Кадрлық резерв жұмыс сапасын арттыруға сеп
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, еліміздің барлық өңірлерінде, республикалық маңызы бар қалаларда және Астанада өңірлік кадрлық резервтерге іріктеу жұмыстары басталғаны белгілі. Мақсаты – жас басқарушылардың өңірлік пулдарын қалыптастырып, өңірлерді дамытуға талантты да дарынды жастарды тарту. Ресми мәліметке сүйенсек, облыс бойынша іріктеудің алғашқы кезеңінде 235 үміткерден құжат қабылданып, комиссияның соңғы отырысы бойынша 25 үміткер жеңімпаз болған.
Өңірімізде өткізілген кадр резервіне іріктеуге қатысты өткен жылдың қазанында облыстың кадр комиссиясы құрылып, сапалық бағыттары айқындалған. Бірінші кезеңінде 235 үміткердің құжаты қабылданса, екінші кезең екі блокта өтіп, оның алғашқысында заңнаманы білуге арналған тестілеуге 226 үміткер тіркеліп, 220-сы тест тапсырған. Ал, екінші блок – жеке қасиеттерді бағалауға арналған тестілеуге 115 үміткер жіберіліп, оның 114-і тестілеуден өткен. Нәтижесінде, 51 үміткер кадр резервінің үшінші кезеңіне жіберілген. «Құзыреттерді бағалау» кезеңі осы жылдың мамыр айында Астанада Мемлекеттік басқару академиясында оффлайн форматта жүргізілген. 51 үміткердің басым бөлігі мемлекеттік қызметшілер, халыққа қызмет көрсету орталықтарының және жеке сектордың қызметкерлері мен мұғалімдерден тұрған. Конкурстың төртінші кезеңіне ниет білдірген үміткерлер саны 48 адамды құрап, ҚР Президенті жанындағы басқару академиясында жүргізілген ассесмент қорытындысымен 40 үміткер комиссияның құрылымдық сұхбаттасуына өткен. Олардың 3-еуі жеке себептерімен қатысудан бас тартса, 37 үміткердің қатысуымен 20-22 тамыз күндері өңірлік комиссияның құрылымдық сұхбатына жіберіледі. Айта кету керек, сұхбат барысында іс-сапардағы немесе өзге өңірлерден қатысушы кандидаттарға қашықтан «ZOOM» платформасы арқылы қатысу мүмкіндігі берілді. Ал, 23 тамызда комиссияның соңғы кезеңінде 25 үміткер жеңімпаз болып танылған. Олардың 12-сі әлеуметтік, 4-еуі индустрия және өнеркәсіп, 3-еуі агроөнеркәсіп, 3-еуі экономика, 2-еуі экология және 1-еуі цифрландыру саласы бойынша тізімге енгізілген. Резервте болу мерзімі 2 жылды құрайды. Екі жыл ішінде кадр резервіне қабылданған үміткерлерге жергілікті атқарушы органдардың «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурс өткізілместен орналаса алады.
Айта кетерлігі, аталған конкурстан мүдірмей өтіп, жеңімпаз болған 25 үміткердің 4-еуі біздің ауданымыздан. Олардың қатарында аудан әкімі аппаратының құжаттамалық қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің бас инспекторы Нұрсұлтан Жолмаханов, Төретам кенті әкімі аппаратының жетекші маманы Рауабану Каракеева, аудандық Отбасын қолдау орталығының әлеуметтік жұмыс жөніндегі консультанты Серікболсын Маденов және аудандық білім бөліміне қарасты №272 орта мектептің мұғалімі Мәуегүл Есенгелдиновалар бар.
Осы конкурсқа қатысқан жеңімпаздың бірі – Серікболсын Бекболатұлын сөзге тарқан едік.
– Өңірлік кадр резервті конкурсы бұл Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасы. Мұны еліміздің болашағы – жастарға деген жанашырлығы деп қабылдаймын. Артықшылығы – байқаудан өткен азаматтар мемлекеттік қызметке конкурссыз, комиссиясыз бос орынға тікелей бара алады. Біздің облыстан 25 адам жеңімпаз болды. Әуелі электрондық өңірлік кардр резервінің сайтына кіріп, құжатымызды өткіздік. Одан соң жеке қасиеттерін бағалауға арналған психологиялық тестілеуге жазылып, оны тапсырдық. Үшінші шарт бойынша Астана қаласында "Құзыреттерді бағалау" кезеңінде жеке-жеке қабылдап, 2 айдан кейін ғана жауабы шықты. Соңғы туры құрылымдық сұхбатымыз Қызылордада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өтті. Оған 40 адам қатысып, 25-і мүмкіндік алды. Осы қатардан көрінгенімізге қуанамыз.
Біздерді аудан әкімі Жандос Еркінбек арнайы қабылдап, сенім білдірді. Сонымен қатар іріктеуден сәтті өткенімізбен құттықтап, пікір алысты. Жастардың мемлекеттік қызметке деген көзқарасын, әрқайсымыздың ойымызды сұрады. Қызметке орналасқан жағдайда қандай жұмыстар атқарылатыны жөнінде де талқылаулар жасалды. Мен өз басым мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істемегенмін. Дегенмен, алда сондай мүмкіндік бұйырып жатса, сапалы, тиянақты, адал қызмет етемін деп сенемін. Қандай жұмыс болса да істеуге әзірміз, – дейді ол.
Сәрсенкүл АҚКІСІ