Сот отырысы хатшысы - жауапты қызмет
Фото
Сот отырысының хаттамасын жүргізетін, сондай-ақ сот отырысының аудио-, бейнетіркелуін қамтамасыз ететін, іске мүдделі емес мемлекеттік қызметші сот отырысының хатшысы болып табылады. Хатшы сот отырысы хаттамасының толықтығы мен дұрыстығы үшін жеке дара жауап береді. Сот отырысының хаттамасына анық емес не шындыққа сай келмейтін мәліметтерді енгізген жағдайда, хатшы заңда көзделген жауаптылықта болады.
Сот отырысының хатшысы өз жұмысында Қазақстан Республикасының Конституциясын, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық Заңын, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» және басқа да нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алады.
Судьяның уақытты тиімді пайдаланып, өнімді жұмыс жасауы сот хатшысының біліктілігіне, іскерлігіне, тындырымдылығына тікелей байланысты. Негізінде судья болуға сот жұмысын бес саусағындай білетін, сот істерін жүргізудің қыр-сырын жетік меңгерген мамандардың - сот отырысы хатшыларының мүмкіндіктері көбірек секілді. Мемлекеттік қызмет мәртебесін қолдап отыру үшін барлық мемлекеттік қызметкерлерге сияқты сот отырысының хатшыларына да қойылатын талаптар әрдайым жоғарылап отырады. Соттың іс жүргізуге қатысты ішкі тәртіптері ішінара өзгеріп отырады. Десек те, сот отырысының хатшылары өз міндеттеріне асқан жауапкершілікпен қарап, мойымастан атқарып келеді. Сот отырысының хатшысы сот жүйесіндегі маңызды буын екендігі сөзсіз.
Ж.Ахметова,
Байқоңыр қалалық сотының
бас маман-сот отырысының хатшысы