» » Тегін ірімшік қақпанда ғана

Тегін ірімшік қақпанда ғана


         Қазір барлығы цифрлы техниканың құлағында ойнайды. Әлемдік ақпарат алақандарында. Тіпті кішкентай балалардың өзі жоқ дегенде телефонды түртіп ашып, YouTube-ты емін-еркін қолданады. Ара-тұра шығатын жарнаманы жабуды да біледі. Бір қарағанда сол телефондағы табыс табу, тегін үйрету, бай болуға шақыру ұраны жастардың санасын улап бара жатқандай көрінеді...
         Бүгінде бәрі өзінше ақылды. Бұрынғыша үлкеннің сөзіне құлақ асып, «тәйт» дегеннен  теріс айналып, қаймығатын жас жоқ. Себебі, өмірдің ащысын да, тұщысын да көріп, тәжірибе жинаған, ақ пен қараны ажырата алатын ақылын бұлдамай-ақ, тегіннен тегін қолмен қойғандай айтып беретін үлкендерден гөрі, әлеуметтік желідегі ақылгөйлердің ақылын «ақылы» түрде тыңдағанды жөн көреді. Не керек талай жас осылай қолда бар қаржысын текке шашып жүргенін білмесе керек-ті.
         Қазірде «бай болу» бүкіл адамның сұранысы. Сәйкесінше, сұраныс болған жерде ақша да көп. Демек, адамдарға бай болудың жолын үйрету арқылы ақша табуға болады. Осы жолмен ақша табатындарды «инфосығандар» дейді. Яғни, адамның арманынан ақша жасаушылар.
         Бұрын бұл туралы ашық айта бермейтін бе еді, әлде баюдың біз білмейтін құпиясы болды ма қазір бәрі жапатармағай баюдың жолын үйрететін болды. Екінің бірі – бай, табысты. Бірақ бұл тек желіде ғана жарқырайды. Шынтуайтына келгенде, барлығы дерлік қалталы емес қой. Қолына миллион ұстап көрмегендер милиардер болуды үйретеді-мыс. Өзінде жоқты өзгеге қалай үйретпек? Ілуде біреу болмаса мұны зерттеп, байыбына барып жатқан ешкім жоқ. Тек әлеуметтік желіде әдемі болып, шет елге саяхаттап жүрген фотоларды көріп есі кетеді. Үйде отырған, жұмысы жоқ жандар «мен де осылай күректеп ақша тауып, қалағанымды алсам» деп әлгіндей өмірге қызығады, үйренгісі келеді. Бәлки бар жиған-тергенін, тапқанын өзін емес, біреуді байытуға арнап жатқан жоқ па? Мұндайда бірі – тегін болатын сабағына шақырады, енді бірі – табысты болуды үйретемін деген желеумен қалтасын қағып ақша алуды ойлайды (білім де, ақша да жоқ) кейбірі – ақылын сатады. Сатқанда да жай сатпайды, құнынан құндылығы жоғары дер бағаны аспандатып қояды. Дей тұра бүгінде соңғы қатардағылар саңырауқұлақша көбейіп кетті ғой.
         «Ақыл сатамын».  Құлаққа түрпідей тиетін бұл сөз қазір нормаға айналып келеді. Желінің қай-қайсысын ашсаңыз да, ақыл айтатын коуч пен курс сататын блогерлер желдей еседі. Қалағаның мен қолдағы қаражатыңа қарай шертіп жүріп таңдайсың. Бәрінің айтатыны сол бір дүние – «бедный мышлениеден» баз кештіріп, бай болуға үндейді. Қош. «Мен осылай байыдым. Табысты болуды үйретемін. Бүгін болатын тегін мастер класқа қатыс. Қапы қалма». Міне, дәл осылай өзінің ақылын саудаға салады. Енді бастап келе жатқандар мұны 990 теңгеден бастаса, сатып үйренгендердің бағасы сатылап жоғарылай береді. «Құны 1 млн теңге тұратын білім» деп адастыратындары да жоқ емес. Әсілі, бұл адамдарды қызықтыратын маркетингтің тиімді тәсілінің бір түрі.
         Әлгіндей қалтаға қонымды курстың 2-3 түрінен өтіп алып, өзі де осыны өзгеге үйрете бастайды. Құдды «дүмше молда» секілді санасына сіңірмей жатып, шала-пұла алған білімін сатуға шығарады. Сананы тұрмыс билеп тұр дейміз. Бірақ мұндай дүниемен қалта томпайтқанымен, бұл уақытша екенін ескермейтін секілдіміз. Себебі астарында адамды алдау жатыр. Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам дегендей, шындық шырпыға ілінсе бітті емес пе?!
         Жастардың жиі отыратын желісінің бірі – Тик-Ток. Мұнда да сол табыс табатындар жетіп жығылады. Тіпті сол үшін небір әрекетке барады, аузына келгенді айтады. Шуға ұласып бара жатса, халықтан кешірім сұрай салады. Бұл жақта  онлайн бал ашудың да түр-түрі бар. Балгерлер тікелей эфирге кіріп болашақты болжап береді. Әлбетте, тегін емес. Кім «каспийге» ақша салады, соның  сұрағына жауап алынады.  
         Қалай құйқылжытсақ та сананы қу дүние, жақсы тұрмыс, қымбат көлік, зәулім үй, шетелге саяхат, үлде мен бүлдеге оранған өмір, бос мақтан меңдеп алғандай. Қай салада болмасын бәрін сатуға қойып жатыр. Желіде бәрі тым жақсы ақыл айта бастайды да, соңын сатуға әкеліп тірейді. Тіпті кітап шығаратындар көбейді. Азды-кемді жүріп өткен өмір жолы мен қиындығын, одан қалай шыққанын жазып көпшілікке ұсынады. Біз қазақ жазушыларының тамаша туындысын, ой-азығын емес, қай-қайдағы біреудің өмір жолын оқуға құмартып барамыз. Міне, сананы тұрмыс билеп алды дегеніміз – осы. Билемек түгілі сананың төбесіне шай қайнатып, әңгір таяқ ойнатып жатырмыз.
Шымбайға батқанда да шырқырататын шындықтан қашып әлекпіз.
         Қазірде жарнамасы желіні жарған ойынның түрі көбейген. «Қарыздан құтылғың келеді ме, несиені жабуға көмектесемін» деген желідегі жарнамадан көз сүрінеді. Мұны әсіресе танымалдықты серік еткен блогерлерден көптеп кездестіреміз. Иә, әлеуметтік желідегі танымал блогерлер байқау мен курстарды ысырып қойып «телеграмм каналға тіркел» дегенді шығарды. Онда да сол баяғы үйде отырып табыс табуды үйретеді. Айтуларынша, қарыздан құтылып, несиені де осылайша жауып жүрген көрінеді. Жақында осының бірін зерттеп қарап көрген едік. Әлгі жарнамалардың бірі бойынша жазып көрдік. Бірінші кезекте арнайы телеграмм каналға шақырады екен. Бұл каналға тіркелудің де түбінде «ставка» тігу жатыр екен. 1500 теңгеден бастап ойнасаңыз болады дейді. Неғұрлым көп ақшамен бастасаңыз, ұту мүмкіндігі де көп деп қызықтырып қоятыны және бар. Әрине, бірден көп ақшаны, ұтысты қалаған жан да ақшаға қарамай бәсті тіге салып, соңында опық жеп қалады. Осылайша құмар ойынның құрдымына құлап кетеді көбі.
         Данагөй бабаларымыз «тегін ірімшік тек қақпанда ғана болады» деуші еді. Бірақ, көпшілігіміз осы сөздің астарына тереңірек үңіле бермейміз. Себебі, бойымызда әр нәрсені үстірт қана шолып өтетін аңғалдығымыз, қала берді бейқамдығымыз басым. Осыны арам пиғылдылар көбіне өзіне тиімді пайдаланып, оңай олжаға айналдырып жатады. Мұндайға ұрынбас үшін сауатыңызды арттырып, әр нәрсеге сергектік танытып жүрген артықтық етпейді. Тегін ірімшікке телмірмей, маңдай терімізді тамшылатып тапқан табысқа не жетсін?!
Ақнұр САҒЫНТАЙ
27 маусым 2023 ж. 376 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 262

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 361

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930