» » Әдепті келін – елдің көркі

Әдепті келін – елдің көркі

Қазақ қыз баланың тәрбиесіне аса мән берген. Халық «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп оған ұрпақ болашағының ұйытқысы ретінде қараған. Текті ортадан шыққан қыз биязы да ибалы мінезімен тәнті етіп қана қоймайды. Келін боп түскен ауылдың берекесін, ынтымағын арттырып, ұлттық дәстүрлеріміз бен әдетғұрыптарымыздың сақталуына септігін тигізеді.
«Келіні жақсының – керегесі алтын» деген осындайға айтылса керек. Ғасырлардан жалғасып келе жатқан бұл игі үрдіс Аяғановтар әулетінде де сақталған. 2008 жылы осы ауылға келін болып, ақбосаға аттап, Көптілеумен бірге бақытты ғұмыр кешіп келе жатқан Ақмарал Сағатқызы еңбек жолын «Ораз ахун ЛТД» ЖШС-де, Сәрсенбай Бөртебайұлы атындағы клуб үйінде есепші болып бастаса, 2020 жылдан бері аудандық кітапханалар жүйесіне қарасты Ақжар ауылдық кітапханасында кітапханашы болып қызмет етуде.
Адамға рухани азық сыйлап, біліммен сусындатар мәдени орын ол – кітапхана болса, кітапхананың тіршілігіне дем беретін, ұлттық құндылықтарымыз бен рухани байлығымыздың арасын жалғастыратын дәнекер әрине, кітапханашы екені белгілі. Қазіргі таңда қазыналы ордада 29992 дана кітап қоры жинақталса, тұрақты оқырман саны 919 адамды құрайды.
Ақмарал Сағатқызы түрлі тақырыпта оқырмандармен пікірлесу, сұхбат кештерін, байқаулар өткізіп, көпшіліктің көңілінен шығуда.
Жыл сайын өтетін «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында ұйымдастырылған Ә.Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» романын талқылауда Алғыс хатпен марапатталса, кітапханашылардың кәсіби шеберліктерін шыңдау мақсатында ұйымдастырылған «Кітапхана – мақтанышым, кітапханашы – мамандығым» атты жас кітапханашылардың «Жыл кітапханашысы – 2022» аудандық байқауында жүлделі 1-орынды жеңіп алған. Сондай-ақ облыстық байқауда да Алғыс хатпен мадақталып, аудан кітапханашыларына үлгі бола білді. Бұл саладағы жемісті еңбегі үшін шәкірттерін түрлі байқауға қатыстырудағы еңбегі еленіп, бірнеше рет мадақтауларға ие болды. Биылғы жылғы облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы М.Қазбековадан біздің кітапханаға Алғыс хат табыс етілуінде де Ақмаралдың үлесі бар.
Кітапханашы ой-өрісі кең, жан-жақты, білімді, өзінің мамандығына шын берілген маман болуы керек. Міне, осы қасиеттердің бәрін Ақмаралдың бойынан таба аласыз. Ауылдық кітапхана 1957 жылдан бері халыққа қызмет етіп келеді.
Кітапханада еңбек еткен «Құрмет белгісі» орденінің иегері Рахия Есмаханова, зейнеткер кітапханашы Күлаш Ақмахановалардың жарқын істерін жалғастырып, ауыл тұрғындарының алғысына бөленуде. Ол ауылдағы әйелдер кеңесінің мүшесі бола жүріп сан қилы жұмыстардың бел ортасынан табылады.
Сәрсенбай Бөртебайұлы атындағы клуб үйі ұйымдастыратын дәстүрлі «Инабатты келін», «Пай, пай, қазақтың келіндері-ай» байқауларында бас жүлде алса, ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртуда жас ұрпақты адалдық пен еңбекке тәрбиелеудегі табыстары мен жетістіктері үшін «Үлгілі ана» номинациясын иеленді, одан өзге облыстық әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен өткізілген «Жетелеген арманға сенен артық жан бар ма?» атты әже жайлы эссе жазу, «Ана әлдиі» атты бесік жырын айту байқауларында жүлделі орындар алып, ауылымыздың, ауданымыздың мерейін асырды. 2022 жылдың қорытындысымен Аяғановтар отбасы «Үлгілі отбасы» номинациясына лайық деп танылып, ауыл әкімшілігінің бағалы сыйлығын жеңіп алды.
«Мерейлі отбасы – 2023» Ұлттық байқауының аудандық кезеңінде Аяғановтар отбасы 1-орын иеленіп, аудан әкімінің Дипломымен құрметтелсе, аудан басшысының мерекелік қабылдауында болды.
«Жас келсе – іске» дегендей, осындай үлгілі, өнегелі, ауылымыздың мақтанышы Ақмарал облыстың құрылғанына 85 жыл толуына орай шығарылған сырбойылық жастардың алғашқы анықтамалығы «Сыр үміті» жобасын жүзеге асыруға атсалысқаны үшін қоғам ісінде жанашыр, кәсіби сала үздіктерін жинақтаған кітапқа еңбек жолының енгізілуі – біздер үшін үлкен мәртебе. Кітапханашының ауылдық сайлау комиссиясының хатшысы ретінде атқарып жүрген жұмыстары өз алдына бір төбе.
Жанұясында жолдасы Көптілеумен бірге Еркін, Рамазан есімді балаларын өсіріп тәрбиелеуде. Балаларының сүйікті әжесі Бақыткүл аналарымен бірге үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, еңбекке баулу, адал, шыншыл болумен қатар ізгілік, парасаттылық нәрін егуде ақылдасып, пікірлесіп отыруының өзі жанұядағы сыйластықтың айқын бір көрінісі. Отбасының көркін келтіріп, жан-жақтылығымен танылып жүрген Ақмарал сияқты келіндеріміз әрбір шаңыраққа шаттық ұялата берсін демекпіз.
Рая ҚАЙЫРҚЫЗЫ,
Ақжар ауылдық аналар кеңесінің төрайымы
15 қазан 2024 ж. 160 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№96 (10361)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (10360)

30 қараша 2024 ж.

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 510

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 582

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031