Теміржол тоғыстырған тағдырлар
qarmaqshy-tany.kz Домбыраның қос ішегіндей тартылған теміржол ғасырлар бойы қазақ даласын қақ жарып созылып жатыр. Сол жолдың бойында қызмет еткен талай жанның тағдыры күні бүгінге дейін баяндаулы. Жолаушының шойын жол арқылы діттеген жеріне жетуі ең алдымен техниканың игілігі болса, ал соның үздіксіз тоқтамай жүріп тұруы жұмысшы мамандардың арқасы. Бүгінгі мақаламыз теміржол саласында ұзақ жыл тер төккен еңбеккер жайында сөз болмақ. Ол бар ғұмырын адал еңбекке арнап, кейінгі буынға үлгі болған – Сара Дүйсенова.
Қоғам өмірін көліксіз елестету мүмкін емес. Соның ішінде ел экономикасының күретамыры саналатын теміржол саласының орны айрықша. Тамылжыған тамыз айының алғашқы жексенбісі – теміржолшылардың кәсіби мерекесі. Бұл күнді шойын жолда қызмет еткен әрбір жан асыға күтеді. Мереке қарсаңында осы салада отыз алты жыл қызмет істеп, зейнетке шыққан кент тұрғыны Сара апамызды құттықтап бардық. Әдетте, зіл батпан теміржолдарды, ауа-райының ыстықсуығына қарамай күні-түні тынымсыз вагондарды қарап тексеріп жүрген мамандарды көргенде, бұл жұмысты тек ерлер ғана атқарады-ау деп ойлайсыз. Алайда кейіпкеріміздің әңгімесін тыңдағанда бұл ойымыздан айныдық. Ананың аялы алақаны ас үйдегі ыдыс-аяқтың ғана емес, ауыр жұмыстың да қыр-сырын келтіре алатынын байқадық.
Сонау мұнайлы өлке Атырауда туып өскен ол мектепті бітірген соң Ақтөбе қаласындағы теміржол техникумына оқуға түсіп, 1971 жылы бітіріп шығады. Сол жылы осы техникумды бітірген Арал ауданының азаматы Жайлаубай Дүйсеновпен бас қосып, бірге алғашқы еңбек жолдарын Қызылорда теміржол бөлімшесінің «Ордазы» разъезінде бастаған.
– Оқуды бітірген соң бізді жолдамамен осында Жосалы стансасына жіберді. Әуелі Ордазы разъезінде жұмыс істедік. Мен теміржолды ауыстырушы, бағыттаушы болсам, ағаң станса кезекшісі болды. Ұмытпасам сол кезде жасым жиырма екіде, жолдасым жиырма үште екен. Ол уақытта бәрі қолмен басқарылады, қазіргідей компьютер жоқ. Басына ауыр темір ілінген бағыттаушыны қозғап, жолды ауыстырып отырамын. Кейін кентке келіп, Жосалы стансасында қалдық. Мен осында теміржол саласы бойынша әртүрлі қызмет атқардым. Техникалық кеңседе, одан кейін тапсырыс қабылдаушы, әрі қарай анықтамада істеп, 2008 жылы зейнетке шықтым. Жолдасым да бір мамандықпен шектелмей оқуын жоғарылатып, жол қауіпсіздігі ревизорына дейін көтеріліп, абыройлы еңбек етті, – дейді ол.
Қызметтің себебімен Батыс аймақтан киелі Сыр өңіріне келген Сара апамыз бұл жақты жерсінбей, сіңісіп кеткен. «Жақсыда жаттық жоқ» дегендей, бірден ортасына тез үйренісіп, келіндік қызметін атқарған. Сол кезде басыма салған орамал әлі күнге түскен жоқ дейді ол күліп. Жұмыстың қатал тәртібі мен талабы да өмірге шыңдаса керек.
– Шойын жол бойындағы қайнаған тірлік, ондағы темірдей тәртіп пен ырғақты жұмыс әлі күнге есімде. Кезінде Жосалы стансасы үлкен жұмыстар атқарды. Мұнда келетін пойыздардың санында шек жоқ еді. Жолдасым бір күнде қарама-қарсы бағыттан жиырма пойыз қабылдадық деп айтатын. Асханаға барып түскі ас ішуге де уақыттары болмайтын, оларға аспазшылар тамақтарын жұмыс істеп жүрген жеріне апарып беретін. Осындай қарбалас жұмыстарды ауыр демей өттік қой. «Ауру қалса да әдет қалмайды» деген, кейін зейнетке шыққан кезде де үйдегі телефон шырылдаса көтеріп, «Анықтама тыңдап тұр» деп көпке дейін қызметтің әсерінен шыға алмай жүргенім бар. Қанша дегенмен көп жыл істеген жұмысың өзіңе ыстық болады екен. Ерсілі-қарсылы толассыз ағылған тепловоздардың гудогінің ащы айқайы, вагондардағы темір дөңгелектің дүниені көшіретін дүрсілі құлағыма жағымды естіледі, – дейді ардагер теміржолшы.
Дүйсеновтер отбасында дүниеге келген 2 ұл, 2 қыздың ішінде үлкені Тұрақбайы ғана теміржолшылар ізін жалғастыруда. Оның өмірге келуі де шойын жолмен байланысты. Бірде қыстың қатты суық күнінде Сара апамыздың әкесі Атырауда қатты сырқаттанып қалыпты. Апамыз аяғы ауыр болып, ай-күні жақындаса да жолға шығамын деп қоймапты. Сөйтіп пойызда келе жатқанда толғағы қысып бастапты. Вагон іші абыр-сабыр болып дәрігер іздесе, медицина мамандығын 6 курста оқып жүрген студенттер көмекке келіп, босандырып алыпты. Ал жолсерік орыс әйел баланың есімін де ойластырып, Тұрақбай қойған екен. Оған Жайлаубай ағамыз еш ренжімей, баланың аман-есен дүниеге келгеніне қуаныпты.
Бүгінде теміржол саласының ардагерлері елеусіз емес. «Қазақстан теміржолына – 100 жыл» толуына орай төсбелгімен, түрлі құрмет грамоталарымен марапатталған.
Ерсін СӘДУҰЛЫ