» » Тірліктің тың түрін түлеткен

Тірліктің тың түрін түлеткен

Бүгінде кәсіптің қай түрін игеремін десең де жол ашық. Ең бастысы, тың идея мен бизнес жоспар керек. Ал кәсібің өзгелерден өзгерек болса, онда табыстың тайқазанын қайнаттым дей беріңіз. Мәселен, ауданға қарасты Қуаңдария ауылының тұрғыны Нұргүл Дәрібаева – сондай жанның бірі. Бүгінде ол шылаушын өсіріп, тірліктің тың түрін түлетіп отыр. Топырақты құнарландыруда таптырмайтын құрт саналатын шылаушын өсіруді былтыр қолға алған. Ол құртқа төрт түліктен бөлінген органикалық заттарды тастау арқылы биогумус деп аталатын биологиялық тыңайтқыш шығарады.
Биогумус – органикалық тыңайтқыш, ауыл-шаруашылық қалдықтары шылаушын және басқа да микроағзалармен өңделеді. Ол өте пайдалы органикалық тыңайтқыш болғандықтан, оған деген сұраныс та жоғары. Биогумус топырақтың құнарын, құрылымы мен физикалық қасиеттерін жақсартады. Онымен тыңайтылған топырақты бірнеше жыл қолдануға болады.
– Бұл кәсіп түрі калифорниялық қызыл шылаушындар арқылы көңді өңдеу, биогумус (қара топырақ) деп аталады. Өз шикізатымызды өңдеп, ауылшаруашылығына тыңайтқыш дайындаймыз. Бұл тыңайтқыш – ешқандай қоспасыз табиғи өнім. Қызыл шылаушындар жануарлардың көңімен қоректенеді, солардан шыққан дүниені «биогумус» деп атаймыз. Бұл органикалық тыңайтқышқа жатады. Қазіргі таңда жердің құнары өте нашар. Барлығы химиялық өнім жасап жатыр. Ал бұл тыңайтқыштар арқылы таза органикалық өнім аласыз. Шылаушынның өнімі – биогумус кез келген егін мен бау-бақшаны жайқалтып жібереді, диқан өнімді еселеп алады. Әсіресе жылыжай егіні мен гүл топырағына өте пайдалы. Мұндай тыңайтқыш себілген жер төрт жылға дейін өзінің жоғары құнарын сақтайды, – дейді Нұргүл Мұхтарқызы.
Ғаламтор деректеріне сүйенсек, Қазақстан аумағындағы егістік алқаптардың біраз бөлігі құнарсыз халге жеткен. Десе де қиындықтың шешімі табылыпты. Калифорния шылаушынын баптау арқылы жерді қайтадан құнарландырып, тіпті өнім көлемін бірнеше есеге жоғарылатуға болады екен.
Кейіпкеріміз бұл істі отбасылық кәсіп ретінде бастапты. Жолдасы әскери қызмет атқарса, өзі ауыл поштасында меңгерушілік етеді. Ал шылаушын өсіру туралы аға-жеңгесінен естиді. Осылайша отағасы екеуі әрі пайдалы, әрі тың кәсіпті қолға алады. Алдағы уақытта мемлекеттік бағдарлама арқылы қаржыға қол жеткізіп, кәсіп көкжиегін кеңейтпек ниетте.
Кәсібін үй іргесінен ашқан олар қазір қолдағы шылаушындарға малдың қиы мен шіріген шөптерді беріп жатыр. Мұндай органикалық тыңайтқыштарды ауыл ішінен табу қиын емес. Алайда шылаушынның калифорниялық түрі жоғары бағаланатындықтан, оның күтімі де сай болуы қажет. Калифорниялық қызыл құрттар балықшылар арасында да үлкен сұранысқа ие. Яғни, оларды жекелеп сату арқылы да пайда табуға болады.
– Шылаушындар үшін топырақтың ылғалы маңызды. Сондықтан оларға үнемі су құйып отырамыз. Кейбір бауырымен жорғалаушылар қыста жылы жерді қажет етсе, шылаушындарға ондай күтімнің қажеті жоқ. Сондықтан көп уақытымызды кетірмейміз. Өзіміздің басқа да жұмыстарымызды істей жүріп, құрттарды да көбейте береміз. Алла берген 4 перзентіміз бар. Олар да қолдарынан келгенше көмектеседі. Ауыл ішінде тыңайтқыш ретінде алып жатыр. Көрші ауылдардан да тұтынушылар келуде, – дейді олар.
Иә, қазір кәсіптің көзін табамын деушілерге шектеу жоқ. Бастысы кәсіп жасауға деген ниетіңіз бен ерік-жігеріңіз мықты болса болғаны. Мемлекет те шағын бизнес ширау үшін көмек беруге даяр. Отбасылық кәсіпті қолға алған көпбалалы жандар бұл ісімен перзенттеріне де үлгі көрсетіп, оларды жастайынан еңбекке баулуда.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
22 маусым 2024 ж. 336 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 306

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 403

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930