Ақбас сиырдан артығы жоқ
ҚАЗАҚТЫҢ АҚБАС СИЫРЫ – СИЫРДЫҢ ЕТТІ ТҰҚЫМЫ. БҰЛ ӨТКЕН ҒАСЫРДЫҢ 30-50 ЖЫЛДАРЫ АРАЛЫҒЫНДА ҚАЗАҚ ЖӘНЕ ҚАЛМАҚ СИЫРЛАРЫН ГЕРЕФОРД БҰҚАСЫМЕН БУДАНДАСТЫРУ АРҚЫЛЫ ШЫҒАРЫЛҒАН, КЕҢ ТАРАҒАН ТҰРПАТЫ БӨЛЕК ТҮЛІК. АТАЛҒАН ТҰҚЫМДЫ ӨСІРЕТІН ШАРУАШЫЛЫҚТАРДЫҢ ДЕНІ ҚАЗАҚСТАНДА ОРНАЛАСҚАН. ОНЫҢ ІШІНДЕ ӨЗІМІЗДІҢ АУЫЛ ДА БАР.
Ауыл шаруашылығы ел экономикасының драйверіне айналса нұр үстіне нұр болар еді. Мемлекет басшылығы жүктеп отырған міндет те осы. Қайтпек керек? Алдымен, төрт түлік малдың тұқымын асылдандыру керек. Қара малдың ішінде оңдысы да, қоңдысы да қазақтың төл малы – ақбас сиыр екені әмбеге аян.
Негізінен далалы және шөлейт жерлердің табиғи жағдайына бейімделген ірі қараның бұқасы орта есеппен 800-900 килоға дейін ет береді екен. Аналығы 450-500 килоға дейін тартатын ақбас сиыр тұқымдары тез ет жинауымен ерекшеленеді. Алайда кейінгі жылдарда белең алған малды асылдандыру кенже қалуда. Осы олқылықтың бір бүйірін Ақай ауылындағы «Береке» шаруа қожалығының басшысы Айдарбек Бекжанов толықтырып отыр. Шаруа қожалық мүйізді ірі қара малдарын асылдандырумен айналысады. 2020 жылы Жаңақорған ауданынан 1-еу, былтыр Қуаңдария ауылдық округіне қарасты «Олжа» шаруа қожалығынан 1 бас асыл тұқымды «Ақбас» бұқасын сатып алып, қазір одан 24 бас «Ақбас» тұқымды бұзау алған. «Шетелдік ангус немесе герефорд секілді асыл тұқымды ірі қара малдарын сипаттаған кезде теңеуге сөз таппай қалатынымыз бар. Алайда одан қазақтың асыл тұқымды ақбас сиырының несі кем?» дейді мамандар.
Мал шаруашылығын діттеген меже- ге жеткізудің жалғыз жолы – тұқымын асылдандыру. Айталық «мәрмәр» деп саналатын ақбас сиырдың еті мен майының мөлшері 55-65 пайыздан кем түспейді, дәмді әрі жұмсақ. 18 айға дейін жемделіп бордақыланса, 4 центнерден асып түсетіні даусыз. Мал мамандарының есептеуіне қарағанда, осы 18 айдың ішінде біз айтып отырған тірідей салмақ дәрежесіне жетуі керек. Одан асса артық бейнет, қосалқы шығын деген сөз. Ал ақбас сиырдың төлі жетпек түгілі асып та кетеді.
Мұның ерекшелігі, ақбас сиырдың қазақ даласының табиғатына әбден төселуі. Түкірігің жерге мұз болып түсетін қақаған қыстың атан түйені алып жығатын аязынан қорықпайды. Қар үстінде де төлдей береді. Өзге асыл тұқымдыларға қарағанда ұтымдысы, өз аяғымен жайылады. Ал басқа асыл тұқымды қара малды қысы-жазы қамап бағу керек. Ірі шаруашылықтар бұл міндеттен аса көп қысылмаса, шағын қожалықтар үшін қарбаласы мол, қиын шаруа. Қара мал қысы-жазы қолға қараса, жем-шөбін тауып беру қиямет. Міне, сондықтан да ақбастан артығы жоқ.
– Осындай жерде түтін түтетіп отырған соң ауылдың ырыздығы – мал өсірмеу әсте мүмкін емес. Ісіміз табысты болуы үшін мал шаруашылығын асылдандыруға біржола бет бұруымыз керек, – дейді шаруа қожалығының басшысы.
Мал бағумен бүйірі шыққан қауымның айтуына қарағанда, мал шаруашылығы табысты салаға айналуы үшін жем-шөбін өзің дайындауың керек. Егер жем-шөпті сатып алып бағатын болсаң, табысың толымды бола қоймайды. Мұны ескерген шаруа қожалық мал азығын дайындауға Германиядан шыққан шөп шабатын агрегат сатып алып, шөп шабуға дайын отыр. Бұдан бөлек қожалықта Алматы қаласынан органикалық био тыңайтқыш дайындау үшін 40 000 дана калифорниялық құрт сатып әкеліп, арнайы дайындалған жерде көңге жіберіп отыр. Өңделген, дайындалған көңді бақшалыққа органикалық тыңайтқыш ретінде жерге сіңіреді. Онымен қоса 2 гектар жер дайындап, оны қоршап, қауын, қарбыз егіпті. Бақшалық жерлерді шағын насоспен суландырады. Жақын күнде егілген бақшалық дақылдары пісуге бет алып тұр.
Біраз жылдар бұрын елімізде қазақтың асыл тұқымды ақбас сиырының бәсі биік болғаны ұмытыла қойған жоқ. «Береке» шаруа қожалығының басшысы Айдарбек Бекжановтың бүгінгі қам-қарекеті қазақтың асыл тұқымды ақбас сиырының бір кезде баршаға тараған даңқын қайтадан жаңғыртуға бағытталып жүргендей көрінеді. Әрине, мал өсіру оңай шаруа емес. Қайткен күнде де еңбекке төккен маңдай терің ырыс болып оралатын адал кәсіп. Сол кәсіпті бүгінгі талапқа сай дөңгелету мал тұқымын асылдандыруға тікелей байланысты. Тегі асыл мал таразы тартады емес пе?
Айнұр ӘЛИ