Ару қала, асқақ орда – Астана
Ата-бабамыз қаншама қиындықты артқа тастап, тәуелсіз ел үшін жанын пида етті. Қаншама ел азаматтары азаттық үшін арын сатпады. Осындай ерен еңбекпен келген тәуелсіздіктің арқасында біз бейбіт елде өмір сүрудеміз. Шекарамыз айқын, егемен ел болғанымызға отыз жылдан асты. Ал Тәуелсіз Қазақстандағы елеулі оқиғалардың бірі – Сарыарқа төрінен Астана қаласының салынуы. Бұған дейін Ақмолинск, Целиноград, Ақмола, Нұр-Сұлтан деп те аталған қала 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап Қазақстан Республикасының бас қаласы болып келеді. Тәуелсіз Қазақстанға жаңа астана салу еліміздің бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясы екені барлығына белгілі. Дегенмен, елорданы Алматы қаласынан Ақмолаға ауыстыру туралы шешім 1994 жылдың 6 шілдесінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінде қабылданғанын және астананы ресми түрде көшіру 1997 жылдың 10 желтоқсанында жүзеге асырыла бастағанын көпшілік біле бермейді.
6 шілде күні ел тарихында орны бар шешім қабылданды. Сондықтан да бұл күн «Астана күні» болып бекітілді. Жыл сайын бұл күн мереке ретінде тойланып келе жатыр. Ал биыл Астана қаласына 25 жыл толып отыр. Осы уақытқа дейін еліміздің елордасы дамудың бірнеше сатысынан өтті. Бүгінде халықаралық аренада өзіндік келбеті бар, заманауи даму үрдісінен қалмай келе жатқан жас қала.
Елорданың өткен тарихына хронологиялық талдау жасайтын болсақ, бұл қаланың іргетасы 1830 жылы орыс әскерлері Есіл өзенінің жағалауына келіп қалаға бекініс салудан бастау алады. Содан соң, 1862 жылы бекініс қала мәртебесіне ие болып, Ақмолинск деген атау берілсе, 100 жыл өткеннен кейін Целиноград деп атала бастаған. Одан кейін, Ақмола болып, Президент жарлық шығарған кезде Астана деген атауға ие болған. 1998 жылы Астана қаласы ЮНЕСКО ұйымының шешімімен аз ғана уақыт арасында әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени тұрғыдан даму жағынан көзге түсіп, этносаралық тұрақтылыққа қол жеткізген жас қалаларға берілетін «Бейбітшілік қаласы» атты мәртебеге ие болды. Бразилия елінде өткізілген бұл конкурсқа қатыстырылған Астана әлемнің он екі шаһарын әртүрлі талаптар бойынша басып озған. Астана тарихындағы тағы бір елді елең еткізген оқиға – 2019 жылдың 20 наурызында қазіргі президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен қаланың атауы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне Нұр-Сұлтан деп өзгертілуі болды. Алайда, өткен жылдың 17 қыркүйегінде Мемлекет басшысының Жарлығымен қала қайтадан Астана деп аталды.
Бүгінде Астананың жер көлемі 797,33 шаршы шақырымды құрайды. Астананың қақ ортасында әсем Есіл өзені ағып жатыр. Сол өзен қаланы екіге бөлетіндіктен, тұрғындар оң және сол жағалауда өмір сүріп жатыр. Астананың климаты аса континенталды, дәлірек айтсақ, қысы суық әрі ұзақ болса, жазы ыстық және құрғақ. Адамдар әсіресе Астананың қысына қатты қамданады. Себебі, бұл қалаға Сібір аяздары жеткен кезде, ауа температурасы – -50 градусқа дейін жетуі ықтимал. Ғалымдардың сөзіне сенсек, Астана Моңғолия астанасы Ұланбатырдан кейінгі әлемдегі ең суық елорда болып саналады екен.
Елорданың сәнін кіргізіп, әлем халқына әйгілі етіп тұрған сәулет туындылары да жетерлік. Астананың инфрақұрылымы, қала құрылысы, кей көшедегі кептеліс, сумен қамтамасыз ету, мектептерде орын тапшылығы секілді әлеуметтік мәселелер туралы сын жиі айтылады. Алайда қала 40-50 жылда жетеді деген нәтижені ширек ғасырда көрсетті. Миллиондаған адамның жас әрі бас қалада өз жолын тапқаны анық.
Кеше ғана іргетасы қалаған Астана дем арасында ширек ғасыр жасап, бұл күн дүбірлі мерейтойға ұласып отыр. Десе де, күллі қазақ жұрты бұл қаланың сәулетіне тамсанып қана қоймай, саяси және идеологиялық маңызын тереңірек түсінгені абзал. Сарыарқаның төрі Астанамыздың мәңгілік мекені болғай.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ