Ақай ауылының «Дау күреңі», IV орынды Мәдениет ауылының «Ақбақай» жылқысы алды. Құнан бәйгеде І орынды Көмекбаев ауылының «Оригиналы», ІІ орынды Аққұм ауылынан келген «Ерке қыз», ІІІ орынды Көмекбаев ауылының «Байторысы», IV орынға Абай ауылының «Бақтөбел» жылқысы жайғасты. Тоқ бәйге бойынша І орынды Аққұм ауылынан келген «Аманат», ІІ орынды Шиелі ауданы, Балаби ауылынан келген «Ақжауын», ІІІ орынды Бұқарбай ауылынан келген «Тасқын», IV орынды Дүр Оңғар ауылының «Семсер» атты жылқысы иеленді. Ат жарысты аяқтаған аламан бәйгеде І орынды Дүр Оңғар ауылының «Жалбыр торысы», ІІ орынды Бұқарбай ауылының «Ақжолы», ІІІ орынды Таң ауылының «Асыл күреңі», IV орынды Көмекбаев ауылының «Амал» жылқысы алды.
Айта кетейік, аламан бәйгеде топ жарған «Жалбыр торы» Айбол Ыбыраевтың жылқысы. Шабандозы – дүроңғарлық Рамазан Нұрлыбекұлы, бапкері – Нұрымжан Бақытбек. Сәйгүлік бұған дейін 2022 жылы «Сыр алтын құнанын» жеңіп алған. Міне, Қуаңдарияның алпыс жылдық мерейтойында да Иса Бисенов атындағы жүлде 500 000 теңгені қанжығасына байлады.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
29 қазан 2024 ж. 830 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 244

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 346

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930