» » Қуаңдарияның толағайлары

Қуаңдарияның толағайлары

Ауыр атлетика спортының бір түріне жататын гір тасын көтеру бүгінде әлем арасында кеңінен насихатталып жүр. Шығыс Еуропа халқы ойлап тапқан дәстүрлі спорт тоқсаныншы жылға таяу ресми бекітіліп, содан бері ел арасында үздіксіз әлем чемпионаты ұйымдастырылуда. Ал қазақ жеріне ХІХ ғасырларда келіп, әйгілі Қажымұқан, Балуан Шолақ балуандарымыз жәрмеңкелерде гір тасын көтеріп танымал етті.
Жалпы кез келген спорттың негізгі мақсаты – саламатты өмір салтын ұстану. Әуесқой немесе кәсіби деңгейде жетістікке жетіп, түрлі додаларға қатысу. Мұндай жетістікке тек қажырлы еңбек етіп, алға қарай ұмтылатын жандар ғана қол жеткізеді. Айтпағымыз Қуаңдария ауылында жас толағайларды тәрбиелеуде гір спорты бөлімшесі жұмыс істейді. Бөлімше небәрі төрт жылға жуық уақыт ішінде өз нәтижесін көрсетіп, жетістіктерге жеткен. Ауылға іссапарымызда спортшылармен жолығып, оған куә болдық.
Бекмұрат Нысанбаев бапкерлік ететін гір спортына ауыл балаларының қызығушылығы жоғары. Қазір мұнда 12 жастан жоғары 32 спортшы тәрбиеленуде. Жаттығу күнделікті өтіп отырады. Тәртіп бәріне бірдей қатаң.
– Жаттығуымыз мектептің спорт залында өтеді. Шәкірттерімнің бәрі жігерлі. Олар әр жаттығу сайын гір спортының қыр-сырын үйренуде. Осы күнге дейінгі тынымсыз еңбектің арқасында Әлем, Азия, Қазақстан чемпионаттарының жүлдегерлерін шығардық. Жақында ғана шәкіртім Еркебұлан Кәжденбек Тайвань мемлекетінің Тайбэй қаласында өткен Азия чемпионатында елдің намысын қорғап, жеңістің тұғырынан көрінді. Одан бөлек Саят Әміртай, Әділет Қалжанов есімді оқушыларым да үлкен додаларда жақсы өнер көрсетіп, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Үш шәкіртім спорт шеберіне кандидат. Бұйырса, қалған оқушыларымнан да жоғары үміт күтемін. Жарысқа барған сайын оларға «Жақынды көздемеңдер, алысты көздеңдер. Осыған ден қойсаңдар оған дейінгі жеңісті аласыңдар» деп жігерлендіріп отырамын. Ал орын ала алмай қалса еш ренжімеймін. Керісінше сол дәрежеде жаттықтырып апарған өзім, шәкіртімнің жеңіске жететін мүмкіндігі бар еді деп, қатені өзімнен іздеймін, – дейді жаттықтырушы.
Спортшылардың сыртынан қарап гір көтерудегі өнеріне тәнті боласың. Ауыр темірді білектің күшімен жұлқа көтерген жас балғындар құдды жеңіл затты аспанға сермегендей қозғалады. Нағыз болашақ чемпиондар. Әдетте сайыстарда гір тасын ерлер көтергенді жиі көріп жүрміз. Бұл ауылда дәстүрлі спортпен Жаннұр, Аружан есімді арулар да шұғылдануда.
– Спортқа бұрыннан қызығамын. Соның ішінде гір тасын көтеру маған қатты ұнайды. Бірақ ата-анам кішкентайымнан ауыр зат көтеруге рұқсат бермеді. «Қыз баласысың, ертең денсаулығыңа зиян келеді» деп, маған алаңдап жүрді. Жалпы үйде бес ағайынды болсақ, оның 4-еуі қыз. Мен қыздардың үшіншісімін. Алдымдағы әпкелерім үйдің ішкі шаруасымен айналысса, мен сыртқы жұмыстарды тындырамын. Ал спортқа келерде Әлем чемпионы боламын деп алдыма мақсат қойдым. Қазір ата-анам маған түсіністікпен қарап, қолдайды, – дейді Жаннұр. Бапкер шәкірттерін жаттықтыруда олардың техникалық қозғалысына мән беретінін айтады. Спортқа қандай адам келсе де, алдымен осы жағынан көзге түседі дейді ол.
– Гір спортының бір ерекшелігі – адам жасын таңдамайды. Кез келген жас, үлкен кісі болсын бұл спортты алып кете алады. Тіпті адам әлсіз болып көрінгенімен, оның техникасы мықты болуы мүмкін. Жаттығу барысында алдымен өзіндік ережелерін орындаймыз. Аяқ, қол, белді күшке үйретіп, әдіске көшеміз. Содан кейін 5 келі гір тасынан бастап көтергізіп, әрі қарай жұлқа көтеру, серпе көтеру және ұзын айналымда серпе көтеру бойынша ауыр салмаққа алма-кезек жұмыс істейміз. Ал бірден ауыр көтеру – ол денсаулыққа зиян, – дейді Бекмұрат Абатұлы.
Бапкердің өзі кезінде әскери қызметте жүргенде гір тасын көтеруден оңтүстік әскерилер арасында ұйымдастырған жарыстың чемпионы атанған. Одан бөлек облыста өткен ауданаралық спартакиаданың бірнеше жүлдегері, әрі спорт шебері. Ауылдың тумасы болған соң елге қызмет етіп, ауыл балаларын саламатты өмір салтын ұстануға баулуда. Өз кезегінде Бекмұрат спортшылардың жақсы шынығып, қажетті формамен қамтамасыз етіп, жарысқа қатысуына мүмкіндік жасап, қолдап отырған аудандағы спорт бөліміне айтар алғысы шексіз.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
29 маусым 2024 ж. 495 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 022

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031