» » Қарғын қаупі қашан сейіледі

Қарғын қаупі қашан сейіледі

Елдегі су тасқынына қарсы күрес қарқынды жүріп жатқанымен, оның қаупі әлі де сейілер емес. Кей аймақта апаттың беті қайтып, жағдай тұрақтағанымен, Солтүстік пен Батыс Қазақстан және Атырау облысының аумағында су тасқынының екінші толқыны жүреді деген қауіп күтілуде. Қарғын суға қарсы күреске барлық күш пен резерв, адам ресурсы мен қажетті техникалар түгел жұмылдырылуда.
Бүгінде табиғаттың айтып келмес апатымен ел болып күресіп жатқанымызға жиырма күннен асып барады. Тасқынның салдарынан қаншама үй су астында қалып, халық баспанасыз қалды. Қалааралық жолдар жабылып, көлік қатынасы кей жерлерде әлі де тоқтап тұр. Су басқан аймақтың тұрғындарын эвакуациялау жалғасуда. Республикалық ақпараттық штабтың мәліметіне сүйенсек, елде су тасқыны басталғалы бері 108 мыңнан астам адам құтқарылып, 38627 бала қауіпсіз жерге жеткізілген. Қауіп сейілген аймақтар бойынша 11 786 адам үйіне оралған. Ал уақытша орналасу пункттеріне 7598 адам, оның ішінде 3288 бала орналастырылған. Авариялық-құтқару жұмыстарына 32484 адам, 3709 техника, 14 әуе кемесі жұмылдырылуда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үндеуінде мұндай ахуал ұзақ жылдан бері болмағанын, бұл көлемі жағынан сексен жылдағы ең ірі табиғат апаты екенін айтты. Өткен жылға шегініс жасасақ, бұған дейін 2010 жылы Алматы облысындағы Қызылағаш ауылында су қоймасының бөгеті жарылса, 2011 жылы Батыс Қазақстан облысында су тасыған. 2012 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында, 2013 жылы Қарағандының «Көкпекті» су қоймасында бөгет бұзылған. 2014 жылы Ақмола облысында су тасып, 2015 және 2017 жылдары бірден бірнеше облысты, яғни солтүстікті, шығыс пен орталықты су алса, 2018 жылы дәл осы өңірлерде апатты жағдай қайталанған. 2020 жылы Өзбекстандағы «Сардоба» су қоймасындағы бөгеттің бұзылуынан Түркістан облысындағы Мақтарал ауданын су басты. Ал 2022 жылы Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстары су тасқынынан зардап шексе, келер жылы да осы өңірлерде тілсіз жау қайталанған. Табиғи апаттың алдын алуға «Қазгидромет» орталығы жыл сайын су тасқыны болады деп болжам жасаса да төтеншеліктер мен аймақ әкімдері ескертуге құлақ аспай, биыл да дайындықсыз екенін көрсеткендей.
Апат кезіндегі жалған ақпарлар
Су тасқыны кезінде өкінішке орай әлеуметтік желілер арқылы жалған хабарлар таратылып, күштік құрылым құтқару жұмысы қажет емес жерлерге бағытталып, қажетті уақытты босқа жоғалтқан. Соның салдарынан ресурстарда пайдасыз шығын болған. Ақпарат саласына мониторинг жүргізу барысында жалған болып шыққан 29 фактіні анықтап отыр. Соның ішінде Ақтөбедегі су қоймасы шлюздерін ашу туралы әлеуметтік желіде жалған ақпарат тарап, кейін облыс әкімдігі жоққа шығарса, Қостанай облысы Б.Майлин ауданындағы Аят өзені арқылы өтетін көпірдің бір бөлігінің құлауы, сондай-ақ өңірдегі мал қорымдарын су басқаны туралы хабарламаны әкімдік ресми түрде терістеген. Алаяқтар су тасқыны жағдайын өздерінің жеке мақсатына пайдаланып, теріс ниеттілер қазақстандық банктер мен мемлекеттік мекемелердің атауын пайдалануда. Мәселен, Қаржы министрлігі жаңа қаулы қабылдап, шығынның орнын толтырып жатыр екен деген жалған ақпарат ел ішіне тарап, адамдарды жаңылыстыру үшін алаяқтар әр жазбаның астына алғыс сөздері бар бот пікірлерін жазып отырған. Денсаулық сақтау министрлігі де су басқан аумақтарда жұқпалы аурулардың өршу қаупі және эпидемиологиялық қызмет тарапынан жағдайды бақылаудың жеткіліксіздігі туралы қисынсыз ақпарат тарағанын мәлімдеп отыр. Құқық қорғау органдары мұндай жалған хабарламалардың мақсаты – ел арасында үрей тудырып, халықтың қайғықасіретін пайдаланып, тез пайда табу екенін ескертіп, күмәнді фактілерді бірнеше рет тексеріп, әрі қарай таратпауға шақырады.
Қазір Батыс Қазақстан облысы су тасқынының екінші кезеңіне дайындалуда. Себебі, Ресейдің Орынбор облысынан 17-19 сәуірде үлкен көлемде су келеді деген болжам бар. Мамандар Жайық өзеніндегі су деңгейі 759 см құрап отыр десе, қазір арнасы қауіпті деңгейге жеткен. Осыған байланысты мұнда 80 шақырымға жуық бөгет тұрғызылып, өзен жағасы барынша нығайтылуда. Елдің әр аймағынан төтеншеліктер, еріктілер, әскерилер тартылып, күн-түн демей көмек қолын созып жатыр.
Сыр елінен көмек
Қазақ «Жіп біріксе – арқан, ел біріксе – қалқан» деген. Елдің тілегі бірлікте ғана түзеледі. Жақында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасымен су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмек көрсету ұйымдастырылды. Қала және аудан әкімдері ұйымдастырған «Күшіміз – бірлікте» акциясына облыстың жанашыр азаматтары мен волонтерлер өз үлесін қосты. Осылайша Сыр елінен Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Батыс және Солтүстік Қазақстан облыстарына 50 млн теңгенің 120 тонна қайырымдылық көмегі жіберілді. Сонымен қатар өткен сенбіде апатты аймаққа көмек беру жалғасын тауып, 106 арнайы техника теміржол арқылы жөнелтілді.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
17 сәуір 2024 ж. 141 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031