» » Теміржолдың тарланы

Теміржолдың тарланы

Теміржол саласында аянбай тер төккен адамдардың еңбегі қай кезде де елеусіз қалмайды. Қызығынан қиындығы басым саланың жілігін шағып, майын ішкен мамандарға халықтың да алғысы шексіз. Сондай жанның бірі – еселі еңбегімен ел ықыласына бөленген кент тұрғыны Мұрат Бұлақбаев десек, артық айтпаспыз.
Ол – көптің құрметіне бөленіп, саналы ғұмырын адал еңбекке арнаған жан. 1955 жылы Атырау қаласының Индер ауылында өмірге келген Мұрат атамыз 3 жасында отбасымен бірге Жосалы кентіне қоныс аударған екен. No105 мектепті бітірген соң, еңбекке ерте араласады. Алғашында құрылыс саласында қызмет етіп, кейіннен теміржолда еңбек етуді таңдайды. Темір жолдың торабында дәнекерлеуші, вагон қараушы қызметтерін атқарады. Бұл жерде де еңбекқорлығымен, тиянақтылығымен көзге түскен. Өз ісінің нағыз маманына айнала білді. Осы салада жиырма бес жыл бойы еңбек етіп, зейнетке шыққан.
– Вагон қараушы – ең жауапты жұмыс. Күннің ыстығына, суығына, ауа райының құбылмалылығына қарамастан 12 сағат бойы стансамызға тоқтаған вагондардың жай-күйін бақылаймыз. Ол уақытта арнайы басы темір таяқпен ұрып дыбысын тексеріп, жолға жарамдылығын анықтаймыз. Егер қандай да бір ақау болса, дереу жөндеу жұмыстарына кірісетінбіз. Өзімізден шыққан вагонның келесі стансаға аман сау жетуі үшін жауапкершілікпен еңбек еттік, – дейді ардагер теміржолшы.
Елге сыйлы, халқына қадірлі ағамыз әрқашанда құрмет төрінен аласарған емес. Сөз арасында «Зейнетке шыққаныма 6 жыл болып еді, көбісін ұмыта бастаппын» деген ол өзі еңбек еткен уақытына көз жүгіртіп, өткен шағын бір ойға оралтты.
– Расында, түсінген адамға темір жолдың қиындығы көп. Пойыздың қозғалысы уақытпен есептеледі. Уақыттан ауытқымай, межелі жерге көрсетілген мерзімде жету үшін теміржолшылардың тынымсыз еңбек етуіне тура келеді. Кейде тынымсыз еңбек те аздық ететін кездер болады. Сондықтан әр іс асқан жауапкершілікпен орындалуы керек. Қызмет бабында жүктелетін міндеттерді ешқашан мынау ауыр немесе жеңіл деп бөлген емеспіз. «Менің қолымнан келмейді» деп те айтып көрмедік. Орындалуы керек іс пе, орындау міндетің. Тіпті жауапкершілік жүгі артқан сайын ерекше жігерленетінбіз, – дейді өткен күнге көз салған сала ардагері.
Кейіпкеріміз жары ардагер-ұстаз Феруза апай екеуі еңбектің зейнетін көретін шақта. «Ендігі мақсатым – жақсы ата болу. Ұрпағыма тәлімді тәрбие беру» дейді зейнеткер. Бұл әулеттен тараған төрт бала бір-бір үй болып, өз саласында табысты еңбек етуде. Жұмысы туралы айтқанымен, кісілік келбеті жайлы сөз қозғамады. Мұны қарапайым қалпы мен ер адамға тән аз сөйлейтін болмысы деп қабылдап, ортаншы қызын сөзге тарттық.
– Әкем ешкімге сөзімен де, ісімен де зиян келтірмеген адам дер едім. Анам екеуі 1 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсіріп, абыроймен ұлын – ұяға, қызын қияға қондырған жандар. Әкем балаларын «көкебас» деп еркелетеді. Бұл – біз үшін ең керемет сөз. Студент кезімізде осы сөзін, оның мейірімді жүзін сағынатынбыз. Қазір біз де өзге үйдің түтінін түтетіп отырмыз. Біздің де «көкебас» деп еркелетер перзенттеріміз бар. Бала күнімізде әкеміз төзімділік пен табандылықты шыңдайды деп шахмат ойнауды үйретті. Оқушы кезімізде әкеміздің арқасында, мектептің атынан шахмат жарыстарына қатысып, жүлделі оралатынбыз. Сыртынан өте тұйық көрінетін әкемнің ішкі әлемі өте бай. Қашан көрсеңіз де, қолынан газет-журнал, кітап түспейді. Ерте еңбекке араласып, содан зейнетке шыққанша отбасы үшін бір тыным таппаған. Тіпті әкемнің зейнетке шығатын жылы «Мен үнемі еңбектен қол үзбеген адаммын, әрі қарай немен айналысамын» деп уайымға салынғанына да куәміз. Қазір анам екеуі есіктің алдына бау-бақша өсіріп, мал асырап, немере бағып отыр. «Демалатын кездеріңіз ғой, несіне әуре боласыздар?» десек, «Біз еңбектенбесек ауырып қаламыз» дейді. Немерелеріне үнемі адал болуды, өтірік айтпауды үйретіп отыратын мәуелі бәйтерегіміз. Біз ата-анамызбен мақтанамыз, – дейді дәрігер қызы Айгерім Бұлақбаева.
Қазіргі таңда Мұрат атамыз балаларына ақылшы әке, немерелеріне қамқор ата болып, мамыражай тұрмыс кешуде. Еселі еңбектің өресіне шыққан ардагер теміржолшы көп жылғы бейнетінің зейнетіне бөленіп отыр. Адал еңбектің арқасында абыройға кенелген осындай жандар көп болғай.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
03 тамыз 2024 ж. 145 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 289

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 384

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930