Ораза қазасы немесе қарызы: оны қалай өтейді
Ораза қазасын ораза айттың екінші күнінен бастап өтеуге рұқсат етіледі. Белгілі себептермен оразасын бұзған мұсылмандарға қаза болған ораза күндерін өтеу міндеттелген. Оның шарттары қандай?
Қаза оразасын қай кестеге қарап өтеуге болады?
Рамазан айынан кейін оразаның қазасын өтейтін кісі күнделікті намаз кестесін негізге алады. Дәлірек айтқанда, таң намазы кірген уақыт ауыз бекіту уақыты болады. Сол уақытқа дейін сәреңізді ішіп-жеуге рұқсат. Ал күн толығымен батып, ақшам намазы уақытының кіруі ауыз ашар уақытын білдіреді.
Қаза оразаға ниет қалай жасалады?
Қаза оразасының ниеті алдыңғы күннің ақшам уақытынан бастап, ең кеш сәресі уақыты біткенге дейінгі аралықта жасалуы шарт. Арнайы ниет-дұғасы жоқ. Мәселен былай ниет етуге болады: «Ниет еттім Алла ризалығы үшін осы жылғы Рамазан оразасынан қалған пәлен күндік (мысалы, алты күндік) қаза оразамның бірінші күнін өтемекке (немесе екінші, үшінші…), ХалисалиЛләһи Тағалә». Ауыз ашарда қазақшалап тілек-дұғасын жасауына болады.
Қарыз оразаны өтеу кезінде сәресіге тұра алмай қалса, ештеңе ішпестен ауызын бекіте беруге бола ма?
Егер түнде «ертең қаза ораза ұстаймын» деп ниет етіп жатқан болсаңыз, сәресіге тұра алмай қалған жағдайда еш нәр татпастан ауыз бекітіп қазаны ұстап кете бересіз. Ал жатарда ондай ниет болмаған болса, бұл күн қаза оразаға саналмайда, өйткені қаза оразаның ниеті ең кеш сәресі уақытында жасалуы керек.
Жатарда оразаға ниеті етпесе, сәресіге ұйықтап қалған жағдайда еш нәр татпастан нәпіл оразаға ниет етсе рұқсат па?
Нәпіл оразаға рұқсат.
Қарыз оразаны қай уақытқа дейін ұстап біту қажет?
Ханафи мәзһабында Рамазан оразасының қазасын өтеу уақыты шектелмеген. Яғни келесі Рамазан айына дейін немесе үлгермесеңіз одан кейінгі уақыттарда өтей аласыз. Дегенмен, уақытты созбай тезірек өтеп алуға тырысқан дұрыс.