Жылқышылар тасаттық берді

Елдің бүйірінен қысқан қуаңшылық жағдай бүгінде баршаға мәлім. Маңғыстау облысы мен Арал аймағындағы көрініс ел-жұртты алаңдатуда. Әсіресе шөлді аймақта тұратын аралдықтардың азабы аз болғандай енді дариясы тартылып, көлі де кеуіп ахуалы күрт төмендеуде.
Даланың мұндай күйге ұшырауына табиғаттың тосын жағдайы себеп. Биыл қыстың суығы қатты болғаны мен жауған қардың мөлшері аз болғаны белгілі. Оның үстіне көктемде жауын болмағандықтан, көк шықпай жатып күннің ыстығынан қурап қалды. Шөп орнына тұз шығып, сорға айналған далада мал азық таппай, әр жерде теңкиіп жатыр.

Құдайдың құдіретінде шек бар ма? Тәңірдің тілегі қабыл болғандай тасаттық берілетін күннің таңында күн күркіреп жауын жауды. Салқын жел соғып, күннің бетін қара бұлт көлеңкеледі. Қаз-қатар тігілген шатыр астында кент тұрғындарына үлкен ас берілді. Тасаттыққа келгендерде шек болмады. Жиналған жамағатқа уағыз айтылып, алдағы келе жатқан Құрбан айт мерекесі насихатталды. Ақсақалдар ұйымдастырушыларға ақ батасын беріп, артынан Құран оқылды. Жұмабек Қабылов 100 литр қымызынан дәм ұсынса, Дастан Даңылбаев 100 литр шұбатын халыққа таратты. Сонымен қатар ұйымдастырушы жігіттердің демеушілігімен жиналған қаражатқа жеті отбасыға азық-түлік таратылып, қайырымдылық жасалды.
Ерсін СӘДУҰЛЫ