Білімді жас
«Қыз өссе – елдің көркі,
Гүл өссе – жердің көркі» дейді дана халқымыз.
Қазақ – қыз баласын құрметтеп, «қызға қырық үйден тыйым» деп тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қарайтын, қыз баласын аялы алақанына салып, мәпелеп, көзінің ағы мен қарасындай бағалайтын елміз. Ертеде ата-бабаларымыз қыз бала қонақ деп, төрге шығарып құрметтеген.
«Шешесіне қарап қызын ал, аяғына қарап асын іш» деген мақалды да үлгі тұтқан. Қыз баланың тәрбиесінде анасының орны өте маңызды. Жазушы Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметованың «Қыз баланың мына өмірдегі міндет-парызының жүгі ауыр әрі ардақты. Ол – адамзат ұрпағын өмірге әкелетін болашақ ана, адал жар, ата-ене сыйлап, иілетін қамқор келін. Ол осыны қаласын-қаламасын, бұл – өмір заңы» деген сөзі бар.
Осындай міндеттерді абыроймен атқару үшін аруларымыздың тәрбиелі, ибалы болғаны жөн. Осындай әдепті де ибалы қазақ қыздарының бірі – байқоңырлық Азима Ідірісова. Ол Байқоңыр қаласындағы №277 мектеп-лицейден 9-сыныпты бітіріп, 2019- 2022 жылы Астана Халықаралық университетінің Педагогика колледжінен ағылшын тілінің мұғалімі мамандығын меңгерген. Көпбалалы отбасының үлкені Азима іні-сіңлілеріне қамқор, ортасында абыройлы жас. «Жас келсе – іске!» демекші, ол қазіргі таңда «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында «Академик С.Жиенқұлов атындағы Байқоңыр жоғары колледжінде» жас маман болып жұмыс істейді.
– Қазіргі таңда кез келген отбасының атаанасы таңертеңнен кешке дейін жұмыста. Ал үйде балалар көбінесе қараусыз қалып жатады. Осы жайт мені алаңдатады, сондықтан менің алдағы мақсатым – балаларға мектептен кейінгі оқу орталығын ашсам деген ойым бар, – дейді ол.
Азима – өзіндік озық ой-пікірі бар, заман ағымына қарай бейімделген, ақылды қыз. Жұмыстан қолы қалт еткенде бастауыш сынып оқушыларының ағылшын тілі пәніне деген құштарлығын оятып, қосымша сабақ береді. Сонымен қатар бос уақытында кітап оқығанды жақсы көреді. Өз ісіне тиянақты, берілген тапсырманы тыңғылықты орындайтын Азимадай жастарымыздың болашағының жарқын боларына сеніміміз мол.
Қымбат БЕРДЕШ