ТАРИФ ТАЛҚЫСЫ: тұрғындар талабы ескеріле ме?
Әлемде 8 миллиард адам болса, оның 3 жарым миллиарды, яғни 45 пайызға жуығы ауызсуға зәру болып отыр. Бұл – жаһан жұрты үшін үлкен проблема. Ол түгілі елімізде су тапшылығы мәселесі жыл өткен сайын күрделеніп барады. БҰҰ мәліметі бойынша 2030 жылға қарай Қазақстан су тапшылығына тап болуы мүмкін. Мемлекет басшысы еліміз отыз жылдан кейін «суға өте мұқтаж» елдердің санатына кіруіміз мүмкін деп болжам айтуда. Тіпті бұл жағдай қазірден сезілуде. Мәселенің алдын алу бірінші кезекте суды үнемдеу болса, екінші тариф бағасының көтерілуіне әсер етері сөзсіз.
Жақында аудандық Жыраулар үйінде өткен жиында осыған қанықтық. Облыстық «Нұра топтық су құбыры» ШЖҚ РМК «Арал» СЖКБД филиалының директоры Нәжмадин Шамұратов, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары К.Кеншембаева суды магистральдық құбыр жолдары және таратушы желілер арқылы беру қызметтеріне бекітуге берілген тарифтерінің жобасын талқылау бойынша жария тыңдау өткізді. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Шыңғыс Сыдықов жүргізді.
Алдымен Нәжмадин Шәкизадаұлы филиалдың атқарған жұмыстары мен қазіргі жағдайы, аудандағы ауызсу беру мәселесінің ахуалы жайында хабарлама жасады.
– Елге уақытылы су беріп тұру үшін оның тарифі мекеменің атқарылып жатқан жұмысындағы шығын мен табыстың балансына сай болу керек. Қазіргі жағдайда тарифті 341,71 теңгемен бекітіп жұмыс істеп жатырмыз. Ауданға елді мекендер арқылы жерасты құбыр желісімен су беріліп жатыр. Алайда кей құбырлар темір болған соң тозуда. Соңғы екі-үш жылда желілерді жөндеуден өткізіп, оны ауыстыру секілді жұмыстарға қаржы бөлінбей келеді. Кенттің ішінде де қаншама құбырлар бар. Оларды жаңалағанның өзінде де кейін уақытында қарап, ақау шықса жөндеп отыру керек. Міне, осының барлығы қаржыға келіп тірелуде. Сондықтан есепке сәйкес тариф бағасы да көтерілуге тиіс. Халық мынаны түсіну керек. Мәселен, 1 кубта 1000 литр су бар болса, соған 341,71 теңге төлеп отырмыз. Оның әр литрі 34 тиыннан құралып отыр. Біз дүкеннен жай құтыдағы 1 литр суды 400 теңгеге де сатып алып ішеміз. Осы жерде айырмашылықты қарау керек. Енді жер астынан 550 метр тереңдіктен насоспен су тарту үшін қаншама электр энергиясы, жұмысшы маман, техникалар жұмыс істейді. Одан бөлек, мекеменің шығынын көтеруге, ішкі желілерін жөндеуге қаржы жеткізу мүмкін емес. Егер осылай кете беретін болса, онда облыс бойынша 24 сағат су беру былай тұрсын, мекеменің жағдайын құртып алуымыз мүмкін. Сондықтан тариф бағасына да мән беруіміз керек. Бұл әзірге ұсынысымыз, – деді филиал директоры.
Филиалдың жобалық орташа боса- ту тарифі 1 текше метрге ҚҚС-сыз суды магистральдық құбыр жолдары, тарату- шы желілер арқылы беру қызметіне – 2024 жылға 956,72 теңге, 2025 жылға 1112,92 теңге, 2028 жылға 1162,31 теңге, 2029 жылға 1243,30 теңге болса, ал суды тарату- шы желілер арқылы беру қызметіне – 2024 жылға 725,54 теңге, 2025 жылға 753,38 теңге, 2026 жылға 753,39 теңге, 2027 жылға 777,90 теңге, 2028 жылға 829,02 теңге, 2029 жылға 869,21 теңге ұсынылуда.
Департаментте қазіргі таңда қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес, филиалдың тарифтерін бекітуге ұсынған құжаттар қаралуда. Атап айтқанда, «шикізат және материалдар», «жанар-жағармай», «энергия», «жалақы», «әлеуметтік салық», «ағымдағы жөндеу» және тағы басқа баптар бойынша түзетпелер қарастырылуда.
Жиынға қатысқан аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов, қоғамдық кеңестің мүшелері Шегебай Құндақбаев, Есет Назарқұлов тариф мәселесі бойынша өз ойларын білдірсе, тұрғындар тарапынан сауалдар қойылып, тариф құны қалтаға қонымды болса деген ұсыныстарын жеткізді.
Жария тыңдаудың қорытындысында айтылған сын-ескертпелер мен ұсыныс-пікірлер ескеріле отырып, департаментпен соңғы шешім 15 мамырда қабылданатын болады.
Ерсін СӘДУҰЛЫ