» » Оразаны қалай тиімді өткіземіз?

Оразаны қалай тиімді өткіземіз?

Қасиетті Рамазан айына қадам басып жатырмыз. Бұл тек тамаққа ауыз бекітетін ай ғана емес, Алла разы болмайтын істерден бас тартып, тәубеге келіп, сауапты істерді арттыратын ай. Сондай-ақ жасаған жақсы амалдарымыз еселеніп жазылатын ай.  

Қай істе болсын жоспармен жүрудің пайдасы көп. Сол себепті бұл айда бір айлық жоспар жасап алғаныңыз артық етпейді. Ал қалай тиімді өткізуге болатыны жөнінде төменде керекті кеңестерді ұсынамыз. Пайдаңызға жарасын.

Ең бірінші кезекте ниетімізді түзеп алғанымыз дұрыс. Осы айды өзге айлардан ерекше етіп өткізуге, өзіңізді рухани жағынан да, тұлғалық жағынан да өсіруге ниет етіңіз. Амалдар ниетке байланысты дейді. Ниет еткеннен кейін Алла тағала әрі қарай сол бағытпен әрекет етуге көмектеседі.

Артық ойлардан арылып, тәрбие жағынан түзеліп (жаман сөз айтуға, адамдармен ұрсысып, ренжісуге, балағаттауға, өсек айтуға болмайды), үйіңіздің ішін-сыртын тазалап, ұйқы режимін дұрыстап, ас мәзіріне өзгеріс енгізіңіз. Жалпы ораза кезінде майлы және қуырылған тағамнан, қанттан бас тартып, пайдалы әрі құнарлы тағамдарды жеген жөн.

Күн тәртібіңізді біртіндеп өзгерте бастаңыз. Бұл айда күн тәртібіңіз күрт өзгереді. Тамақты басқа уақытта ішіп, ерте оянасыз. Асқазаныңызды таңертең едәуір тамақ жеуге үйретіңіз. Ерте тұруды әдетке айналдырыңыз. Бұрын-соңды шаруаларыңызды жүйелей алмасаңыз, аз ғана уақыт бөліп реттілігіне қарай жоспарлаңыз.  

Арнайы дұғаларды жаттаңыз. Рамазан – дұға айы. Ауыз ашар сәтте айтылған дұғалар қайтарылмайды. Дәл сол сәтте, кітап іздеп кетпес үшін, Құран мен сүннетте келетін дұғаларды жаттай беріңіз. Ауыз ашарда айтылатын дұғаны да жаттауды ұмытпаңыз.

Ойыңызды бөліп, уақытыңызды алатын дүниелерді азайтқан абзал.  Ұйқыдан оянған бойда телефонды қолыңызға алып бірден хабарлама, жаңалық, әлеуметтік желілерді қарамаңыз. Оның орнына күніңізді садақамен бастағаныңыз дұрыс. Отыз күн бойы 100 теңгеден садақа беретін болсаңыз, айына 3000 теңгеге түседі. Бұл қалтаны қағып түсетін баға емес қой. Сол себепті аз-аздан үздіксіз әрекет еткеніңіз нәтижелі болмақ.

Көптен бері хал-жағдайын сұрамаған жақындарыңыздың тізімін жазып, күніне бір адамға қоңырау шалыңыз.  Сонымен қатар туған-туыстар мен мұқтаждарға жәрдемдесуді көбейтіп, араздасқандарды татуластыруға сеп болыңыз.

Ауыз бекітудің адамның тәні мен жанына, рухани өміріне пайдасы зор. Ең алдымен, ауыз бекіту арқылы Аллаға бойұсынуды үйренеді. Оразаның көмегімен бойындағы жағымсыз қасиет пен әдеттерден арылады. Сонымен қатар сабырлық пен төзімділікке тәрбиелейді, өз нәпсісімен күресуді үйретеді. Ардақты Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Ораза – сабырдың жартысы» деген.

Ораза адамның зейінін тазартып, жақсы ойларға жетелейді. Пенденің бойында мейірімділік, жанашырлық, бауырмалдық сезімдерін оятып, жетім-жесірге қол ұшын созуға тәрбиелейді. Рамазанда берілетін пітір садақа, ауызашар дастарқаны, қайырымдылық бағытта жасалған барлық амал мұсылмандардың бір-біріне деген мейірімі мен сүйіспеншілігін арттырады. Мұнан бөлек, бір ай бойы ораза тұтқан адамның ағзасы артық және зиянды нәрселерден тазарады.

Рамазан – шүкіршілік айы. Оразада бір жұтым су мен бір үзім нанның қадірін екі есе түсінеміз.

Ақнұр САҒЫНТАЙ
13 наурыз 2024 ж. 162 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 370

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 449

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930