» » Өмірдің нұры, көңілдің гүлі

Өмірдің нұры, көңілдің гүлі

Қай қоғамның да игі ырысы отбасымен өлшенсе керек. Бақытты отбасы саламатты да сәулетті қоғамның негізін қалайды. Демек, отбасы өнегелі болса, оны құрып отырған мемлекеттің де іргесі берік, шаңырағы биік. Сол себепті де келешек ұрпаққа отбасы құндылығын насихаттау, ондағы ата-ананың рөлін арттыру, өзара үйлесімділікте өмір сүру – ешқашан толастамайтын тақырып болып қала бермек.
Осы ретте ауданымызда көптеген іс-шара ұйымдастырылады. Соның бірі жуырда Төребай би ауылында ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Рыскүл Жорабекованың ұйытқы болуымен өтті.
Қазақ қонағын құдайындай сыйлаған демекші, аудан орталығынан ат желітіп барған бірқатар адамды төребайбиліктер шашу шашып қарсы алып, қонақжайлылық танытты.
Көптің басын қосқан игі шараны Жосалы ауылдық округінің әкімі Владимир Жалғасбаев ашып беріп, семинар жұмысына сәттілік тіледі. Сонымен бірге, ауданымыздағы «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қармақшы ауданының құрметті азаматы, мәдениет саласының ардагері Үрзахия Маханбетова сөз алып, өнегелі әңгіме өрбітті.
«Отбасы – өмір тұтқасы» деп аталған семинар-тренингке елді мекен тұрғындарымен қатар, үкіметтік емес ұйым өкілдері, арнайы мамандар қатысты. Оның ішінде облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының мүшесі, аудандық аурухананың психологі Әмина Кетебаева, облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-нің Қармақшы ауданы бойынша этносаралық қатынастар жөніндегі сарапшысы Нұргүл Айтбаева, аудандық жастар денсаулығы орталығының маманы Мереке Бекова пікірлерін білдірсе, №199 орта мектептің қызметкерлері – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ақмарал Усербаева, мектеп психологі Гүлзира Мұратова, бастауыш сынып мұғалімі Гауһар Бейсенова, математика пәнінің мұғалімі Гүлзат Шамшатова отбасы құндылығына байланысты тартымды жұмыстар көрсетсе, жергілікті ақын Сәуле Жұматаева арнау өлеңін оқыды.
Ауыл аналары белсене қатысқан бұл іс-шарада музыкалық бағдарлама жоғары көңіл күй сыйласа, түрлі тренингтер көпшілікке ой салды. Оның қатарында психолог маман Әмина Тахирқызының «Өмір ыдысы» атты тренингін жұртшылық жылы қабылдады.
Семинарды ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Рыскүл Жорабекова қорытындылап, ел игілігіне қажетті мұндай іс-шаралардың келешекте де жалғасын таба беретінін жеткізді.
Айта кетейік, былтыр Қызылордада жаңадан бой көтерген «Анаға тағзым» орталығында аймақтың барлық ауданынан аналар қатысып, қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрпын насихаттаған болатын. Олардың арасында біздің ауданның да аналары мен қыз-келіншектері қатысып, белсенділік танытқанды. Солардың қатарында «Ақ отау» секциясы бойынша «Абысын тату болса, ас көп деген» тақырыпта шеберлік сыныбын көрсеткен абысынды-келінді, ардагер-ұстаздар Рыскүл Жорабекова мен Күлаш Бисенбаева да болып, құрмет төрінен көрінген еді.
Қатысушылардың көңілінен шыққан семинар-тренингтен ауыл аналары алғыстарын айтып тарқасты.
С.ДАТ
03 маусым 2024 ж. 197 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 315

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 413

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930