» » Жаздым үлгі жастарға бермек үшін

Жаздым үлгі жастарға бермек үшін

Елімізде жыл сайын 10 тамыз – қазақтың бас ақыны, пәлсапашы, аудармашы һәм сазгер Абай Құнанбаевтың күні ретінде аталып өтіледі. Бұл дәстүр биыл да өз жалғасын тапты. Бейсенбіде аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен Әлем ВООК жобасы аясында ақын шығармашылығына арналған «Жаздым үлгі жастарға бермек үшін» атты әдеби кеш өтті. Оған зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, жастар мен мектеп оқушылары, кітапхананың тұрақты оқырмандары қатысты.
Әр кезеңнің ұлттық дамуына үлес қосатын теңдессіз тұлғалары болады десек, Абай да сол қатардан жарқырай көрінген болар еді. Бұл тұрғыда оның қазақ тарихы мен әдебиетінде алар орны ерекше. Ол бірде әділетсіздікті сынап, қалың елі қазағын адалдыққа шақырса, бірде жастарды сауатты, ілімдібілімді болуға үндеді. Бірде рухты жырларымен қоғамға ой салса, енді бірде қазақ даласында қоңыр ән болып тербелді. Қалай десек те, ұлы тұлғаның халқына қалдырған рухани мұрасы шетсіз-шексіз теңіз іспетті. Заманынан озып туған, парасат пен көркемдік сатысына көтерілген ғұлама, дана, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының артына тастап кеткен мол қазынасы ешқашан құндылығын жоймақ емес.
Кешті мағыналы етіп жүргізген кітапханашы Ұлжан Өтешова ой сергіту мақсатында қатысушылармен байланыс жасап, ақын өмірі мен шығармашылығына байланысты бірқатар сауалдар қойды. Содан соң жас оқырмандарды ақынның өлеңдерін оқу үшін ортаға шақырды. Жиналған көпшілік студенттер Дәуіржан Жұмабеков, Мирас Аманбай, Айдана Шанахаева, Руслан Жұма, Әсет Уәлиев және А.Жанпейісов атындағы №105 мектеплицейдің оқушылары Ұлпан Сәрсенбек, Айша Серіктер ақын өлеңдерін жатқа айтып берді. Бір айтарлығы, осы көркемсөз оқушылардың қатарында ең жасы, Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеплицейдің 5 сынып оқушысы Күнайым Айболқызы да Абай атасының кең таралған мысалын жатқа оқып, поэзияға деген құрметін көрсетті. Ол іс-шараның болатынын әлеуметтік желі арқылы біліп келген.
Рухани кеште оқырмандар Абай әлеміне тағы бір саяхаттап келді. Онда ауданымыздың бір топ жастары заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы желісі бойынша «Құнанбай мен Абай» атты қойылым қойып, сонау дәуірге жол ашты. Әке мен баланың және басқа да образдар сәтті суреттеліп, көптің қошеметіне бөленді. Көріністің шынайы шығуына атсалысқан «Жасыл ел» жасағында еңбек етіп жүрген елжанды жастарымыз – Бақнұр Құттыбеков, Ералы Мұсаев, Руслан Жұма, Айбек Мұхамбетұлы, Дәуіржан Жұмабеков, Нұрасыл Ізтілеуов, сондай-ақ, Расул Бектауов, Әсет Уәлиев, Мирас Аманбайларға айтар алғысымыз шексіз десек, осы көріністе Абайдың анасы Ұлжанды сахналаған кітапханашы Кенжегүл Қошманова көрермен көзайымына айналды.
Іс-шарада аудан ардагерлері Асқар Мереков, Шегебай Құндақбаев, аудандық «Қармақшы таңы» газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Райымбаева, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлшара Қаниевалар сөз сөйлеп, ақын жайында әңгіме өрбітті. Жастарды тұрақты түрде кітап оқуға шақырды.
Әдеби кеш соңы Абайдың «Көзімнің қарасы» әні көпшілікпен шырқалып, естелік суретке түсумен аяқталды. Белсенділік танытқан жастар да қалыс қалмай, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің алғыс хатымен марапатталды.
– Кешімізге қатысқан барша оқырмандарымыз бен ардагер, жастарымызға алғысымызды айтамыз. Оның ішінде аудандық Жастар ресурстық орталығына жастарды ұйымдастырып, іс-шараның мазмұнды өтуіне қосқан үлесі үшін ризашылық білдіреміз, – дейді оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Ләйла Сыздықова.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК
12 тамыз 2024 ж. 188 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 286

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 381

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930