Шаттыққа бөлеген ШӘКӘРІМ ОҚУЛАРЫ
Сәрсенбі күні аудандық К.Рүстембеков атындағы Жыраулар үйінде Шәкәрім шығармаларының шуағына шомылғандар сынға түсті десе болғандай. Бұрындары Абай-Шәкәрім оқулары болса, былтырдан бері республика көлемінде Шәкәрім оқулары жеке аталып өтуде. Бұл байқаудың «шаңырақ көтеріп» жеке шыққанынан руханият арнасының кеңи түскеніне баладық. Себебі көздері жанып кемеңгердің өлеңдерін оқыған жас жүректің риясыз үні көңілді баурайды.
Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен өткізілген ІІ республикалық Шәкәрім оқуларының аудандық іріктеу кезеңіне 28 оқушы қатысты. Бұл байқаудың басты мақсаты – Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармашылығын балалар мен жасөспірімдер арасына насихаттау, ақын өлеңдеріндегі эстетикалық талғам мен тұлғалық қасиеттерді, адами құндылықтарды ұлықтау, ұлттың рухани мұрасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу.
Ұлы ойшыл ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 166 жыл толуына орай ұйымдастырылған байқау 5-8 сынып оқушылары арасында өтті. Мұнда оқушылар ғұлама ақынның өлеңдерін жаттап, мәнерлеп айта салмайды, өмірі мен шығармашылығына қатысты сұрақтарға жауап беруі тиіс болды. Қатысушылар талапқа сай республикалық байқауға іріктелген өлеңдер ішінен 10 өлеңді жатқа айтты. Бірнеше сағатқа созылған байқауда бақ сынағандар арасындағы үздіктерді әділ-қазылар анықтады.
– Аудандық орталықтандырылған кітапхана Шәкәрім мұраларын жалпы адамзатқа ортақ қазына деп бағалай отырып, ұлт тұтастығын нығайту міндеттерін жүзеге асыруға зор үлес қосады деп есептейді. Ал байқаудың басты мақсаты – оқырмандарымызды дана бабамыздың мұраларын танып, зерттеуге ынталандыру болды. Байқаудың кең көлемде, ауқымды өтуіне ауданға қарасты кітапханалар ықпал етті. Шәкәрім шығармасын насихаттап жүрген барша әріптестерім мен ұстаздарға, жүрегіне жыр сәулесі ұялаған әрбір оқырманға алғысым шексіз, – дейді аудандық орталықтандырылған кітапхананың директоры Күлшара Қаниева.
Байқау нәтижесінде Төретам кентінен Жанерке Жақсылық бас жүлдені жеңіп алды. Ал балалар кітапханасының оқырманы Нұрдилназ Шамша І орын, төретамдық Ернар Сарқытбаев пен Алдашбай ахун ауылынан Мәди Елдес ІІ орын иеленсе, аудандық кітапханадан Санжар Дастанбек, Қармақшы ауылынан Қуаныш Аманов, иіркөлдік Анел Алтаева ІІІ орынды қанжығасына байлады. Қатысушылардың барлығы кітапхана директоры К.Қаниеваның алғыс хатымен марапатталды. Жеңімпаздарға сыйлық табысталып, бас жүлде иеленген оқушы байқаудың облыстық кезеңіне жолдама алды.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА