Жас механизатор
Механизатор – ауыл шаруашылығы саласындағы ең маңызды мамандықтардың бірі. Аудан-ауылдарда бұл кәсіп иелеріне деген сұраныс жоғары. Дегенмен бүгінгі таңда тракторларды негізінен орта және аға толқын өкілдері жүргізетіні жасырын емес. Осы орайда жас болса да жауапкершілігі жоғары істе еңбек етіп жүрген Жасұлан Дәулетбаевты мақаламызға арқау етпекпіз.
Ол ауданға қарасты Тұрмағамбет ауылының тумасы. Сыр салысынан тау тұрғызған шаруалардың ізбасары жаны қалаған қызметтің қыр-сырына бала кезінен қаныққан. Себебі әкесі Кеңесбек те осы саланың маманы. Тұрмағамбет ауылындағы №29 мектепте білім алып, Қызылорда қаласындағы гуманитарлық колледжде орта білімді игереді. Алайда мамандық бойынша емес, жан қалауымен 2017 жылдан бері «Тұрмағамбет» ЖШС-да еңбек етіп келеді.
– Мен механизатор болып еңбек етемін. Әкем де осы шаруашылықта еңбек еткен. Солардың ізінен еріп, туған ауылымда қызмет етемін. Қазіргі жастар ауылдан жыраққа кетіп, табысты сырттан тапқысы келеді. Барлығы бірдей ауылдан кете берсе, бабамыздан қалған берекемізге кім ие болады?! Оның үстіне ауылымызда жастарға барлық жағдай жасалған. Ауыз су, мектеп, балабақша бар. Жұмыс істеймін деген азаматтарға қызмет табылады. Кәсіп ашамын деген жастарға мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие беріледі. Жастар бірлігімізді танытып, тату тірлігімізді көрсетсек, ел де, ауыл да дамиды. Біз секілді өскелең ұрпақ ауылдың болашағын ойлағаны, ерінбей еңбек еткені дұрыс. Еңбек ерлерінің ізгілікті жолын жалғауды өзіме міндет санаймын, – дейді Жасұлан Кеңесбекұлы бізбен әңгімесінде.
Жұмысына жауапты қарайтын жас маман жыл сайын үздіктер қатарынан көрініп, марапаттан құр қалған емес. Мәселен, 2018 жылы озат тасымалдаушы атанса, 2019 жылы үздік тасымалдаушы номинациясын иеленген. 2020 жылы аудан бойынша І орынды алса, 2021 жылы ІІ орынды қанжығасына байлаған. 2022 жылы да жақсы нәтиже көрсетсе, өткен жылғы «Жастар форумында» марапат төрінен орын алған.
Еңбегі елеулі жас маман алдағы уақытта да бұл ісін жалғастыруға ниетті. Басты мақсаты – адал еңбек ету. Ал адалдық бар жерде адамдықтың да қатар жүретіні әмбеге аян ғой. Ауыр жұмыс деп артқа шегінбейтін, артылған сенімді ақтай білетін осындай жастардың қатары көп болса дейміз.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА