Астана – мүмкіндіктер мекені
Мәңгілік Еліміздің мақтанышына айналған Астананы бүгінде барлық әлем тұғырлы тәуелсіздігіміздің төлқұжаты деп біледі. Бұл қаланың көркі мен сұлулығын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Әр тамашалаған сайын жас қаланың жетістігін көріп, кеудені ерек- ше қуаныш кернейді. Шабыт сыйлар әсем қаланың бар әсемдігін суреттеу үшін жас қаланың жаңа тұрғыны болу да керек пе деп те ойлап қаласыз кейде...
Астана «суық қала» дегенді жиі естіп жатамыз. Алайда Астана – мықтылардың қаласы. Себебі мұнда жастарға көптеген оңтайлы мүмкіндіктер қарастырылған. Сондықтан Астананы білімді, өз ісіне жетік жастардың мекені десек, артық емес. Тек бәсекелестікке шыдай білу қажет.
Астана «суық қала» дегенді жиі естіп жатамыз. Алайда Астана – мықтылардың қаласы. Себебі мұнда жастарға көптеген оңтайлы мүмкіндіктер қарастырылған. Сондықтан Астананы білімді, өз ісіне жетік жастардың мекені десек, артық емес. Тек бәсекелестікке шыдай білу қажет.
Еліміздің жас қаласына арман қуып, білім іздеп барып, бүгінде болашағын бас қаламен байланыстырып отырған жастар жетерлік. Осындай жанның бірі – Нұрлыбек Шаймаханов. Ол осы ауданның тумасы. Кент орталығындағы Ү.Томанов атындағы No183 орта мектеп пен Т.Көмекбаев атындағы No250 мектеп-лицейінен тәлім алған. Мектепте өнегелі тәрбиесімен, алғырлығымен, білімділігімен ерекшеленген ол білім ордасын «Алтын белгіге» аяқтап, Астана қаласындағы Еуразия Ұлттық университетіне оқуға түседі. Жоғары оқу орнын да үздік дипломмен қорытындылап, мамандығы бойын- ша мемлекеттік органдарда абыройлы қызмет атқарып келеді.
– Мен үшін Астана – ең алдымен, шексіз мүмкіндіктер мекені және асқақ армандар мен биік мақсаттардың алтын кілті дер едім. Болашағын елордамыз Астанамен байланыстырған адамның алдынан екі бірдей есік ашылады: бірі – ғылым-білімге деген, келесісі – жаңа орта, жаңа мүмкіндіктер мен жаңа идеяларға толы жарқын болашаққа деген бастау. Бұл үлкен қалада үнемі қайнаған тіршілік, айналаңда жанталасып-жағаласып жүрген бір адам, яғни бәсекелестік өте жоғары, ал бәсекелестік бар жерде ғана алға жылжуға, дамуға мүмкіндік бар. Біз сияқты жастар үшін махаббаттың, жасампаздықтың, достықтың, сұлулықтың символы іспетті Астанада сәулет өнерінің теңдессіз үлгілері саналатын кешендер бой көтеруде. Мен көргелі он төрт жылда сүйікті елор- дамыз ғажайып шаһарға айналды, әлем алдында беделі күн санап артып келеді, – дейді Нұрлыбек Ақылбекұлы.
Расында да, күннен-күнге қарыштап, дамып, көркейіп келе жатқан Елордамыз бүгінде адам танымастай өзгерді. Бас қаламыз әлем мойындаған ғажайып қалалардың қатарына қосылды. Шет елден келетін мәртебелі қонақтарымыз әрқашан да оның келбетіне тамсанып, таңдайларын қағысады. Бүгінде Астана тек әсем қалалардың бірі ғана емес, дүниежүзілік аса мәнді кездесулер мен басқосулар өткізілетін маңызды шаһарға айналды. Мұнда жыл бойы алыс-жақын жерлерден қаншама сыйлы азаматтар келіп жатады. Осындай өлкенің тұрғыны атанған Нұрлыбектің де әсем қала туралы айтары көп.
– Көпшіліктің «Астанада не бар? Оның өзге қалалардан қай жері артық?» деген сауалына «Астанада жаныңа не керектің бәрі бар және оның артықшылықтарын көре білу, оны мүмкіндік ретінде пайдалана білу – әр адамның өз қолында» дер едім. Себебі, Астана – ызғары мен жылылығы, суығы мен сұлулығы қатар жүретін жұмбақ қала болғанмен, шешуін таба білген жанның басына қонған бақ шығар. Сонымен қатар «ЭСКПО – 2017» халықаралық көрмесі де шаһарымыздың ажарына ажар қоса түсті. Аталмыш көрмеге арнайы салынған жаңа ғимараттардың сыртқы көрінісі де алыстан көз тартады. Ішіне енсеңіз керемет күйді бастан кешесіз. Осы сынды жоғары деңгейдегі шаралар Астанамыздың әлеуетін одан әрі айшықтай түсетіні айқын. Қаламыз жасыл желекке оранып, әдемі күйге еніп келеді. Болашағын осындай әсем қаламен байланыстырған әрбір тұрғын өкінбейді деген ойдамын. Біздің мақсат – ел игілігі жолында қызмет ету, – дейді ол.
Туған жер перзенті бүгінде Ұлттық экономика министрлігінде Департамент басшысы қызметін атқаруда. Қызметтегі жетістігі үшін 2022 жылы Президент Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының құрмет грамотасымен марапатталған. Бұл да екінің біріне бұйырмайтын бақ. Астанаға білім қуып келген Нұрлыбек бүгінде білікті басшы, тәжірибелі маман, отбасында жарымен перзент тәрбиелеп отырған ардақты әке. Иә, Астана – Нұрлыбектей талабы таудай жастарға жол ашқан қала. Жас ұрпаққа жарқын болашақ сыйлаған құтты мекен. Арман қуып келген әрбір азаматқа жол нұсқаған қасиетті өңір. Ендеше, әсем қаланың мерейлі мерекесінде асқақтай бер Астана.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ