Құқықтық сана – қауымға пана
Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейі интернатында аталған тақырыпта құқықбұзушылықтың алдын алуға байланысты кездесу өтті. Оған аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі ювеналды полиция тобының учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Ғ.Мухамедьяров, №250 мектеп-лицей директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары С.Бертілеуов, мектеп дефектологы Ж.Утегенова және интернат тәрбиеленушілері қатысты.
Кездесуді интернат тәрбиешісі Э.Қойшыбаева жүргізіп, балалар мен жасөспірімдердің арасында құқықбұзушылықтың алдын алу мен өмір, жол қауіпсіздігін сақтау бағытында арнайы дайындалған слайд көрсетіп, оқушыларға түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Іс-шараны ұйымдастырудың мақсаты – құқықтық тәрбиенің өмірлік қажеттілігін оқушыларға түсіндіру. Құқықтық тәрбиенің, жігердің қоғамда маңызы зор екенін түсіндіріп, құқықтық сауатқа тәрбиелеу, өз ойларын еркін айтуға үйрету. Оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттырып, құқықбұзушылық және қылмыс белгілерімен, түрлерімен, жасөспірімдердің құқықтары мен міндеттерімен таныстыру. Қоғамның заңдары мен нормаларын орындауға, құқықтарын біліп, оны құрметтеуге тәрбиелеу.
Кездесу барысында аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі ЮПТ-ның полиция капитаны Ғ.Мухамедьяров жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алудағы атқарылған жұмыстар туралы баяндап, заңдық кеңестер берді. Интернат тәрбиеленушілері сұрақтарын қойып, нақты жауаптарын алды.
Сонымен қатар кездесу соңында оқушылар мен қатысушылар жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу жайлы постер әдісі бойынша плакаттарға өздерінің ой-пікірлерімен бөлісті. Кездесу соңында №250 мектеп-лицей директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары С.Бертілеуов қорытындылап, оқушыларды жақсылыққа үндеді.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА