Қызылордалық ғалым жылыжайда банан мен лимон өсіреді
Қызылордалық Ақерке Кеңесбайқызы 23 жылдан бері жылыжай шаруашылығымен айналысады. Кейінгі үш жылда ол тропикалық жеміс ағаштарын егуді қолға алған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ақерке Кеңесбайқызы Қызылордадағы "Болашақ" университетінде аға оқытушы болып қызмет атқарады, ауыл шаруашылығы ғылымдарының магистрі.
Бағбан жылыжайда негізінен қияр, қызанақ, қырыққабат өсіреді. Сондай-ақ, олардың қатарында лимон мен банан да алыстан менмұндалап тұр.
"Сыр өңірінде жылыжай шаруашылығы кеңінен дамымай тұр. Оның бірнеше себебі бар. Ұзақ жыл бойы даладағы егіс алқабында еңбек еткен агроном жылыжайда жұмыс істеп кете алмайды. Өйткені, жылыжай — басқа әлем. Сондықтан бұл саланың қыр-сырын жақсы білетін тәжірибелі мамандар аз деп санаймын. Бұл іспен айналысқысы келген азаматтар мамандардың көмегіне жүгінгені дұрыс", — дейді ол.
Оның айтуынша, жылыжайдың жұмыс жасап тұрғанына бес-алты жылдың жүзі болған. Әрбір жеміс түріне айрықша қамқорлық қажет.
"Қияр мен қызанақтың 5-6 түрін өсіреміз. Сондай-ақ, құлпынайдың да қыр-сырын білеміз. Үш жыл бұрын лимон өсіруге қызығушылық пайда болды. Өзбекстаннан лимонның көшеттерін алып келдік. Алайда оны өсіруге мүмкіндік болған жоқ. Одан кейін Сарыағашта осы тірлікпен айналысып жүрген бағбанға барып, тәжірибе алмастық. Осыдан кейін маған „Неге Сарығашта өскен өсімдік Қызылордада өспейді“ деген ой келді. Сөйтіп, ол жақтан 40 түп көшет алып келдік. Оны „Болашақ“ университетінің жылыжайына отырғыздық. Қазір барлығы алып тұр. Оны күтіп-баптауды толық зерттедік. Бұған байланысты бізден ақыл-кеңес алып жүргендер бар", - дейді ол.
Сондай-ақ, аталған жылыжайда өсіп жатқан банан да көздің жауын алады.
"Менің ойымша, тиісті талабын сақтай алсаңыз, жылыжайда барлығын өсіруге болады. Ол үшін оған қажетті жағдайды жасауың тиіс. Мәселен, бананды 2-3 ай бұрын еккен едік. Ол да бойын тіктеп, жылыжайда өсетінін дәлелдей түсті. Енді үш айдан кейін гүлдей бастайды деген болжам бар. Банан алдымен гүлдеп, 8-9 айдан кейін толық піседі. Банан мен лимонды жеуге әбден болады. Базардағы өнімнен тәтті екенін байқаймыз", — деді Ақерке Кеңесбайқызы.