» » Ұрпағына ұран қылып апарамын...

Ұрпағына ұран қылып апарамын...

Халқымыздың игі істерінің бірі – ұлт құндылығын қастерлеп, ел жадынан ұмыт болып бара жатқан ұлт ардақтыларының өнегелі өмір жолдары мен халқымыздың салт-дәстүрін, атакәсібін қайта жаңғырту. Ел-жұртының болашағы үшін тер төге еңбек етіп, өмірден өткен жандарды ел жадында мәңгі сақтау.
Қазақ тарихының шерлі беттері аз болмаған. Азалы тарихымызға бас ие отырып, азаматтар рухына тағзым ету, өткенімізге салауат айтып, тарихымыздың аласапыран беттерінен ой түйіп, шерлі беттерін әрдайым еске алып отыру – Тәуелсіздігіміздің құндылығын еселей түспек.
Міне, ел-жұртының болашағы үшін еңбек еткен атпал азаматтардың бірі – киелі Қармақшы өңірінің жұртшылығына белгілі болған ел қадірлісі – Тебеген Қожаназарұлы.
Ұлт ұланының жастық шағы қазақ елінің сол кезеңдегі патшалық Ресей өкіметінің бодандығында болған кезбен тұспа-тұс өтті. Десе де, баласының жастайынан білімге деген құштарлығын құптаған Қожаназар ақсақал Тебегенді алғашында ауыл молдасына беріп, діни білімге баулыса, кейін келе өзі сияқты орысша біліп, қоғамда болып жатқан өзгерістерге жақын жүрсін деп баласының заман талабына сай білім алуына жағдай жасау мақсатында Қармақшыдағы орыс-қазақ мектебіне береді.
Әке арманын орындау – бала үшін қашанда басты міндет. Осы ретте, жас білімпаз Тебеген 19 жасында аталмыш мектепті үздік тәмамдап шыққан соң Қуаңдария болысында тілмаш, аудармашы, іс жүргізуші сияқты қызметтерімен ел өміріне белсене араласып, сол белесті бағындыру жолында өңір жастарының заман ағымына сай өмір сүріп, білім алуына аянбай еңбек етеді. Сыр өңірі ахундарының ұстазы атанған Ораз ахун пір тұтқан Алдашбай, Әлібай сынды діндарлармен тығыз байланыста болып, өзі өскен өлкеде Ислам дінінің кеңінен қанат жаюына еңбек сіңіреді. Тіпті, осы өңірде дін мәселесі төңірегінде өткен мәслихаттарға белсене араласып, оны жүзеге асыруға жұмыс істейді.
«Тебеген, Сәден менен Саха, Оспан,
Ел жүгін сүйреп өтті әуел бастан ....» деп, жыр жампозы Егізбай Мәкібаев жырлағандай, елімізде Кеңестік заман орнағаннан кейін Тебеген Қожаназарұлы туған халқының жаңа заман талабына сай өмір сүріп, өніп-өсуіне бар саналы өмірін арнап, еңбек етеді.
1935-1938 жылдары Қуаңдария болыстық атқару комитетіне қарасты №6 ауылдық кеңесінің төрағасы болып қызмет істеген кезінде аудандағы отырықшылықты, егін егу мен мал өсіруді дамытуға, ұжымдық еңбек етудегі жаңа дәстүрдің қалыптасуын ұйымдастыруға елеулі ықпал жасайды. Сондай-ақ ол өңірде өткізілген басқа да қоғамдық жұмыстардың басы-қасында жүріп, Қармақшы аудандық ревкомның мүшесі, Қуаңдария болыстық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін абыроймен атқарып, ел тұрмысының өркендеуіне тер төге еңбек сіңірген.
Т.Қожаназарұлы қазақ халқының болашағы үшін тынбай еңбек еткен Сыр бойы халқының жанашыры, арда азаматтарының бірі болды.
Бала жасынан Сыр сүлейлерінің жауһар жырларымен сусындап, ар мен абыройды өзінен биік қойған текті азамат туған елінде жыраулық өнерімен ел алғысына бөленген жыр жампоздарына әрдайым қолдау көрсетіп отырған. Қазақтың қасиетті қара домбырасымен ел-жұртының қамы мен мұңын жырлары арқылы билікке жеткізген жыр дүлділдері Кете Жүсіп, Шораяқтың Омары, даңғайыр ақын Тұрмағамбет, жастайынан халқы «Бала жырау» деп айдарлап ат қойған Тұрымбет жыраумен жақын қатынаста болып, ел бірлігі жолында еңбек етеді.
«Өмір – ол бір күрес» деп дана халқымыз айтқандай, өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан бастап елуінші жылдардың басына дейін Кеңестік Үкіметтің солақай саясатының арқасында қазақ халқының талай арда азаматтары халық жауы атанғаны белгілі. «Арым мен өмірім халқым үшін садақа» деп бар өмірін туған елінің болашағы үшін Кеңестік Үкіметтің содырларымен күресіп өткен Алаш арыстары Ахмет, Міржақып, Сәкен мен Ілияс және басқа да көптеген атпал азаматтарымыз Сталиннің солақай саясатының құрбаны болғаны баршаға аян. Біздің өлкеде де сол саясатты қолдап, «Ұлтым» деймін деп «ұлы қылмыс» жасап, «халқым» деймін деп «халық жауы» деген жаламен азаматтарды жазықсыз түрмеге қамауға жұмыс істегендер де кездесті. Қазақ даласының сол кездегі басшысы Голощекиннің қазақ халқына жүргізген «Кіші Қазан» шарасының құрбаны болған. Тағдыр салған соқпақтан қашып құтылу әсте мүмкін емес. Тебеген Қожаназарұлы 1938 жылы 8 қазанда әртүрлі әкімшілік, мәдени-ағарту салаларында басшылық қызметтер атқарған асыл азаматтармен бірге жазықсыз қамауға алынады. 1939 жылы 22 шілдеде шығарылған сот үкімімен Новосибирск қаласындағы жазалау лагеріне жөнелтіледі. Дегенмен, «жақсыға жала жұқпайды» деген бар. Көп ұзамай 1940 жылы 16 желтоқсанда НКВД облыстық басқармасының қаулысымен қылмыстық ісі қысқартылады. Өкініштісі, осындай қуанышты хабарды естіп, туған елге қайтуға дайындалып жүргенде Тебеген атамыз сол жақта белгісіз жағдайда, небәрі 49 жасында қайтыс болады.
Кейіннен 1998 жылы 13 ақпанда ҚР Бас Прокуратурасының шешімімен, «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заңына сәйкес, ақталып шығады.
«Ер есімі – ел есінде» дегендей, Тебеген Қожаназардың өнегелі өміржолы жайлы марқұм, белгілі қаламгер Мырқы Исаев, ақын-журналист Сақтаған Есмаханов, Нұртілеу Салықов, сонымен бірге еңбек ардагері Жаңаберген Сәденов, Қызбала Абылов та әр жылдары мақала жазса, филология ғылымдарының докторы, профессор, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіндегі қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі болған, ұрпағы Темірхан Тебегенов «Сырдария кітапханасы» сериясымен шыққан «Толғаныс теңізінің толқындары» атты кітабында эссе-очерк, тарихи дерек жазды.
«Epлiк – eлгe мұpa, ұpпaққa – үлгi». Бaбaлapымыздың әpбip жүpiп өткeн жoлы – үлгi, шeжipe, тaғдыpы – тapих, ел үшін туған саналы өмірін сарп етіп, өмірден өткен Тебеген Қожаназарұлының туғанына биыл 130 жыл толып отыр. Осы орайда, жазықсыз жапа шеккендердің есімін ұлықтап, ел жадында мәңгі сақтау мақсатында Жосалы кенті әкімінің 2024 жылғы шешімімен көше атауы беріліп отыр. Болашақ ұрпағының сауатты әрі тәуелсіз елдің тұғырын биік ұстайтынына кәміл сенген ардақтыларды бүгінде ұрпақтары ұмытпайды.
Гүлбану ТЕБЕГЕНОВА,
Абай атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған
сыныптары бар мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
29 мамыр 2024 ж. 190 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 318

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 414

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930