» » БІЛІМ ЖЕТЕЛЕГЕН САПАР

БІЛІМ ЖЕТЕЛЕГЕН САПАР

Шәкірт санасына білім мен тәрбиенің дәнін себу үшін педагогтердің кәсіби құзыреттілігін ұдайы арттырып, мұғалім тұлғасының шығармашылық әлеуетін дамыту басты мақсат.
Қармақшы ауданына қарасты Алдашбай ахун ауылындағы No111 мектептің мұғалімі Шұғыла Шайманалиева «Алтын тұғыр» олимпиадасына қатысып, жеңіс төрінен көрінді. Қармақшы аудандық, Қызылорда облыстық кезеңнен оза шапқан жерлесіміз республикалық сында да ең жоғары ұпайды иеленген. Мерейімізді асырған жеңімпаз ұстазбен тілдесуге асықтық.
– Мен осы ауылдың тумасымын. Мектеп кезінен математика пәніне деген қызығушылығым ерекше еді. Осыны аңғарған ұстазым Айткүл Ақманова мені олимпиадаларға қатыстырып, білімімді шыңдаушы еді. Әкем Қанибек Шайманалиев те осы мектепте мұғалім болған. Ол менің «математика» пәнінің мұғалімі болуымды қалап, оқуға түсірген болатын. Алайда отбасы жағдайыма байланысты оқуымды бастауыш сынып мұғалімі болып бітіріп шықтым. Бұл салада жүргеніме өкінбеймін. Алдымыздан қанша шәкірт түлеп ұшты. Олардың әрбір жеңісі – біздің еңбектің жемісі, – дейді бастауыш сынып мұғалімі.
Ал бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған «Алтын тұғыр» республикалық олимпиадасы 2018 жылдан бері өткізіліп келеді. Басты мақсаты – бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби қызметінде жоғары нәтижелерге жетуге ұмтылысын жетілдіру, мұғалімдердің шығармашылық әлеуеті мен педагогикалық шеберлігін дамыту, мұғалім мамандығының мәртебесін арттыру. Былтырдан бері республикалық көлемде өтетін байқау – ауыл мұғалімдері үшін үлкен мүмкіндік. Оған қатысу арқылы әрбір мұғалім өз білімін саралай алады.
– «Зерделі» ақыл-ой дамыту орталығының ұйымдастыруымен өткен олимпиадаға өткен жылы қатысқым келген. Алайда ыңғайы биыл келіп, арнайы курстар мен кітаптарын алып, біршама уақыт дайындық жұмыстарын жүргіздім. Еңбек еш кетпеді. Аудандық кезеңнен өту ерекше сезім сыйлады. Одан соң облыстық деңгейде бақ сынап, 8 мұғалім республикаға жолдама алдық. 22-23 ақпан күндері Астана қаласындағы республикалық додаға қатысып, жүлде бұйырды. Алғашында сенбей абдырап қалғаным рас. Облыстық кезеңнен өткен сәтте қалайда жоғары ұпай жинауым керек деген мақсат қойған едім. Жоғары ұпаймен қоса, І орын, оған сый ретінде Дубайға жолдама дегенді естігенде ерекше күйде болдым. Оны сөзбен сипаттау мүмкін емес, – дейді жеңімпаз ұстаз.
Иә, білікті мұғалімдер бәсекесінде озық шыққан ұстазымыз бұл жеңісімнің сыртында маған сабақ берген ұстаздарымның үлесі мол дейді. Тіпті республикалық сынға жолға шыққанда қазір Қызылорда қаласында тұратын Айткүл ұстазына арнайы барып, ақ батасын алыпты. Бұл «Бір әріп үйреткенге қырық жыл сәлем бер» деген қазақ ұстанымын ұлықтайтын қасиетіміз. Осы ақ бата мен таза ниет, жылдар бойы жиналған тәжірибе, білім мен білік 160 мұғалімнің арасында І орынды иеленуге сеп болды.
− Олимпиада тапсырмалары бастауыш сынып бағдарламаларын негізге ала отырып құрастырылған авторлық, басым бөлігі логикалық есептерден тұрды. Республиканың түкпір-түкпірінен келген мұғалімдермен бәсекеге түсіп ең жоғары балды жинау – үлкен мерей әрі зор жауапкершілік. Маған сенім білдірген жандарға алғысым зор. Аталған конкурс – шынымен де мамандар тәжірибесін шыңдап, ынталандыратын айрықша жоба. Мұғалімдердің кәсіби дағдыларын жетілдіру, бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында өткен сайыстан мол тәжірибе жинадым. Расында да еліміздің әрбір аймағынан келген әріптестерімізбен бәсекеге түсіп қана қоймай, тәжірибе алмасып, таныстығымызды арттырдық. Алдағы уақытта байланысып тұру үшін нөмірімізді алмастық. Байқаудан бөлек, бойымызға білім де жинадық. Осы ретте ауыл мұғаліміне айрықша мүмкіндік сыйлаған «Зерделі» ақыл-ой дамыту орталығына да алғысым шексіз. Заманауи мұғалім әрқашан ізденіс үстінде жүріп, өзін жетілдіріп отыруы керек. Мен осы жолда ізденуден талмаймын. Себебі басты мақсатым – алдымда отырған шәкірттерімнің саналы азамат болып қалыптасуы, − дейді Шұғыла Қанибекқызы.
Айта кету керек, Астана қаласындағы семинар-байқау «Дарын» РҒПО мен «Зерделі» ақыл-ой дамыту орталығының ұйымдастыруымен өтті. Дубайға жолдама жеңіп алған жерлесіміз «Бұл менің шетелге шығудағы алғашқы сапарым болмақ. Барамын деп ниеттеніп отырмын» дейді ерекше сезіммен. Ал біз үлгілі ұстаздың ауылдан Дубайға сапары сәтті болғай дейміз.
Біз кейде көп нәрсеге қол жеткізе алмай қаламыз-ау деп күйінеміз. Қолымыздың қысқалығын, қаржымыздың кемдігін, тағы басқа мың себеппен өзімізге ол бақыт бұйырмайтындай сөйлейміз. Алайда сіз ауылда тұрсаңыз да, қалада тұрсаңыз да сізге бұйырған мүмкіндік алдыңыздан шығары анық. Оған дәлел де жоқ емес. Соның бірі – жерлесіміз жеткен жеңіс.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
02 наурыз 2024 ж. 204 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 020

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031