» » Түлектердің тамаша тартуы

Түлектердің тамаша тартуы

Қай жерде, қандай қызметте жүрсе де атамекен туған жерін, алтын ұя мектебін бір сәт естен шығармай, оған мәңгілік қарыздармын деп есептеп, перзенттік парызындай сезінетін нағыз азаматтар болады. Әр жылдары мектеп бітірген түлектердің туған мекенге келіп, қайырымдылық жасап, мұқтаж жандарға көмектесуі, өз ауылының көркейіп-көріктенуіне үлес қосуы, өздері білім алған мектепке сый жасауы дәстүрге айналды. Биыл да осы дәстүр жалғасын тауып жатыр.
Жуырда No183 орта мектепті бітіргендеріне 30 жыл толған түлектер еліміздің түкпір-түкпірінен келіп, туған жерде бас қосты. Тек той тойлап қана қоймай, өздері түлеп ұшқан мектепке үлкен сый жасады. Бұл сый болашақ ұрпақ үшін жасалған қам болды.
– «Кітап – ақылына ақы сұрамайтын дүние» дейді емес пе! Кітапхана қорына 25-тен астам кітап сыйлаған отыз жылдық түлектерге ұстаздар атынан үлкен алғыс білдіремін. Бұл – үлгі тұтар игі іс. Ал оқушылар үшін рухани азық, тәлім-тәрбие көзі болмақ. Кітапханамыздың осындай құнды кітаптармен толыққанына қуаныштымыз, – дейді мектеп директоры Гүлнар Әшірова.
Сондай-ақ мектеп директоры бұл кітаптар жас ұрпақтың жарқын болашағына жол ашып, оқушылардың оқу мәдениетін, оқу сауаттылығын, ұлттық құндылықтарды, рухани-адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруға зор үлес қосады деп тілек білдірді. Сыйға берілген кітаптар қазақ жазушыларының, тұлғалық даму тақырыбындағы мұқабасы тартымды, пайдалы кітаптар. Ал тамаша тарту жасаған түлектердің басты мақсаты – оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылықтарын арттыру, мектептегі кітапхана қорын кеңейту.
– Жалпы өзім осы кітап саласында жүргеннен кейін мектеп кітапханасының қорында қандай кітаптар бар екенінен хабардармын. Жолдасыма «Мектепке кітап сыйласақ қалай болады?» деген ой тастадым. Ол сыныптастарына айтып, бұл ұсынысты бір ауыздан қолдай кетті. Осы ретте ұрпақ үшін ұлы сый жасауға үлес қосқан барша түлектерге ризашылығымды білдіремін. Бірден мектепке хабарласып, қажет деген кітаптардың тізімін алдық. Мектеп директоры біздің бұл ұсынымызға қуанып, қайта-қайта алғысын жаудыруда. Негізінде баланы «кітап оқымайды» деп кінәлаудың қажеті жоқ. Баланы кітап оқуға жетелейтін алдында көріп отыратын ата-анасы. Мұғалім де тәрбие-білім берумен қатар, кітап оқуға жетелеуші маман. Ұстаз да міндетті түрде кітап оқуы керек. Жалпы мен көп ата-анаға кітап оқуды қолға алуы қажет дегенді айтып жүремін. Себебі менің жадымда анамның күндіз ошақ басында тамақ жасап жүрген, кешқұрым май- шаммен кітап оқып отыратын бейнесі сақталып қалған. Мен де балаларымның санасында телефонға телмірген емес, кітап оқитын ана бейнесінде қалғым келеді. Ержеткенде «менің анам кітап оқитын еді, бізге де осы кітап оқуды үйреткен еді» деп айтып, кітаптан түйгендерін өміріне азық қылса менің мақсатыма жеткенім. Өзге ата-аналарға да осылай жасауды, барлығын өзімізден бастауға кеңес берер едім, – дейді түлектер атынан кітап табыстауға келген Айнұр Бұлақбай.
Расында да 30 жылдық түлектер ерекше бастаманы қолға алған. Ұрпағың ұлы болу үшін білім үйрету қажет емес пе? Бұл сый – түлектердің мектепке жасаған тәлімді тартуы, құндылыққа жасалған бір қадам болғаны анық. Үлкеннен осындай қайырымдылық пен мейірімді көріп өскен ұрпақтың өресі төмен болуы мүмкін емес. Өзгеге үлгі боларлық бұл бастама әрі қарай жалғасын табатынына сеніміміз мол.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
13 шілде 2024 ж. 486 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 294

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 390

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930