Ұстанымы - ұлт мұраты
Жосалы кенті орталығындағы Ш.Уәлиханов атындағы №26 орта мектеп директорының бастауыш сынып оқу ісінің орынбасары Баян Махамбетова 1963 жылы ұстаздар отбасында дүниеге келген. Ол Ақжар ауылындағы №28 орта мектепті ойдағыдай аяқтап, Н.Гоголь атындағы педагогикалық институттың «Бастауыш сыныптар методикасы және педагогика» факультетіне оқуға түсіп, 1984 жылы бітіріп шығады.
Б.Сәдуақасқызы ұстаздықты Ақтөбе облысына қарасты Байғанин ауданындағы Жаңажол орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып бастап, 1987 жылы №26 мектепте еңбек жолын жалғастырады. Сол уақытқа да аттай 40 жыл болыпты. Ол әркез әріптестеріне жүз жылдан аса шежірелі тарихы бар қарашаңырақта жұмыс жасағанын мақтан етіп айтып жүреді. Сол шаңырақта қызметін мұғалім болып бастап, ауданның білім саласында елеулі еңбек еткен, мектеп директоры қызметіне дейін көтерілген асқар тау әкесі Сәдуақас Махамбетовтен алған тәрбиесі, жас маман болып келгенде жұмысын бірден игеріп әкеткені де мамандығына деген адалдығы мен жақсы тәрбиесінің арқасы деп ұғамыз. «Мамандық таңдауда әкемнің ықпалы зор болды, әке, мен сіз сияқты орыс тілі пәнінің мұғалімі болғым келеді дегенде, қызым, қазір пединституттарда жоғары білімді бастауыш сынып мұғалімін дайындайтын факультеттер ашылып жатыр, бастауыш сынып мұғалімі болғаның дұрыс» деп айтқанын ол үнемі сағынышпен есіне алып отырады.
Білім ордасындағы әкесімен замандас болған, ауызбіршілігі мықты, тату, оқу мен тәрбиені тең ұстаған білім ордасында сол кездегі аға буын өкілдері – Қали Шыңғысов, Зибаш Қамбарова, Ұмсын Омарова, Әсия Юсупова, Нәжмадин Өсеров, Жүрсінгүл Егізбаева, Балдай Қосбергенова, Раушан Байназарова, Дина Әміралиева, Балтабек Шүлтіков, Шынаркүл Әнафияқызы, сонымен қатар Жаңагүл Әбдіжәлелова, Ханымша Сүлейменова, Рая Аққозиева, Қалдыгүл Жүнісова, Дархан Кенжебекова, Сәуле Серекова, Рауа Бүркітбаева, Болат Жұмабаев секілді әріптестерінен қолдау алып, педагогикалық тәжірибелерін үлгі ете білді. Оның ішінде бастауыш сынып мұғалімі Рая Аққозиеваның тәлімгерлік еңбегін ерекше атап айтуға болады. «Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға» дегендей, өз ісінің маманы ретінде ұжымның сеніміне ие болып, 2003 жылы мектеп директорының бастауыш сынып оқу ісінің орынбасары болып тағайындалды. Орынбасар бола жүріп ауданның білім саласындағы келелі істерде белсенділікпен жұмыс жасап, бастауыш сыныптар бойынша облыстық, аудандық семинар, конференция, педагогикалық іс-шаралардың өтуіне басшылық жасады. Облыстық білім жетілдіру институтының штаттан тыс «Бастауыш сыныптарда дамыта оқыту әдістерінің тиімділігі» тақырыбында лекторы болды. Бірнеше рет Қазақстан Республикасының Білім министрінің, облыстық, аудандық білім басқармасы мен бөлім басшылығының алғыс хаттарымен марапатталды. Жоғарғы санатты педагог-зерттеуші квалификациясына ие болды. Қазіргі таңда мектеп ұжымын басқарып отырған Мәуегүл Ерғалиева бір пікірінде: «Баян Сәдуақасқызы шығармашылықпен жұмыс жасайтын, талап қоя білетін, жаңа инновациялық технология элементтерін қолдана отырып, әр мұғалімнің жұлдыз болып жарқырауына жол таба білетін, өз мамандығын жетік меңгерген, теориялық білімді, әріптестеріне үйретері көп ұстаз. Мектебіміздің тарихи кезеңдерінің куәсі болған, оның салмақты мінезі, байыптылығы, іскер басшы ретінде үлгі алуға болатын ұстаз» деп жоғары бағасын берген еді.
Білім саласының білікті маманның іс-тәжірибесі аудан, облыс көлемінде таратылып, «Дидактикалық материалдарды пайдаланудың қазақ тілі сабағында атқаратын ролі» әдістемелік құрал, «Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында бастауыш сыныптарда жеке тұлғаны қалыптастыру ерекшеліктері», «12 жылдық білім беруге көшудің өзекті және түйінді мәселелері» тақырыбындағы мақалалары республикалық ғылыми-әдістемелік журналдарға жарияланды. «Жаңартылған білім беру мазмұнындағы 4,9,10 сыныптарға арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді педагогикалық қауымға таныстыру және талқылау» тақырыбында ұйымдастырылған облыстық оқу орталығының жұмысшы топ құрамының мүшесі болды. Білім ордасында мұғалімдік мамандықтың ыстық-суығында бірге еңбек етіп келе жатқан әріптестері – Ақжамал Бұйрабаева, Әбутәліп Жалмағанбетов, Бибігүл Шерімова, Мұхтар Науанов, Гүлбану Тұрымтаева, Зина Нақыпова, Бағжан Мадиярова, Гүлзира Бекпанова, Айгүл Әбдиева, Айымкүл Базарова, Зухра Ниязовалар оның есімін мақтанышпен айтады.
Әкесі Сәдуақас пен анасы Айымкүлдің отбасы тәрбиесін бойына сіңіріп өскен Баян жас ұрпаққа білім нәрін сеуіп, еңбексүйгіштік пен адамгершілікке тәрбиелеп, білімі мен өнегесін шәкірт тәрбиелеуге жұмсаған адал жан. Білім берген шәкірттері қазіргі таңда сан түрлі мамандық иесі болып қызметтер атқаруда. 40 жылғы еңбегінде бастауыш сынып мұғалімі, оның 21 жылы мектеп директорының орынбасары қызметінде болыпты. Сондай-ақ облыстық Оқу орталығының Қармақшы ауданы бойынша Бастауыш сынып оқу орынбасарлары бірлестігінің жетекшісі болды. 2021 жылы «Бастауыш мектеп – білім мен ғылымның бастауы» тақырыбындағы республикалық бастауыш сынып мұғалімдерінің съезіне аудан мұғалімдері атынан делегат болып қатысқаны – мерейімізді үстем еткен-ді.
Б.Сәдуақасқызы ұстаздар династиясының заңды жалғастырушысы болса, отбасында жан жары, марқұм Қуандық Ибраимов та мұғалім болып абыройлы еңбек еткен болатын. Ерлі-зайыптылар үш бала тәрбиелеп өсірсе, бүгінде екі келіні педагогика саласында жұмыс істеуде. Берекелі шаңырақта сүйімді немерелер өсіп келеді. Заман талабына сай қызмет атқарып, ұжым, ата-ана, шәкірт құрметіне бөленген әріптесімізді құрметті зейнеткерлік демалысына шығып отырған қуанышымен құттықтаймыз.
Шынаркүл СМАЙЛОВА,
ардагер-ұстаз