» » ТҮЛІКТІ АСЫЛДАНДЫРУ ТІРЛІКТІ ДӨҢГЕЛЕТУГЕ СЕП

ТҮЛІКТІ АСЫЛДАНДЫРУ ТІРЛІКТІ ДӨҢГЕЛЕТУГЕ СЕП

Өткен жылдың тиісті кезеңімен са­лыстырғанда мүйізді ірі қара 1,5 процентке, қой-ешкі 1,4 процентке, жылқы 2,3 процентке, түйе 4,2 процентке, шошқа 1,5 процентке, құстың саны 2,2 процентке көбейген. Бұған қоса, есепті кезеңде аудан бойынша тірі салмақта 779,7 тонна ет, 1 275,8 тонна сүт және 82 мың дана жұмыртқа өндірілген. Мұндай көрсеткішке ет, сүт, жұмыртқа өндіруде де қол жетуде. Мысалы, ет өн­діру 101,5 процентті көрсетсе, сүт  өндіру 100 процентті, жұмыртқа өнімі 103,5 процентті құраған.
Мал шаруашылығымен айна­лыс­қы­сы, кәсіп ашқысы немесе әрі қарай да­мытқысы  келетіндер үшін мемлекет тарапынан қолдаулар бар екенін де айта кеткен жөн. Әсіресе, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға бай­ланысты бірқатар жеңілдік қарас­тырылған. Асыл тұқымды мал ша­руа­шылығын дамытуға, мал шаруашылығының өнімділігі мен сапасын арттыруға, яғни субсидиялауға биыл қаңтар-сәуір айында 3 140 мың теңге субсидия алынған. Бұл шаруаның біраз қажетін өтеуге жарайтын дүние. Ал, тұқымдық түрлендіруде статистикалық мәліметке жүгінер болсақ, есепті кезеңде аудан бо­йынша 17 952 бас аналық сиыр тіркелсе, осыдан бүгінде 350 бас аналық сиыр мен 42 бас бұқа тұқымдық түрлендіруге қатысуда. Аналықтардың тұқымдық түрленуге қатысуы – 5,5 процент болса, асыл тұ­қымды бұқамен қамтылуы – 5 процентті көрсетуде. Сәуірде Ақтөбе, Батыс Қазақстан облысынан және Қа­залы ауданындағы «Ықлас» ШҚ-нан қазақтың ақ бас асыл тұқымды 10 бұ­қасы әкелініп, асылдандыру жұмысы бас­талып кетті. Жалпы өңірде мал шаруашылығын дамытуда мүмкіндік мол.
– Бір кездері жұмыстың болма­уынан күн көріс қамымен жұрт қалаға ағылды. Қазір мүлдем басқа уақыт. Тірлік қылып, жұмыс істеймін дегенге мемлекет мүмкіндік беруде. Яғни нақты қолдаулар мен мемлекеттік бағдарламалар жұмыс істеуде. Соның бірі – ірі қара малдың табын санын ет үшін көбейтуге бағытталған «Сыбаға» бағдарламасымен берілетін несиенің үсте­ме пайызы төмен, қайтару мерзімі ұзақ. Айтулы бағдарлама бойынша несие алушы ірі қара мал аналығын тауарлы, ал бұқаны асыл тұқымды мал ретінде сатып алуға тиіс. Бұл – бағдарламаның негізгі шарты. Алайда, көп жағдайда тұрғындардың кәсіпкерлікті бастауға білімі болмай, қай бағытта, қандай кәсіп ашу керегіне шешім қабылдай алмай жатады. Мал шаруашылығымен айналысу – өңірдегі тұрғынның жағ­дайын жақсартуға, жаңа жұмыс орнын ашуға, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге ықпалы зор. Ең бас­тысы – халықты сапалы әрі құнарлы да арзан азық-түлікпен қамтамасыз ету, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Жа­ғыпар Төлегенов.
Сала маманының айтуынша, қазіргі таңда ауданда 30-дан аса шаруа қожалығы жергілікті аналық басы мен қазақтың ақ бас бұқасын сатып алып, тұқымдық түрлендіруге қатысуда. Мәселен, Қуаң­дария ауылдық округіне қарасты «Олжа» шаруа қожалығы өткен жылы өз қаражаты есебінен Батыс Қазақстаннан қазақтың ақ бас малының қашарлары мен асыл тұ­қымды бұқасын алып, асылдандыру жұ­мысын бастаған.
Мұндай шаруамен айналысып, оның оңды нәтижесін көруге асығып отырған шаруашылықтар баршылық екенін айтады бөлімдегілер.  Атап айтар болсақ, Тұрмағамбет ауылындағы «НұрЕрБер», Ақжар ауылындағы «Тиышбай», «Ықлас», «Рахман», ІІІ Интернационал ауылындағы «Нұр­дәулет», Ақтөбе ауылындағы «Оң­талап», Иіркөл ауылындағы «Ертілеу», Қармақшы ауылындағы «Ертілеу», Қар­мақшы ауылындағы «Ибрагим», Ақайдағы «Береке», Жосалы кентіндегі «Ернұр», «Саяжан», «Мырзаш», «Елубай» шаруа қо­жалығы мен Төретам кентіндегі «Кон­такт» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігін, сондай-ақ  «Ауылым Абыла», «Қар­шығаева», «Мұхамеджанова» секілді жеке кәсіпкерлер малды асылдандыру жұмысына бел шеше кіріскен.
– Ауылдық жерде еңбек етемін деген азамат өз бойындағы еңбеккерлікті оятып, нарыққа сай оқу, біліммен сусындауы және кәсіпкерлікке жаңа қырынан қарауы тиіс. «Сыбағадан» сыбағасын алып, одан құр қалмауы керек. Отандық мал шаруашылығы өнімінің дамуы мен мал санының артуына үлес қосуы қажет. Келешекте сырттан әкелінетін өнімді азайтып, қайта экспортталатын өнім санының артуына еңбектенгені жөн, – дейді маман.
Қай жұмыстың да алдын ала жос­парланатыны анық. Ауыл шаруа­шылық бөлімінің бұл тұрғыда жасалған жоспары аз емес. 1529 бас бұқашықты бордақылау алаңына өткізу бойынша үстіміздегі жылы жоспарланса, бұл шаруа күзде жүзеге аспақ. «Сыбаға» бағдарламасымен мал сатып алу жөнінде де мақсат қойылған. Биылға аталған бағдарлама аясында 325 бас асыл тұқымды немесе таза тұқымды импортталған мүйізді ірі қара аналығын сатып алу жоспарланған. Осыған сай, үстіміздегі жылы шетелден Дауылкөл ауылдық округіндегі жеке кәсіпкер Айтуған Жұмағалиев, Төретам кентіндегі «Контакт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, сонымен қоса, Ақтөбе ауылдық округінен жеке кәсіпкер Сабыр Аралбаев «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-на мүйізді ірі қара малын сатып алуға өтінім жасауда. Мұнымен қатар, ауданымызға «Сыбағамен» 7800 бас аналық сатып алу жоспарланып отыр. Бұл бағытта да бірқатар шаруа тиісті құжатын әзірлеп, несие алуға ниет қылуда. Олардың қатарынан Сабыр Аралбаев, Нұрлан Қыпшақбаев, Рашид Баймұрзаев, Сейсенбай Қыпшақбаев, Қанат Тұрымбетовтерді атағанымыз жөн. Негізінен аналық қой  сатып алу жоспары қазірде 14,1 процентке  орындалған.
Түйін:
Уақыттың жүрек соғысына қарай экономикалық әлеуетті арттыру да өзекті мәселе. Бұл дегеніміз – мал өнімін сыртқа сату, экспорттау. Биыл ауданға 43 тонна сиыр етін экспорттау жоспары бекітілсе, Иран Ислам және көршілес жатқан Өзбекстан Республикасына қозы экспорттау жұмысы тамызға межеленген. Малды асылдандыру – мол өнім сапасының кепілі һәм себебі. Осы ретте жыл аяғына дейін өңірдің барлық ауылдық округінде тұқымдық түрлендіруге мүйізді ірі қараның аналығын қатыстыру және асыл тұқымды бұқамен қамту өз дәрежесінде жүргізілмек. Иә, малды асылдандыру – мал тұқымының азбауын қамтамасыз ететін бірден-бір жол.
Сәрсенкүл АҚКІСІ,
«Қармақшы таңы».
23 мамыр 2019 ж. 1 146 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 050

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031