ӘН ҒҰМЫР

1968 жылы аудан орталығындағы №105 мектепті бітірген жылы жапа-тармағай жоғары оқу орнына құжат тапсырып, конкурстан өтпей ауылға оралдым.
Бір күні бір көше бойында тұратын Базарбай ағамен амандық-саулық сұрасып, жұмыс туралы да әңгіме қозғалды.
– Аудандық мәдениет үйінде бір методистік орын бар, келіссең Ақзада апаймен барып сөйлесіп көр, деді. (Ақзада Танашқызы сол уақытта аудандық мәдениет үйінің директоры болатын).
Апта өтпей, мәдениет үйінің методисі болып жұмысқа орналасып, Базарбай ағамен жұмысты бастадым.
... Біз сонау 1957 жылдары үй ішімізбен қыстақтың солтүстігінде орналасқан Қазан көшесіне көшіп бардық. Көшенің арғы жағында «Балдақ» өзегі бар еді. Бұл өзектің талай бала балығын аулап, суына шомылып, қыс болса шанасын сүйретіп, коньки теуіп қызыққа бататын. Кейін сол жерге айналдыра бөгет соғылды. Балалардың ойынына бұл да бөгет бола алмады. Жылдың қай мезгілі болса да бала біткен сол бөгет басындағы қызыққа асығатынбыз.
Әлі есімде, бала кезімізде сол бөгет басынан сырнайға қосыла, адамның жан дүниесін баурап алатын бір қоңыр дауыс естілетін. Тыңдай келе, сырнайға қосыла шыққан әсем дауыс иесі әнші Базарбай ағамыз екенін білдік. «Құлақтан кіріп, бойды алар» әсем әннің, әуезді саздың жан дүниеңді тербер сиқырлы күш екенін Абайдай тап басып ешкім айтып бере алмас. Бұл әркімнің болмысына ғана тән нәрсе ғой. Әнді әркім әрқалай қабылдайды.
Әйтеуір Базарбай ағаның айтқан әндері есіме түсе қалса, сонау алыста қалған аяулы жастық шағымның сағыныш әуені талып жеткендей болады. Кей кездері сол бөгет жанындағы кішкентай көшені оймен шарлап, жүрегіне әсем әуезді қондырған аяулы жанның қоңыр даусын іздеймін.
Иә, Базарбайдың әндерін 60-70 жылдардағы ауыл жастары әсте ұмытар ма? Оның жан дүниеңді еріксіз елітетін қоңыр дауысын одан кейін кездестірген емеспін. Кез келген ауылдағы той-томалақтар, жастар кеші, мерекелер ағаның салған әндерімен тербелсе, қаншама жас өмірдегі бақытын тапты.
Оның дауысы музыка тілімен айтқанда «баритон» деп аталады. Бұл – құлаққа аса жағымды, мақпалдай қоңыр дауыс. Өте сирек кездесетін құбылыс десе де болғандай. Ол өмірде өте қарапайым кісі еді. Көзі көрмесе де көзі бардан әлдеқайда көкірегі ояу, ерікжігері мықты, өмірге құштарлығы, ықыласы ерекше байқалатын. Өлеңнің сөзін екі оқығаннан кейін жаттап алатын. Сол кездерде бүкіл ауданда баянда жақсы ойнайтын екі-үш адам ғана болса, соның бірі және бірегейі – осы Базарбай Жүсіпбаев десек, қателеспейміз.
Ағамыздың орындаушылық шеберлігі өте жоғары болатын. Абайдың «Көзімнің қарасы» әні әншінің орындауында тіпті құлпырып кететін. Әнді айтып тұрғанда оның тұңғиық жанарынан әлдебір мұңы, өмірге құштарлығы сезіліп, тыңдаушысын әдемі бір күйге бөлейтін. Әсіресе, «Жырлайын, жырлайын, ағызып көз майын» деп тебірене әндеткенде, осы бір қаршығадай адам қанаттанып, зорайып, тылсым жанарынан әлдебір сәуле жалт еткендей жарық дүниені көруге деген құштарлығы сезілетін. Ішкі дүниесіндегі айта алмаған арманын, мұңын, тең құрбысымен жарқылдап жүре алмағандығын осы өлеңмен сыртқа шығарып тұрғандай әсер қалдырушы еді.
Ол өнерге шын ықыласпен басын иген адам. Арнайы музыкалық білімі болмаса да, баянның пернелерін саусақтарымен дәл тауып, барлық позицияда еркін ойнайтын.
Ұлы Жеңістің 55 жылдық мерекесінде аудандағы соғыс ардагерлері бас қосқан кеш ұйымдастырылды. Кеште ардагерлерге арналып «Соғыстан қайтқан солдаттар» әні орындалды. Ән орындалып болған соң бір ардагер ағамыз тұрып: «Базарбайдың орындауында бұл ән тыңдаушысын керемет баурап алатын еді» деп сағына да күрсіне еске алды. Бұл – Базарбайдың дауысын сағынып, оның өнерін шын бағалаған сөз болатын.
Әншінің арамыздан кеткеніне біраз жыл болды. Кейінгі жастар тіпті ол жайлы білмейді. Бірақ Базарбайдың өзі шығарған бірнеше әндері ел аузында жүр. Сол әндердің бірі – «Сағыныш» деп аталады. Сөзін жазған – С.Сармолдин. Өнердің шарапаты тиген осынау бір жанның өмірі, ерекше дарыны ұмыт қалмас үшін аудан орталығынан бір көшеге есімі берілсе де артық болмас еді.
Бірде үйдегі ескі газет қиындыларын қарап отырып, 1999 жылдың 6 ақпанында шыққан №6 «Қармақшы таңы» газетінде «Ұрпақтар бірлігі халық бірлігіне жалғасса» атты дөңгелек үстел отырысы ұйымдастырылған екен. Сонда «Ауданның мәдениет саласын дамытуда, рухани өмірді түлету бағытында қандай ісшаралардың өткізілгенін қалар едіңіз?» деген сауалға ұзақ жылдар ауданымыздың мәдениет саласын басқарған, марқұм Сұлтан Сармолдин ағамыз былайша сөз қозғаған екен.
«Мен мәдениет саласының жұмысына қызығамын. Өзім көп жылдар бойы сол саланың ауыртпалығын көтеріп, қызығына, қуанышына ортақ болған жанмын. Бізде қаншама өнерпаздар, тіпті бала күнінен өнермен етене араласып келе жатқандар, оның ішінде марқұм болып кеткендері бар. Мысалы белгілі әнші, жыршы, сазгер Базарбай Жүсіпбаев туралы қалай айтсақ та мақтанарлық дерегіміз жеткілікті.
Кезінде республикаға белгілі Халық әртісі Роза Бағланова сынды апаларымыз оның өнеріне тәнті болып, Алматыға алып кетпекші болған. Басқа да дарынды өнер қайраткерлері Базекеңе қолқа салған еді. Бірақ жанұя жағдайына байланысты Базекең ол жаққа да бара алмаған еді.
Енді міне, сол айтулы әншіміз қазір елеусіз қалып отыр. Оның жақтаушысы – біздер өнер жанашырлары болмасақ, басқа кім атын шығарады? Айталық, Базекеңнің атына конкурс: ән, терме, күй сайыстарын ұйымдастырсақ. Бұл әр уақытта өнер адамын сыйлап, құрметтегеніміз емес пе?» деп ардақты азамат жайында орынды ойына «Шынында да Базарбай жөнінде дұрыс мәселе қозғап отырсың» депті ақын, жыршы әрі әнші Қали Шыңғысов ағамыз.
Ауданның мәдениетін, өнерін көтеруде Базарбайдың қосқан үлесі сүбелі. Жарты ғасырға жуық сахнада өнер көрсетіп, жұртшылықтың құрметіне бөленген дарынды өнер иесінің орны қашанда бөлек. Сондықтан оның атында жүлде ұйымдастырып, конкурс түрлерін өткізу – өзі сұранып тұрған дүние. Міне, ұрпақтар сабақтастығы дегеніміз осыдан өрбиді. Бірлігімізді де осы тұста байқата аламыз деген екен, бұдан ширек ғасыр бұрын қадірлі ағаларымыз.
Соның уақыты енді туып жатқандай. Бірер ай шамасында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Базарбай ағамыздың жақынжуығы, ол кісіні сыйлап-құрметтейтін бір топ азаматтардың ұйытқы болуымен мәдени ісшаралар өткізу жоспарлануда. Шынында да, туған топырағында абзал ағаның атында ән, жыр-терме, күй сайыстары өткізіліп жатса, киелі өнерді ел болып бағалағанымыз емес пе?!
Уахитбек СҰҢҒАТОВ,
ардагер-ұстаз
07 қазан 2024 ж. 235 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 055

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031