26 жаңа көлік табысталды
Биыл елімізде 10 шілде – Ветеринария қызметкерлері күні алғаш рет аталып өтуде. Осыған орай облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ветеринария ұйымдарына жаңа қызметтік автокөліктердің кілтін табыстап, сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына Жолдауында «Мал басының амандығы және өнімділігі жергілікті ветеринарлардың тиімді жұмысына байланысты. Бұл, түптеп келгенде, ауылдағы ағайынның әл-ауқатына тікелей әсер етеді», – деген болатын. Мемлекетіміз ветеринария саласын жетілдіруге ерекше мән бергенінің арқасында салада серпінді жұмыстар қолға алынды.
Биыл 14 түрлі аса қауіпті жұқпалы ауруға қарсы ветеринариялық дәрі-дәрмек облысқа жеткізіліп, төрт түлік уақытылы алдын ала егілді. Сапалы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы облысымызға аусыл ауруынан таза аймақ мәртебесін берді. Бұл мал өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыруға оң септігін тигізеді. Облыста соңғы жылдары аса қауіпті аурулар тіркелген жоқ, эпизоотиялық тұрақтылық сақталуда. Бұл – сала мамандарының тынымсыз еңбегінің жемісі, – деді аймақ басшысы.
Шарада қалалық, аудандық ветеринариялық станцияларға 26 жаңа автокөліктің кілті табысталды. Қоғам қайраткері Бекмырза Еламанов ветеринарларды мерекемен құттықтап, ізгі тілегін арнады. Үздік қызметкерлер ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің, облыс әкімінің «Алғыс хатымен» және сала ардагерлері Қызылорда облысының «Құрмет грамотасымен» марапатталды.
Соңғы жылдары өңірде барлық саланың материалдық-техникалық базасын нығайтуға басымдық берілуде. Қоғамдық көлік мәселесін түбегейлі шешу үшін 300 автобус, мектеп оқушыларына 30 автобус, денсаулық сақтау саласына 120 жедел жәрдем көлігі, орманшыларға 95 техника алынды. «Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсының жеңімпаздарына күнделікті тұрмысқа ең қажетті заманауи үлгідегі 29 арнайы техника берілсе, биыл 19 техника дайындалуда. Оған қоса «Қызылорда электр тарату тораптары» мекемесіне 24, «Қызылорда тазалығы» мекемесіне 20 техника пайдалануға берілді.
Облысы әкімінің баспасөз қызметі