Тариф жайы талқыланды
Қызылорда облысының «Нұра топтық су құбыры» ШЖҚ РМК «Арал» СЖКБД филиалының суды магистральдық құбыр жолдары және таратушы желілер арқылы беру қызметтеріне бекітуге берілген тарифтерінің жобасын талқылау бойынша жария тыңдау өткізілді.
Жария тыңдауға аудан әкімінің орынбасары Ш.Сыдықов, «Нұра топтық су құбыры» ШЖҚ РМК «Арал» СЖКБД филиалының директоры Н.Шамұратов, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары К.Кеншембаева және аудандық мәслихат төрағасы Ә.Қошалақов, ардагерлер кеңесінің мүшелері, депутаттар, жергілікті атқарушы, мемлекеттік органдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, тұтынушылар қатысты.
Жиында «Нұра топтық су құбыры» ШЖҚ РМК «Арал» СЖКБД филиалының директоры Н.Шамұратов филиалдың атқарған жұмыстары мен қазіргі жағдайы туралы хабарлама жасап, тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға заңға сәйкес жауап берді.
Сонымен қатар, жария тыңдауда Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 желтоқсандағы №90 бұйрығымен бекітілген тарифтерді белгілеу қағидасына сәйкес, Филиалдың суды магистральдық құбыр жолдары және таратушы желілер арқылы беру қызметтері бойынша тарифтерді, тарифтік сметаларды бекітуге берген өтінімдері 2023 жылғы 29 желтоқсанда келіп түсті, соған сәйкес Филиалдың өтінімі уәкілетті органмен 90 жұмыс күн ішінде қаралады.
Филиалдың жобалық орташа босату тарифі 1 текше метрге ҚҚС-сыз: суды магистралдық құбыр жолдары, таратушы желілер арқылы беру қызметіне: 2024 жылға – 956,72 теңге, 2025 жылға – 1112,92 теңге, 2028 жылға 1162,31 теңге, 2029 жылға – 1243,30 теңге, ал суды таратушы желілер арқылы беру қызметіне: 2024 жылға – 725,54 теңге, 2025 жылға – 753,38 теңге, 2026 жылға – 753,39 теңге, 2027 жылға -777,90 теңге, 2028 жылға – 829,02 теңге, 2029 жылға – 869,21 теңге ұсынылды.
Департамент қазіргі таңда қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес, филиалдың тарифтерін бекітуге ұсынған құжаттары қаралуда, атап айтқанда: «шикізат және материалдар», «жанар-жағар май», «энергия», «жалақы», «әлеуметтік салық», «ағымдағы жөндеу» және т.б баптары бойынша түзетпелер қарастырылуда.
Өткізіліп отырған жария тыңдаудың қорытындысы бойынша айтылған сын-ескертпелермен, ұсыныс-пікірлерді ескере отырып, Департаментпен соңғы шешім 2024 жылдың 15 мамырында қабылданады.