» » Ел азаматтары тасаттық берді

Ел азаматтары тасаттық берді


Қазір көктемнің ортасы, одан кейін аптап ыстығымен жаз келеді. Бұл мезгілдерде еліміздің көптеген жерінде көпшіліктің тәңірден жаңбыр тілейтін жағдайлары сөзсіз кездеседі. Себебі соңғы жылдары аймағымызда қуаңшылық қаупі жиі орын алуда. Жаңбыр тимеген қара жер қабыршақтанып, көк шыққан атаулы су болмаған соң күнге күйіп, қурап жатыр. Аузы көкке тимей аштықтан қырылған малдар әр жерде өлексе боп ит құсқа жем болуда. Ал малынан айырылған қара халықтың Құдайдан тілеп тасаттық беруден басқа амалы жоқ.
Ораза айт күнінде ауданның жылқышы азаматтары Бағдат Оспанов, Бостан Жалғасбаев, Айдос Ақылбеков, Жасұлан Райсов, Қолғанат Сартайұлы, Бақытбек Тасболатов, Данияр Жұмабекұлы, Жандос Жақашұлының ұйымдастыруымен және басқа да осы іске тікелей атсалысып қызмет істеген жігіттердің қосылуымен кентте тасаттық берілді. Тәңірден дұға тілеп, Қатым Құран оқылды.
Тасаттық берерден бір күн бұрын кентке іргелес жатқан «Қараөзек» каналының жағасында ірі қара мал сойылып, жөн-жоралғысы жасалды.
– Биыл мал-жанымыздың қыстан шығуы өте қиын болды. Кенттегі жылқышы азаматтардың жылқыларын қосқанда жүздің үстінде мал қырылды. Былтыр да осындай шығынға ұшырадық. Жайылымды су алдырып көк шығаратындай дарияның деңгейі түсіп кеткен. Айналаны су басты, дегенмен оңтүстік аймақта әлден су тапшылығы орын алуда. Осы жылы малымыздың амандығын тілеп, тасаттық беруді жөн көрдік. Бәрі Құдайдың қалауымен ғой, – дейді кент тұрғыны Бостан Жалғасбаев.
Жылқышы азаматтар көпшілікке ас беріп қана қоймай, кенттегі мұқтаж жеті отбасыға азық-түлік себетін таратты. Қайырымдылық істе жомарттық танытқан жігіттер, осылайша көпшілікке ауызбірлігін көрсетті.
Ертеректе бір ауылды қуаңшылық басып, көктен бір тамшы жауын жаумапты. Әбден қиналған ауыл халқы мал шалып, қанша тасаттық берсе де жауыннан хабар келмепті. Шарасы таусылған тұрғындар ауылдың шетіндегі үлкен ақсақалға барып, жөнін айтып, ақыл сұрапты. Сонда әлгі кісі «Жағдайларыңды түсініп тұрмын. Бірақ сендер ауыл ішіндегі үйсіз отырған бір жанға көмек бердіңдер ме? Сендер жауын тілесеңдер, ол үйінің шатыры жоқ жауынның жаумағанын тілеп отыр. Алдымен соған қайырымды іс қылыңдар, содан кейін Құдай тілектеріңді қабыл алады» деген екен. Осы ақылдан кейін жұрт жұмыла көмектесіп, үйсіз жанға баспана тұрғызып беріпті. Қайырымды істен кейін ел тілегі қабыл болып, көктен жауын жауған екен.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ
15 сәуір 2024 ж. 215 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 354

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 435

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930