Түлектердің туған жерге тартуы
ТУҒАН ЖЕРДІҢ ӘР ТҮЛЕГІ ҚАЙ ЖЕРДЕ, ҚАНДАЙ ҚЫЗМЕТТЕ ЖҮРСЕ ДЕ АТАМЕКЕНІН, АЛТЫН БЕСІГІН БІР СӘТ ЕСТЕН ШЫҒАРМАЙ, ОҒАН МӘҢГІЛІК ҚАРЫЗДАРМЫН ДЕП ЕСЕПТЕЙТІНІ БЕЛГІЛІ. СЕБЕБІ АДАМ БОЙЫНДАҒЫ БАРЛЫҚ ЖАҚСЫ ҚАСИЕТТЕР АТА-АНАДАН КЕЙІН ТУҒАН ЖЕРДІҢ ТОПЫРАҒЫНАН ДАРИДЫ. МҰНДАЙДА ӨСКЕН ӨЛКЕСІНІҢ АЖАРЛАНУЫНА ЖҰМЫЛА ҚОЛДАУ КӨРСЕТІП ЖҮРГЕН АЗАМАТТАРДЫҢ ІСІН КӨПКЕ ҮЛГІ ЕТЕМІЗ.
Өткен жексенбіде Ақтөбе ауылында ел перзенттері, осыдан 40 жыл бұрын №109 мектептен түлеп ұшқан түлектер ауылдастарына ерекше сый жасады. Ауыл азаматтарының демеушілігімен балалар ойнайтын алаң салып, туған жерге тарту етті. Ойын алаңының лентасын қию рәсіміне ауыл әкімі Данияр Ахметов, ардагерлер Тәби Қойшығұлов, Ысқақ Күшікбаев, Тойтан Көбегенова, ардагер-ұстаздар Кәрібай Байғараев, Қарлығаш Ермағанбетовалар қатысты.
– Туған жерін ұмытпай «Елге қызмет ету – парызымыз» деп білетін азаматтар біздің ауылда да жетерлік. Осы уақытқа дейін түлектердің көмегімен біршама жұмыстар атқарылып келеді. Мәселен, былтыр 1964 жылғы түлектер ауылға ақ боз үйді сыйға тартса, биыл 1965 жылғы түлектер балаларға арналған ойын алаңын салды. Елбасы Н.Назарбаевтың «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» дегеніндей, «өскен елім көркейсін» деген азаматтар арқылы ауылдың жағдайы жақсарып келеді. Еліміздің жарқын болашағы жолындағы мұндай игі істер мұнымен тоқтап қалмақ емес. Халқына қамқорлық жасай білетін туған жер перзенттері әлі де көп, – дейді Ақтөбе ауылдық округінің әкімі Данияр Ахметов.
Ел болашағы балалар үшін игі іс жасаған түлектер көптің ықыласына бөленді. Ауыл ақсақалдары мен ардагер ұстаздар ел перзенттеріне ақ батасын жаудырды. Кәсіпкер Гүлшара Өтемаханова да жылы лебізін білдіріп, алғысын айтты. Түлектер тартуын ұйымдастыруда ел азаматы Бақытбек Ерікбаевтың да үлесі зор. Ауыл тұрғындары өскен өлкесіне құрметпен қараған түлектерге дән риза.
– Өзіміз туып-өскен ауылға көмектеспегенде кімге көмектесеміз? Біз балалық шағымызда жазда суға түсіп, әртүрлі ойындар ойнаушы едік. Қыста ақ ұлпа қармен атысып, шанамен сырғанақ тебетінбіз. Қазіргі балалар телефонда, оның ішінде интернетте көп отырады. Мақсатымыз – жас өркендер таза ауада көп жүріп, уақыттарын мәнді де мағыналы өткізсе дейміз. Биылғы балалар жылына орай осынау ойын алаңын сыйға тартып отырмыз. Туған жерге титімдей болса да жақсылық жасау – бұл біздің перзенттік парызымыз, – дейді түлектер.
Үлкеннен осындай қайырымдылық пен мейірімді көріп өскен ұрпақтың өресі төмен болуы мүмкін емес. Мұндай өнегелі іс әрі қарай да жалғасын таба бермек.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ