» » Инфобизнес: ақыл ма, ақша ма?

Инфобизнес: ақыл ма, ақша ма?

Қазір тез баюдың жолын үйретеміз, тұрмыс тауқыметінен шығатын жолды көрсетеміз дейтін мотиватор-коучтар көбейген. Бірақ олардың білім деңгейіне мән беріп жатқан жан сирек. Арнайы академиялық білімсіз-ақ адам оқытып, дәріс беретін инстаоқытушылар онсыз да «шықпа жаным, шықпалап» отырған халықты босқа әурелеп, салмақ салып отырғанын түсінгісі келмейді.

Иә, бүгінде халықтың бір парасы қалтасындағы соңғы тиынын «баюдың жолын үйрететін» жаңағыдай курстың біріне құя салады. Құдды содан кейін бақуатты өмір сүретін адамдай. Әсілі ақшаның еңбекпен, әрекетпен келетінін ұмытып кетіп жатады көбі. Барлығына жылдам жеткісі келеді, тез байып кетуді ойлайды. Бірақ байлық әп сәтте келе қоятын дүниедей айтады ғой әлгі «ақылсатқыштар».

 «Менің 10 млн қарызым болды. Оны алты айда жауып тастадым. Қазір ақшадан қиыншылық көрмеймін. Сізге де табысты болуды үйретемін. Бүгін болатын тегін мастер классқа қатыс. Қапы қалма». Міне, дәл осылай өзінің ақылын саудаға салады. Енді бастап келе жатқандар мұны 990 теңгеден бастаса, сатып үйренгендердің бағасы сатылап жоғарылай береді. Құны 1 млн теңге тұратын білім деп адастыратындары да жоқ емес. Бұл да бер жағы. 10-20 млн тұратын білімдер де бар. Бірақ оған көбісінің қолы жетпейді.  

Рас, қазіргі адамдар қым-қуыт тірліктен мезі болғандай әлеуметтік желідегі ақылгөйлердің ақылын «ақылы» түрде тыңдағанды жөн көреді. Олардың ұсынатын қызметі де сан алуан. Бірі – құмалақпен болашақты болжаса, енді бірі – карта арқылы ойран болған отбасының қайта бірігуіне кепілдік береді. Ал келесісі сандар арқылы жолыңды ашамын деп сендіреді. Соңғы уақытта «хит» болып келе жатқаны – инфобизнес. Яғни ақпаратты біліп, оны ақшаға айналдыру. Соның ішінде ақшаға табысты болудың жолын үйретемін дейтіндері көп. Әрине, олардың көмегіне жүгінетіндер де баршылық. Ақыл-кеңес сұрайтынның дені – нәзікжандылар. Себебі күнделікті күйбің тіршілік, қалыпты жұмыс, үй шаруасы мен бала тәрбиесінен қажыған әйелдердің басқа ақыл сұрар адамы жоқ. Іштен тынған солбір дертін ашыла айтатын адам іздейді. Қош. Жақсы жаққа өзгеріп, отбасы берекесінің бірлігін одан әрі ажарландыра түссе құба-құп. Десе де өзгенің «ақылы» ақылы қашанға дейін жалғаса бермек?

Әлеужеліде олар өзге адамдарды бақытты өмірімен, қымбат заттары, көліктері, түрлі шетелдегі саяхаттарымен қызықтырады. Бақ-дәулеті шал­қығандай әсер береді. Жеме-жемге кел­генде, онысы жалған, қойылым болып жатады. Бұлар негізінен, курсты, тренингті, өздері жазған әлдеқандай кітапты, оқу материалын, табыс әкеледі деп дүйім жұртқа жария салатын өнімдерді сатады. Дей тұра олардың салмақты құны жоқ. Олар өз­дерін инфобизнесмен, бизнес жаттық­тырушы, коуч, мотиватор, инвестор ретінде таныстырады. Осылайша өздерін табысты көрсеткісі келеді. Мұнысы – көзбояушылық. Ал ауыр тұрмыстан шаршаған, жалақысы мардымсыз адамдар соларға имандай сенеді. Жол, жөн көрсетіп жіберсе, соған қолы жетеді деп үміттенеді.

Қазірде «бай болу» бүкіл адамның сұранысы. Сәйкесінше, сұраныс болған жерде ақша да көп. Демек, адамдарға бай болудың жолын үйрету арқылы ақша табуға болады. Осы жолмен ақша табатындарды «инфосығандар» дейді. Яғни адамның арманынан ақша жасаушылар.
Сіз өз арманыңызға жетуге күш беретін мотивацияны, табысты болудың жолдары туралы пайдалы кеңесті сатып аласыз. Қысқасы, нәтижені сатып ала алмайсыз. Көбі мұны түсіне бермейді. Яки қабылдай алмайды. Курс сатып алдым, бітті, байып кетемін деген сөз жоқ қой.  Қандай да бір істе болмасын әрекет керек. Еңбектену қажет. Бұл екеуі болмаған жерде байып, табысты болып кетемін деген бос сөз.

Әсілі барлығы мына біздің ойлау деңгейімізде жатыр. Әлбетте жаман ойласаңыз, арты қалай болары белгілі. Керісінше, жақсы ойласаңыз, нәтижесі сіз күткендегіден әлдеқайда жақсы болуы бек мүмкін. Сол себепті ең бірінші кезекте ойымызды өзгертуге күш жұмсауымыз қажет. Иә, ойымыз өзгергенде ғана біз өзгере аламыз. Дей тұрғанмен өзгеге ақыл айту қаншалықты оңай болса, адамның өзімен жұмыс істеуі де соншалықты қиын.

Өз ойыңды  дұрыстау, өз-өзіңе жауапкершілік алу, ешкімді кінәламауға үйрену, бітпейтін шағым айтудан арылу, әрине бір мезетте бола салатын дүние емес. Мұның барлығы уақыт еншісінен өтетін жайт. Рас, бәрін ойға әкеп тіредік. Бәлки, мұның сыры санамыздың тазалығында жатқан болар. Кез келген дүниеде тазалықты жақсы көреміз ғой. Көрер көзге, айтар тілге тазалықтың болғаны жақсы емес пе?!

Сөз соңында айтпағымыз мынау. Иә, курс сататындардың барлығын алаяқ дей алмаймыз. Сауатты, ақылды дұрыс саудалай алатындар бар. Бірақ оны орынды қолдану маңызды. Алған білімге сай әрекет ету арқылы табысты болуға мүмкіндік те бар. Тек көрінген курсқа оңды-солды қатыса бермей, алдын ала зерттеп алған артықтық етпейді.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
06 тамыз 2024 ж. 155 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 289

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 384

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930