Шойын жолдың басында қызу тірлік
qarmaqshy-tany.kz Теміржол саласы ел экономикасының күретамыры деп бекерге айтылмаған. Ел экономикасы мен қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруда теміржол саласының атқарар рөлі, оның ішінде жүк және жолаушылар тасымалының алар үлесі үлкен.
Бүгінде «Қазақстан Теміржолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы – аймақ тұрғындарына сапалы қызметімен танылып жүрген саланың бірі.
Оның ішінде, Қазалы пайдалану вагон депосының орны ерекше. Себебі, Қазалы пайдалану вагон депосының кепілдік иіні Түркістан облысына қарасты «Сауран» бақылау бекетінен, Жезқазған облысы аумағындағы «Қоскөл» бақылау бекетіне дейін созылып жатыр. Жоғарыда айтқандай, осы мекемеге Ерлан Есмамбетов басқаратын Жосалы стансасындағы техникалық қызмет көрсету-бақылау бекеті де кіреді. Сонымен қатар, мекеменің басты міндеті – «Сауран» мен «Қоскөл» бақылау бекеттері аралығында жүріп өтетін жолаушы және жүк пойыздарына техникалық қызмет көрсету, жолаушылар мен жүк тиелген вагондардың баратын жеріне дейін аман-есен, уақытылы жетуін қамтамасыз ету.
Міне, осы ретте, мекеме басшысы Арғын Орынбаевты сөзге тартқанымызда ол «Түркістан облысындағы «Сауран» және Ұлытау облысы аумағындағы «Қоскөл» теміржол бекеттері аралығын қамтыған «Қазақстан Теміржолы – Жүк тасымалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Қызылорда бөлімшесіне қарасты Қазалы пайдалану вагон депосы 1999 жылдан бері жоғарыда аталған бекеттердің басын біріктіріп, қызмет етіп отырған бірден-бір ұжым. Онда бүгінгі күні 380 білікті сала маманы қызмет етіп, нәпақасын табуда. Депоның негізгі жұмысы – пойыздарға техникалық және тіркелген вагондарға қызмет көрсету, нақтысын айтқанда құрама тіркемесіндегі вагондарды мұқият тексеріп, ақауларын дер кезінде жою, апаттың алдын алу және вагон қараушылар мен жөндеушілер ақаулы вагондарды ағымды жөндеу тұйығында қажетті қосалқы бөлшектермен ауыстырып, құрамаға қосу. Осы жылдың алты айының қорытындысында ағымды жөндеу тұйығынан 750 вагон жөндеуден өтті. Оның ішінде, доңғалақ жұбынан 258 вагон, тежегіштен 344 вагон, соққы құрылғыларынан 90 вагон, арбашадан 41 вагон, шанақ жөндеуден 17 вагон жөнделген. Вагон қабылдаушыларымен 261 вагон қабылданған. Нақтысын айтқанда күрделі жөндеуден 56 вагон, доңғалақ жөндеуден 193 вагон өткізілді» деді.
Бірнеше рет Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан теміржолы Ұлттық компаниясының, облыс әкімдігінің Құрмет грамотасымен мадақталған ұжымда елеулі еңбегімен ел құрметіне бөленген мамандар жетерлік. Олардың арасында «Кәсібі бойынша үздік», «Қазкөлік кәсіпке – 30 жыл», «Құрметті теміржолшы», «ҚТЖ» ҰК» АҚ-на – 30 жыл» төсбелгілерінің иегерлері, басқарма төрағасының Құрмет грамоталары мен облыс әкімінің Алғыстарына ие болып, құрметтілер төрінен көрінген М.Көшекбаев, М.Орынбаев, Қ.Басшыбаев, Б.Есімбетов, Н.Әбуов, Е.Нұрбетов, М.Рсалиева, Т.Қараманұлы, А.Сүндетов А.Алтыбаева сынды сала майталмандары ерен еңбектерімен әріптестеріне үлгі көрсетуде.
Ұжымда басшылық тарапынан жұмысшы-қызметкерлерге, олардың отбасыларына, ардагерлерге үлкен қолдау көрсетіліп келеді. Атап айтар болсақ, қызметкерлер денсаулығын реттеуге еліміздің әр өңіріндегі шипажайларда ем алып, демалуда. Әсіресе, мемлекеттік, ұлттық және атаулы мерекелерде зейнеткерлерге, қызметкерлер мен олардың балаларына барынша қолдау көрсетіліп келеді. Тіпті, мекеме түрлі қоғамдық істерге де араласып, жергілікті елдің дамуына белсене атсалысуда. Жұмысшы-қызметкерлердің айлық табыстары алдыңғы жылдармен салыстырғанда екі есеге өсті.
Мекеме басшысы Арғын Орынбаев өз сөзінде: «Бірлігі мен берекесі артқан ұжымда өнегелі өмір жолымен көпке үлгі көрсетіп жүрген азаматтар көп. Солардың бірі – Жосалы техникалық қызмет көрсету-бақылау бекетінің аға вагон қараушысы Қалдыбек Басшыбаев. 1984 жылы қарапайым теміржолшы болып жұмысқа орналасқан ол жылдар өте вагон қараушы, кейіннен арнайы панап құрылғысының операторы қызметіне ауыстырылады. Жас та болса, өзінің еңбекке деген тиянақтылығымен, жауапкершілікті ісімен ұжымдастары алдында абыройға бөленген ол бүгінде Жосалы қызмет көрсету бекетінде аға вагон қараушы болып еңбек етуде. Сала майталманы қазіргі таңда бекеттегі еңбек өтілі ұзақ саналатын сала маманы. Жоғарыда айтқандай, 1984 жылы бекет басшысы Торыбай Аманжоловтың қабылдауымен жұмысқа орналасқан Қалдыбек Басшыбаев замандастары Самал Кенжеев, Зияддин Кәрібаевпен бірге Айту Мархабаев, Сыдық Ешниязов, Әбдіқалық Мергенбаев сынды ұстаздардан тәлім алып, бүгінде өзінен кейінгі ізбасарлары Әділхан Тығымбаев, Марат Аманжолов, Жанатбек Қахарманов, Ержан Шегенов, Қахарман Жекеев сынды жас теміржолшыларға өмірден түйген, аға буын өкілдерінен алған тәжірибелерін үйретуден жалыққан емес. Ел алдындағы елеулі еңбегі үшін де ол бірнеше рет салалық басшылықтың, аудан әкімдігінің мадақтамаларына, оның ішінде сала бойынша жоғары наградалардың бірі – «Кәсібі бойынша үздік» төсбелгісіне ие болды. Айтпақшы жақында Қалдыбек Айтбайұлы алдыңғы буын өкілдері сияқты құрметті зейнеткерлік демалысқа шығады» деді ол.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ