Байқоңырда ғарышкерлер күні аталып өтті
Ғарышкерлер күніне арналған ісшаралар легі орталық алаңда кешкі мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты. Жиынға облыс әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қ.Нұртай, қала әкімшілігі басшысы К.Бусыгин, Қазақстан велосипед спорты Федерациясының бас хатшысы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ж.Сүлейменов қатысып, қала тұрғындары мен ғарыш саласы қызметкерлерін мерекемен құттықтап, игі тілектерін білдірді.
– 63 жылдан бері әлемдегі ең бірінші және ірі ғарыш айлағы болып саналатын «Байқоңырдан» бүгінге дейін 133 ғарышкер көкке көтеріліп, ғаламның шексіз кеңістігін бағындырып қайтты. Олардың қатарында қазақ ғарышкерлері Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов еліміздің мақтанышына айналды. Қазіргі таңда ірі «Бәйтерек» ғарыш жобасы қолға алынуда. Жұлдызды қалашықты дамыту ісіндегі барлық маңызды жобалар Қазақстан Республикасы Президенті ҚасымЖомарт Тоқаевтың қолдауымен іске асырылуда. Ғарышты игеру бізге байланыс пен телехабар ұйымдастыруда, Жерді қашықтықтан зондтауға, әртүрлі объектілердің тұрған жерлерін жоғары дәлдікпен анықтауға, метеорологияны және көптеген басқа салаларда да жаңа міндеттерді шешуге мүмкіндік ашады, сондықтан «Байқоңыр» ғарыш алаңын одан әрі пайдалану бойынша стратегиялық маңызы зор. Сіздерді бүгінгі мерекемен құттықтап, аманшылық, бақ-береке, бірлік тілеймін, – деді Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қ.Нұртай.
Мерекелік жиында айтулы күнге орайластырылған велосипед спортынан Қазақстан Республикасы Чемпионатының бірінші кезеңі жасөспірімдер арасындағы 50 шақырым топтық-айналмалы жарыс жеңімпаздары марапатталды. Атап айтсақ, «Белсенді шабандоз» болып Даниил Зинкевич пен «Жарыс көшбасшысы» ретінде Мансұр Бисембай танылды.
Кеш соңында «Жұлдыздарға қадам» вокалдық шығармашылық халықаралық фестиваль-байқауының жеңімпаздары жиналған қауымға мерекелік концерттік бағдарламаларын ұсынды.
«ҚТ» ақпарат