Құқық бұзушылық – қоғам кеселі
Соңғы уақытта аудан көлеміндегі топтық төбелес бүгінде ел назарына тағы бір мәрте ілігіп, жұртты шулатты. Сол баяғы арғы бет пен бергі бет арасындағы бітпейтін жыр. Бұған қалай нүкте қоямыз, қайтсек бөгет боламыз?
Сауалдың түйінін тарқату үшін Ш.Төлепова атындағы мәдениет үйінде аудан әкімдігінің жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті. Оған қоғам белсенділері, құқық қорғау саласының өкілдері, алдагерлер алқасы және жергілікті атқамінерлер қатысты. Жиынды жүргізген аудан әкімінің орынбасары Жарқын Омаров таразы басындағы келелі мәселеге тоқталып, қатысушыларды пікір алмасуға ашық алаңға шақырды.
Отырыста «Аудан көлемінде топтық төбелес қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарының барысы туралы» аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Бағдат Ақтаевтың баяндамасы тыңдалды. Ауданның сақшысы тек баяндап қоймай, атаулы қылмысты болдырмау үшін қоғам болып бірлесіп жұмыс істеу керегін тиек етті. Сондайақ бірнеше міндеттемені көтерді.
Мұнан соң аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаршыға Есдәулетов, еңбек ардагерлері Иса Бисенов, Есет Назарқұлов, кент тұрғындары Берікбай Әбдіраманов, Қуаныш Төреев, тағы басқалары өз ойларын ортаға салды.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Жарқын Тұрмаханұлы сала басшыларына, соның ішінде полиция тобына құқық бұзушылықтардың жолын кесу туралы тапсырма жүктеп, бейнебақылау камералары арқылы қылмыстық істі анықтауды тапсырды.
Ерсін СӘДУҰЛЫ