» » Үздік еңбек әулеті

Үздік еңбек әулеті

qarmaqshy-tany.kz Бірде редакцияға Назым есімді апай келді. Әңгіме арасында ол кісінің теміржолшылар әулетінің қызы екенін білдім. Бірден бұл тақырып жаныма жаға кетті. Олай деуім де негізсіз емес. Әкем ұзақ жыл бойы теміржол саласында еңбек етті. Қазір зейнеттік демалыста. Марқұм атам да осы салада еңбек етіп еді. Бізді бала күннен темірдей тәртіпке үйреткен де осы әкем. Қойған заты орнында тұрмаса ащы сөзбен бір сыбап алатын. Кейін әкемнің заттарын тақадай қылып қоюға әдеттендік. Айтылған әрбір сөз бен берілген тапсырманы бұлжытпай орындауға осылайша бала кезден бейімделдік.

Тіршілігі теміржолмен біте қайнасып, темірдей тәртіпке бағынған Ерхановтар көпке үлгі. Бұл отбасының барлық мүшесі дерлік ел экономикасының күретамыры саналатын темір жол саласында еңбек етуде. Нағыз еңбек адамын осы әулеттен табасыз.
Жақсылық Ерханов бүгінде сексеннің сеңгірінен асқан. 1955 жылдан бастап «Қазақстан темір жолы» АҚ-да еңбек жолын бастаған ол 1957 жылы Дина Ерхановамен шаңырақ көтереді. Отбасында 5 ұл, 3 қыз тәрбиелеп, балаларын құтты орнына қондырып, бүгінде 38 немере, 48 шөбере тәрбиелеп отырған бақытты әке.
«Әке көрген оқ жонады, шеше көрген тон пішеді» дегендей, балаларына «менің жолымды қусаңдар, жаман болмайсыңдар, теміржол – күре тамыр ғой, осы салада еңбек еткендерің жөн секілді» деген ақылы бүгінде олардың теміржол саласында еңбек етуіне алып келді.
Жақсылық аға Қорқыт бекетінің жол бойында ұзақ жыл еңбек етіп 1995 жылы зейнетке шығады. Зейнеттік демалысқа шықса да жұмыстан қол үзбей мал шаруашылығы мен егін жұмыстарымен айналысып, ұрпақтарын еңбекке баулып келеді.
Теміржол бойы өзіндік өмірлік үрдіс пен реттілікке құрылған. Оның жартылай әскериленгендігі де осы талапқа саяды. Теміржол бойындағы үлкен көлемдегі жүк тасымалы, жолаушылар қатынасы бәрі де экономиканың нығаюына қызмет жасайды емес пе?! Сондықтан Жақсылық Ерханов осыбір жауапты қызметті абыроймен атқарды. Өзінен кейінгі немерелеріне де жауапкершілік артатын жүктің салмағына мән беруді талап етеді.
«Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» дегендей, 5 ұлы мен 3 немересі әке салған сара жолды жалғастырып, теміржол саласында еңбек етіп келеді. Ерхановтар әулетінің ұзақ жылдар бойы теміржол саласында сіңірген еңбегі мен жеткен жетістіктері, қабілеттілігін, базалық дайындықтары ескеріле отырып жақында қоғамда Еңбек адамының мәртебесін арттыру және еңбек өнімділігін ынталандыру мақсатында облыстан «Үздік еңбек әулеті» номинациясы берілген болатын.
– Жастайымыздан жұмысқа ерекше жігермен араласып, жаздың шыжыған ыстығында, қыстың сақылдаған сары аязды күнінде болат жолдың бойында аса жауапкершілікпен тынбай еңбек еттік. Қазіргі теміржол саласы заман ағымына қарай дамып келеді, тепловоздар ауысып, жұмысшылардың жұмысы шамалы да болса жеңілдеді. Бір тетікті түртіп қалсаң болғаны. Дегенмен де, қай кәсіптің болмасын жеңілі жоқ. Ендігі жерде балаларымыз болашағы жарқын елде бейбіт өмір сүруге жазсын. Еліміздегі әрбір шаңырақ үлкен де үлгілі отбасы болуына тілектеспіз, – дейді Жақсыбек аға.
Отбасының тұңғышы Бақберген Ерханов 1978 жылдан бастап ПЧ-60 айналымында еңбек етеді. Саладағы үздіксіз еңбегі үшін құрмет грамоталар мен «Құрметті теміржолшы» атағын алған.
Шымберген Ерханов аудандағы ПЧ-60 айналымында 1982 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Бүгінде жол бойы мекемесінің аға жол шебері. Еңбек жолында «ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл» медалін кеудесіне тақса, «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның құрмет грамотасымен марапатталған. Ағаның ұлы Айбек Жақсылықов та осы саланың маманы. Бүгінде ол Жосалы жол бойы мекемесінде еңбек етеді.
– Мен де әке жолын қуған ұрпақпын. Өзім де, балам да шойын жолда еңбек етеміз. Мұнда босаңсуға болмайды. Себебі адам тағдырынан қымбат жауапкершілік жоқ. Жол бойының майы қалай жұқса, наны да солай сіңімді болады екен. Сондықтан да балаларға қай істе де жауапкершілікпен адал еңбек еткенде ғана абыройлы отбасы боласыңдар деп ылғи айтып отырамын, – дейді ол.
Әулеттің үшінші ұлы Бақберген Жақсылықұлы Қызылорда қаласында жол бойында еңбек етсе, оның ұлдары Нұрбек пен Нұрсұлтан ата кәсібін жалғап, теміржолдың тынымсыз тірлігімен айналысып жүр.
Ал Бекберген мен шаңырақтағы кенже ұл Жақсыбек Қорқыт бекетінде жұмыс істейді.
Теміржолшылардың тынымсыз тірлігі ел экономикасына қомақты үлесін қосуда деп қабылдаған дұрыс. Өйткені, айшылық алыс жерлерге аман-есен жетуде, жолаушының жолын қысқаруына оған қоса, жүк тасымалының қарқынды дамуында теміржолшылардың темірдей тәртібі менмұндалап тұр. Әулеттің әрбір мүшесі теміржол саласының бейнеті мен зейнетін көріп, берекелі ғұмыр кешуде.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
03 желтоқсан 2022 ж. 561 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 292

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 387

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930