Жаңғырудың жарқын мерекесі
Қылышын сүйреткен қыс кетіп, көктем айы келді. Бұл шақта табиғатта жаңару кезеңі басталып, күн мен түн теңеледі. Жылда асыға күтетін Ұлыстың ұлы күні – жайма шуақ Наурыз биыл да табалдырығымыздан аттады. Қазақ халқы ықылым заманнан тойлайтын бұл мереке – ырыстың, береке мен молшылықтың, бірліктің, бейбітшілік пен көктемгі жаңғырудың мерекесі.
Самарқанның көк тасы еріп, тіршілік атаулыға жылулық әкелетін мейрамды биыл Қазақстан халқы ерекше тойлауда. Амал күнінен бері әр күніміз мерекелі өтуде. Қай жерге барсақ та, ұлттық киімді ұлықтап, әшекейді әдемі етіп тағынып жүргендерді көреміз. Күн жылынып, көңілдерге де шаттық орнауда. Наурызнамаға сай қолға алынған әрбір бастама көптің көңілінен шығуда. Тіпті үлкендер жағы «өткеніміз келіп, өшкеніміз жанды-ау» деп, ұлттық құн- дылықтың ортамызға оралғанына қуанышты. Бұрын бас-аяғы үш күн тойланатын әз Наурыз, биылдан бастап он күн аталып өтіледі. Бұл болашақ ұрпаққа ұлт кодын енгізу үшін игі іс дер едік. Әрбір күннен тәлімді тәрбие алған жас өрен бұл үрдісті әрі қарай жалғайтыны айдан анық.
Тарихқа үңілсек, Қазақ Наурыз мерекесін ұлыс тойын, үш күннен тоғыз күнге дейін жалғастырып тойлаған. Наурызды «құт мейрамы» немесе «көктем мерекесі» деп атаған. Бастапқы үш күнде «құт басы», ортаңғы үш күнді «құт ортасы», соңғы үш күнді «құт аяғы» деп білген. Осы үш үштен тоғыз күнде үйіне қонақ көп келсе, «ырысымыз тасыды, бағымыз жанды, адамдар арасындағы бет-беделіміз өсті, тілегіміз қабыл болды» деп қуанған. Одан біз қазақ халқының өте қонақжай, кең пиғылды, дана халық екенін түсінеміз. Ол ғана емес-ау, уақыт, өмір деген тағылымды дәстүрді өзінің әлеуметтік тіршілігімен қоса отбасындағы күнделікті тірлігіне айналдырып жіберген. Сонау Нұх пайғамбар заманынан басталған сан ғасыр санағынан өтіп, бізге жеткен Наурыз мерекесі қазақы салт-дәстүр, ырым-тыйым, наным-сенім, кәделік жол-жоралғыларымен өңделіп, бүгінгі ұрпағымызға мирас болардай, басқа ұлттарға даңқымызды көтеретін үлкен мереке, тіпті береке екеніне көзіміз жетті.
Биыл мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен қатар келуде. Дін ғалымдарының есебінше, мұндай сәйкестік 33 жылда бір болады екен. Ең бастысы, екеуі де – жақсылықтың жаршысы, тазалық пен берекені көздейтін кезең.
Ұлысқа мерей, туысқа мейірім сыйлайтын татулық мерекесін қармақшылықтар ел есінде қаларлықтай думанмен қарсы алуда. Жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы Әз Наурыз құт-берекесімен келсін!
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ