» » Тренингтен алар тәлім бар ма?

Тренингтен алар тәлім бар ма?

Бүгінде әрбіріміздің қолымызда бір-бір қалтафон. Бәрі дерлік интернетке жалғанған. Ғаламда болып жатқан жаңалықтар көз ілеспес жылдамдықпен тез таралып, аз уақыттың ішінде көптің талқысына түсуде. Одан бөлек, бір адамның өзі бірнеше әлеуметтік желіге тіркелген. Өзіміз де сол көптің ішіндеміз. Бірі – қажеттіліктен туындаса, екіншісі – заман ағымынан қалмау. Қазір қай әлеуметтік желіні ашсақ та, бай-дәулетті, сұлу болуға, отбасылық бақытқа жетуге, бизнес ашуға, психологиялық білімді арттыруға, мотивация беруге арналған тренингтердің жарнамасынан көз сүрінеді. Пандемия уақытында мұндай онлайн тренингтің түрі көбейіп, әлеуметтік желінің әлеуеті бұрынғыдан да арта түсті.
Семинар-тренингтерге қатысу қазір тіпті трендке айналғандай. Әлемжелінің ар жағындағы жарқылдаған бейнені көріп, өз өмірінің жарқын боларына сенген халықтың қарасы көп. Олардың қатарында өмірден өз орнын іздеген жастар ғана емес, ұлын – ұяға, қызын – қияға қондырған аналар да, абыройлы қызметі, жүріп тұрған кәсібі бар ел азаматтары да бар. Алайда олардың барлығы өз іздегенін тренингтен таба ала ма? Әлде ақшаны ысырап етіп, алтын уақытын текке өткізіп жүр ме? Саралайық.
Тарихқа үңілсек мұндай тренингтердің бастауы жұртты кәсіппен айналысуға үгіттейтін, оның жолын үйрететін бизнес тренерлер арқылы пайда болған. Олар ең алғаш АҚШ-та пайда болып, ірі корпорация басшылары кәсіп бастағанда неден қашық болып, неге жақын болу қажеттігін ескертіп, бизнестің құпия сырларымен бөліскен. Осының арқасында олардың абыройы артып, жылдан-жылға қатысушылар қатары көбейген. Кейіннен бұл тенденция әлемге тараған. ТМД елдеріндегі бизнес-тренингтер тарихы Дейл Карнегидің есімімен байланыстырылады. 1990 жылдардағы алмағайып кезеңде жұрт жаппай қысқартуға ұшырап, көпшілік жұмыссыз қалған. Осы кезеңде бай, көшбасшы болудың жолдарын жайып салған Карнегидің кітабын екі қолға бір күрек таппай жүрген жұмыссыз жандар жабыла оқыған көрінеді. Маркетингті мықты меңгерген автор кітабын қолға ұстаған жан өзін жақын арада байып кететіндей сезінгенімен бұрынғы бәз тіршілігінен арыла қоймаған. Бір қызығы Д.Карнеги өз кітабының бір бөлімін ешқандай ақыл-кеңесті қажетсінбейтін кәсіпкер досына арнаған. Кітабы өз заманында қазіргі тілмен айтқанда «хит» болған Карнеги кейіннен «манипуляция» шебері деп айыпталып, қудалауға ұшыраған. Кейбір деректерде оны өз-өзіне қол салған деп те жазуда.
Ал Қазақстанға мұндай тренингтер дағдарыс кезеңін артқа тастап, ел аяқтан тұра бастаған 2000 жылдары келе бастады. Олар өз жарнамасын сенімді ету үшін, атақты спортшылар мен әншілерді өз мақсатына пайдаланды. Сол уақыттан, тіпті қазірге дейін ел арасында «тренингке қатыссаң, өмірің өзгереді» деген түсінік бар. «Адам өмірінде 3 жағдайда өзгереді. 7 жастан соң, өте қиын жағдайға тап болғанда және семинар, тренингтерге қатысқан соң» дегенді айтып, тренингтің қадірін арттырған көптің қалтасын қағуда. Тренерден тәлім алып, өмірінің күрт өзгереріне қатты сенгендер отбасының аузынан жырып, соңғы тиындарын санап беруге да даяр. Нарықтың заңына сай сұраныс болмаса, ұсыныстың болмайтыны анық. Қазіргі таңдағы тренингтердің жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетуінің бір себебі – қатысуға ниет білдірушілердің көптігінде болса керек.
Жұмысы жоқ немесе аз жалақымен күнін өткізіп жүрген әрбір жанның көп жұмыс атқармай-ақ мол байлыққа тезірек батқысы келетіні бар емес пе? Ал тренингтер іздегенге – сұраған. «1 айда миллион теңге табудың жолдары», «40 күнде миллионерлер қатарына қосылыңыз» деген жарнамалар көзді арбайды. Кейбірі тіпті тегін. Өз қызметін тегін ұсынған атақты тренердің онлайн тренингіне мен де қатыспақ болып өтініш білдірдім. Тіркелу де оп-оңай. Тікелей эфирде сабақ басталды. Қатысушылар саны сол мезетте 15 000-нан асты. Бизнесі бар адамның мүмкіндіктерін айтып көпті қызықтырды. Ал жұрт ынтыға тыңдай бастағанда соңы жарнамаға ұласты. Тегін деп жүрген тренингіміз осы екен. «Ақысыз» бай болуды үйретемін деп жарнамасын айқайлатып, көп адам жинауды көздеген тренердің ойы іске асты. Өйткені, семинарға қатысқанның кем дегенде 10 проценті әлгі тренердің алдына қайта келетін көрінеді. Себебі ол сабақ барысында бай болудың, кәсіп бастаудың құпиясын жайып салмайды, сізге керек «кілтті» өзі өткізетін 1 апталық немесе 3 айлық курсы кезінде ұсынатынын айтады. Сәйкесінше курстың құны да арзан емес. Жеңіл жолмен бай атануды мақсат еткендердің бұл торға талай түсіп, қомақты қаржысынан қағылып, тренерді байытқаны рас. Ал нәтиже шығарғаны саусақпен санарлық.
Бизнес-тренингтердің түр-түріне қатысып, «бапкерлердің» неше алуанын көргендер бизнес-тренерді 4 топқа бөледі. Олар теоретик-тренер, философ-тренер, шоумен-тренер және практик-тренер. Теоретиктер – жоғары білімді азаматтар. Дегенмен, бизнес саласында ешқандай тәжірибесі жоқ. Олар да көпшілік секілді бизнес-тренингтерге қатысып, сондағы естіген нәрселерін өз семинарына келгендерге қайталап айтып береді. Оларға тек ақпарат таратушы деп қараған жөн. Негізінен теоретиктердің айтқанын кітаптан-ақ оқып алуға болады. Ал философтар – қарым-қатынасты жоғары деңгейде меңгерген психолог тренер. Олар «неге өзге ұлт өкілдері бай болуы керек? Неге қазақ жастары базарда арба айдауы керек?» деп өздерін ұлтқа, тілі мен діліне жаны ашитын патриот ретінде көрсетіп, көпшіліктің алдында жағымды имидж қалыптастырып алып, семинарда іліп алар ештеңе айтпауы мүмкін. Дегенмен сіз оған, оның сізге деген жылы ниетіне арбалып, келесі семинарына да қатысқыңыз келіп тұрады. Практиктер – бизнесте тәжірибесі бар жандар. Олар – табысы мол компанияның президенттері немесе басшылары. Дегенмен мұндай практик-тренерлер өте сирек. Өйткені табысқа жеткен адам өзгелерге өз байлығының құпиясын оңайлықпен аша қоймасы анық. Олардың бизнес-тренинг өткізуге уақыты да болмауы мүмкін. Ірі кәсіпкерлер ел аралап, әркімді бизнес жолына баулығанша, өз бизнесін одан әрмен дамытқанды жөн көреді.
Ал бүгінде «инстаграм» әлемін жаулап алған тренигтің көбісі «әйел бақытына» арналады десек, қате айтқандық емес. Көпбалалы ана, сүйікті жар, тату-тәтті отбасының отанасы екенімен қоймай, бірнеше кәсіпті дөңгелетіп жүргендерін әлеуметтік желіге жариялау арқылы танымалдылыққа ие қылықтылар көп. Әйел атаулыны бақытқа бастайтын осы ілімді үйренгісі келетін нәзік жандылар да аз емес. Мақаланы жазу барысында көптің пікірін білмекке әр сала маманына тренинг жөнінде сауалдар қойдық.
– Мен әлеуметтік желіні белсенді қолданамын. Бірақ арнайы тренингтерге қатысып көрмеппін. Әйелдерге ақыл айтып жүрген бірнеше психологтің парақшасына да тіркелгенмін. Олардың бірі өз жазбасында «Фатиха» мен «Ықыласты» оқып жүріңдер деп кеңес беріпті. Бұрыннан жатталған, ата-бабамыздың аузынан түспеген сүрелер емес пе? Енеңмен тату бол, күйеуің келгенде қабағыңды ашып, асын дұрыстап бер дегенді әжелеріміз, аналарымыз онсыз да құлаққа құйып өсірді ғой. Меніңше мұндай ақылды тыңдау үшін ақша төлеу – ысырап, – дейді әлеуметтік сала қызметкері.
Ал осы салада көңілінен шығып жүргендер пікірі мүлде бөлек. «Театр көбейсе, түрме азаяды» дегендей, мен коуч психолог, тренерлердің көбейгеніне аса қынжылмаймын. Қай-қайсысын алсақ та, жақсы өмірге бағыттап, дұрыс адам болудың жолдарын ұсынады. Руханияттан, адами қарым-қатынастан алыстаған қазіргі қоғамға бұл қажет дүние» дейді өзінің бір сұқбатында белгілі психолог Кәмшат Бекжігітова.
Түйін
Қанша адам болса – сонша пікір, сонша ұстаным. Өмірді қалай сүреді, ілімді қалай жинайды, ақылды кімнен алады – әркімнің өз таңдауы. Тек жетістікке жетпей тұрып табысты болуды үйреткісі келетін, құрсақ көтермесе де, бала тәрбиесі жайлы айтуға асығатын, тұрмыс құрмай тұрып, бақытты отбасы болудың құпиясымен бөліскісі келетін «ұстаздардың» алдына барып, адаспаса болғаны.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ



31 желтоқсан 2020 ж. 521 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 265

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 364

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930