Түлектер тартуы
qarmaqshy-tany.kz «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көрерсің», – дейді дана халқымыз. Қамшының сабындай қысқа өмірде шама-шарқың келгенше аялы алақан мен жан жылуын аңсайтын жандарға қол ұшын бергенге не жетсін!
Әр жылдары мектеп бітіргендеріне бірнеше жыл толған түлектердің білім ордаларындағы соңғы қоңырау қарсаңында қайырымдылық жасап, мұқтаж жандарға көмектесуі, өз ауылының көркейіп-көріктенуіне үлес қосуы дәстүрге айналды. Биыл да түлектер бұл үрдістен айныған жоқ. Оған дәлел – 1983 жылы Ү.Томанов атындағы №183 орта мектепті бітірген түлектер.
Олар биыл мектеп бітіргендеріне 40 жыл толуына орай сағынысып бас қоспақшы. Еліміздің әр түкпірінен туған жерін, өскен елін, аяулы сыныптастарын іздеп келгендер тек өзара думандатып қана қоймай, марқұм болған сыныптастарын да еске алып, дұға бағыштауды да ойға алған. Одан бөлек, әлеуметтік көмекті қажет ететін бірнеше отбасын азық-түлікпен қуантып, ауылдастарының алғысын алуда.
– Қайырымдылық – халқымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі. Сондықтан да балалардың жанашыр қамқоршысы болу, аялы алақанын тосып, жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол игі іске атсалысу әрбір адамның азаматтық борышы. Осы мақсатта сыныптастарымызбен ақылдаса келе қайырымдылық жасауды жөн көрдік. Ең болмаса бір адамға қуаныш сыйлап, пайдамызды тигізсек – біздің мақсатымыздың орындалғаны. Өмірлік мұраттың негізі де қоғамға пайдалы болу ғой. Ал бұл ісіміз – соның бір бөлшегі ғана. Алдағы уақытта да мұндай игі істерді кең ауқымда ұйымдастыратын боламыз, – дейді 40 жылдық түлектер.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ